2014 жылғы наурыздың 20-сы күні әскери-теңіз күштерінің Нахимов атындағы Севастополь академиясының ту тұғырына Ресейдің үш түсті жалауы ілінді. Оқу орнын басқару Ресей тағайындаған әкімшілік қарауына өтті. Бірақ антынан айнымаған офицерлер мен курсанттар және сертінен таймаған лицеистер Украинаның мемлекеттік туы мен әскери-теңіз туын бірнеше күн бойы Нахимов академиясы территориясында орналасқан әскери-теңіз лицейі алаңында іліп жүрді.
ЖАУЫНГЕРЛІК ТУ БАРДА ӘСКЕРИ БӨЛІМ ДЕ БАР
Севастополь лицейіне осы оқу орны салтанатпен ашылған күні - 2009 жылғы қыркүйектің 1-інде табысталған жауынгерлік ту қазір оқу орны бастығы Виктор Шмыгановскийдің кабинетінде тұр. Қырым аннексиясы кезінде 1-дәрежелі капитан Оңтүстік әскери-теңіз базасында (Донузлав көліндегі Новоозерное кенті. - Азаттық) бөлім бастығының орынбасары болып, қызмет атқарған.
Виктор Шмыгановскийдің айтуынша, жауынгерлік туы бар кезде әскери бөлім тіршілігін тоқтатпайды деп саналады. Сондықтан оқу орны туын оккупацияланған Қырымнан құрлыққа лицейдің сол кездегі бастығы Игорь Колежнюктің әйелі Лариса жасырын алып шыққан. Өзі де әскери қызметші әйел туды денесіне орап, киімінің астына тығып алған. Ресей шекарашылары тұрып үлгерген кордондардан өту қауіпті болған...
АНТТЫ БҰЗБАҒАН, СЕРТТЕН ТАЙМАҒАН
Севастополь әскери-теңіз лицейінің 13 әскери қызметшісі антын бұзбаған. 1-дәрежелі капитан Игорь Колежнюк Одессадағы әскери-теңіз күштері командованиесі штабында қызмет етеді. Ал 2-дәрежелі капитан Сергей Плехун Қырымнан кеткеннен кейін Одессадағы әскери-теңіз күштері лицейі бастығының оқу істері жөніндегі орынбасары қызметін жалғастырған. Ол сол кездегі оқиғаларды былай деп еске алады:
«Севастопольдегі украиналық әскери бөлімдерді қоршауға ала бастағанда әскери-теңіз лицейі бастығы Колежнюк «кәмелетке толмаған оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауды, арандату әрекеттері мен дүрбелеңге жол бермеу ең негізгі міндетіміз» деді. Лицеистерді демалысқа жібердік. Ал өзіміз әскери бөлім мәртебесі бар лицейде қалдық. Кей кездері тіпті баррикада жасап - сыртқы есікті жиһазбен тіреп тастап, шатыр арқылы шығып жүрдік. Наурыздың 22-сі күні ата-аналардың бастамасымен (олардың арасында ресейшіл қырымдықтар да көп болды) лицейде жалпы ата-аналар жиналысы болды. Біздің лицей Нахимов атындағы академия территориясында орналасқан, ал оның үстінде Ресей туын іліп қойған болатын, сондықтан жиналысқа Ресей Қара теңіз флоты өкілдері келді» деп еске алады Сергей Плехун.
Оның сөзінше, Севастопольден лицейдің 20-дан көп оқушысы кеткен. Қырымда қалғысы келмегендерді оқу жылы аяғына дейін тұрғылықты жері бойынша Киев, Волынь, Запорожье, Львов сияқты облыстардағы әскери лицейлерге ауыстырған.
«Елдің құрлық бөлігіне біреулеріміз автобус колоннасымен, енді біреулеріміз өз көлігімізбен кірдік. Одессада бізді еріктілер күтіп алды. Алғашқы кезде Француз бульварындағы шипажайға орналастық. Ол жерде тегін тұрдық әрі тегін тамақтандырды. Кейін жалға алатын пәтер тауып, отбасымызды көшірдік» дейді Сергей Плехун.
Житомир тумасы, әскери қызметкердің әйелі Анна Закликовская – бұрынғы Севастополь, ал қазір Одесса әскери-теңіз лицейінің Қырымнан кеткен төрт оқытушысының бірі. Сегіз оқытушы Қырымда қалған.
«Бұрынғы әріптестеріміздің кейбірі Украинаны ұмытқан жоқ. Бірақ олар кей жағдайларға байланысты көше алмады. Ал әуелі патриотттық танытып, оккупанттар кезген кезде күрт өзгеріп шыға келгендер де болды. Ол кезде енді не болатыны түсініксіз болғанына қарамастан, өз басым еліммен, Украинамен қаламын, жауға сатылмаймын, окупантқа жалданып жұмыс істемеймін деген шешімге келдім. 2014 жылғы наурыздың 31-і – Севастополь лицейіндегі соңғы күн болғаны есімде» дейді Анна.
Анна Закликовская «Іле-шала жұмысым көшіп келді. Бірақ Одессада алғашқы айлар жұмыссыз отырып, жұмыспен қамту орталығына баруға тура келді» деп еске алады.
«Одессада қайырымды жандар табуға көмектескен пәтерде әлі күнге дейін тұрып жатырмыз. Қырымнан көшіп келгендерге мемлекет қарайласар деп уәде еткен. Күтіп жүрміз... Севастопольдегі лицейден өзім сабақ берген биология және химия пәндерінен құрал-жабдықтар мен техникалық аспаптарды алып кете алмағанымыз өкінішті. Ол жақта материалдық-техникалық база тамаша болатын. Бірақ бізге сабаққа арналған әдістемелік құралдар мен материалдардан өзге ештеңе алып шығуға рұқсат етпеді. Одессада бәрін, оның ішінде 10-11-сынып оқушыларына арналған оқулықтарды да қайта жинауға тура келді»
Әскери-теңіз күштеріне қарасты Одесса теңіз академиясы институтының үшінші курс студенттері Станислав Воропай, Алексей Мациевский және Владимир Ломов аннексия кезінде Севастополь әскери-теңіз лицейінде оқып жүрген. Ол кезде олар 17 жаста болған.
«Ол кезде көпке бармай бәрі бітетін шығар деп ойладық. Ресейдің пиғылына сенбедік» деп еске алады үш жыл бұрынғы оқиғаны Алексей Мациевский. Жасөспірімдер Қырымда қаламыз деп ойламаған. «Біз лицеист антын бергенбіз. Берген сөзіңе адал болуың керек» дейді Станислав Воропай. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін теңіз жаяу әскерінде қызмет етуді армандаған 20 жастағы киевтік Владимир Ломов «Қырымнан кетуіміз арнайы операция сияқты болды» деп әзілдейді. Оларды алып кетуге келген ата-аналары Қырымға кіре алмай, көлік нөмірлерін Киев немесе Херсон нөмірлеріне ауыстыруына тура келген.
Үшеуі оқитын әскери-теңіз институты үш жыл бұрын сауда флоты үшін теңізшілер ғана даярлаған Одесса теңіз академиясы факультетінен «өсіп шыққан» . Әскери-теңіз күштері институтын 1-дәрежелі капитан Петр Гончаренко басқарады. Ол әскери кемелер мен түрлі флот бөлімшелерінде қызмет еткен, 2014 жылы Нахимов атындағы Севастополь әскери-теңіз күштері академиясы бастығы болған. Әскери антынан айнымай Қырымнан Одессаға кеткен.
ОДЕССАДА ЛИЦЕИСТЕР САНЫ КӨБЕЙГЕН
Қыркүйектің 1-інен қалмай сабақ бастау үшін 2014 жылғы жаздың басында Одессадағы әскери-теңіз лицейін жабдықтай бастаған. Фонтан ауданында 6- станцияда болған бұрынғы әскери қаладағы қараусыз тұрған ғимараттың екі қабатын жөндеп, жаңа оқушылар қабылдаған. Әлі күнге дейін еріктілер мен меценаттар көп көмектеседі. Мысалы, жуырда лицейге көлік сыйлап, лингафон кабинетін ашқан. Қазір Одесса әскери-теңіз лицейінде 150-ге жуық бала оқиды (Севастопольдегі лицейден екі еседей көп). 15-16 жастағы жасөспірімдердің көбі - Донбастағы әскери қақтығысқа қатысқандардың, көп балалы отбасылардың, қоныс аударғандардың балалары және жетім балалар. Лицей бастығы Виктор Шмыгановскийдің сөзінше, қырымдық үш бала оқиды.
«Біздегі балалардың 70 пайызға жуығы - әлеуметтік тұрмысы нашар балалар. Тағдырлары қиын, бастарынан көп нәрсені өткерген... Мысалы, бірнеше бала антитеррорлық операция аймағындағы Марьинкадағы балалар үйінен келді. Олармен психолог, офицер, ұстаз ретінде жұмыс істеп жатырмыз. Білім беріп әрі отан сақшысын - офицер погонын таққаннан кейін антына берік адам болуға тәрбиелейміз. Орта білім туралы аттестат алғаннан кейін лицеистердің көбі оқуын әскери жоғары оқу орындарында жалғастырады деп үміттенеміз» дейді Виктор Шмыгановский.