Accessibility links

Украинада Ресей солдаттары опат болып жатыр


Украинаның шығысында ұсталған Ресей жауынгерлері баспасөз мәслихатында тұр. Киев, 27 тамыз 2014 жыл.
Украинаның шығысында ұсталған Ресей жауынгерлері баспасөз мәслихатында тұр. Киев, 27 тамыз 2014 жыл.

Украина телеарналары қолға түскен ресейлік десанттарды көрсетті. Ал Ресейде Украинаның шығысында қаза тапқан сарбаздар жасырын жерленіп жатыр. Кейбір аналар ұлдарының қайда екенін білмейді.

Украинадағы соғыс біраз ресейліктің қасіретіне айналатын түрі бар.

Биыл көктемде Украинаның Қырым аймағын аннексиялау кезінде Ресей түбекке ешқандай айырым белгілері жоқ солдаттарын кіргізген еді.

Бірақ Ресей басшылығы бір ай бойы әскер жібергенін мойындамай отырды. Алайда президент Путин бір сөзінде мұздай қаруланған мыңдаған сарбаздың шын мәнісінде Ресей жауынгерлері екенін айтып қалды.

Батыс елдері мойындамаған, жеделдетіп өткізілген референдумда Қырым халқының көбі Ресейге қосылуды жақтады. Сөйтіп, Қырым ешқандай соғыссыз Ресейдің қоластына өтіп кетті.

Қазір жағдай басқаша - Украинаның шығысында Ресей жауынгерлері көп қаза тауып жатқаны белгілі болды. Украина телеарнасы қолға түскен ресейлік десанттарды көрсетті. Бұған қоса, ресейлік сарбаздардың жасырын жерленіп жатқаны да айтыла бастады. Осындайда ресейліктер көңілінде «Біз өзі соғысып жатырмыз ба?» деген заңды сұрақ туындайды.

Ресейдің «Ведомости» басылымына жақында шыққан мақаладан бұл сұраққа жауап тапқандай болдық.

«ҰЛЫМНЫҢ ҰСТАЛҒАНЫН ИНТЕРНЕТТЕН БІЛДІМ»

Украинамен шекарадан 1 мың 300 километр қашық жатқан Кострома қаласында ресейлік 10 жауынгердің туыстары сарбаздардың Украинада қолға түскенін айтты. Ресми орындардан ешқандай хабар ала алмаған олар барлық ақпаратты интернеттен білген.

Бір сарбаздың анасы Ольга Почтоева ресми орындарға барып, ұлының Украина түрмесіне түскенін дәлелдейтін «ВКонтакте» желісіндегі суреттерін көрсеткенде билік өкілдері «сіз арандатып тұрсыз» деп оның өзін айыптаған.

- Суреттерді көрсетіп едік, олар бізге сенбей, «бұл – фотошоп» деді. Кешіріңіз, бірақ менің ұлым ешқашан фотошоппен жұмыс істеп көрген емес, - деді Почтоева.

Украинада ұсталған Ресей сарбаздарының туыстары:

Families Of Detained Russian Soldiers Plead For Information
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

Дегенмен Украинаның ресми органдары телеарнадан көрсеткен ресейлік партизандардан басқа Ресей әскерінің соғысқа қатысып жатқанын дәлелдейтін ақпарат жоқтың қасы.

Ресейдің Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы мүшелері осы елдің тергеу комитетінен келісім-шарт бойынша ұрысқа қатысып жатқан 9 сарбаз қаза тапты деген ақпаратты растауды өтінді.

Ал Ставрополь өлкелік «Солдат аналары комитеті» Украина соғысында қаза тапты не жараланды деген ресейлік сарбаздардың тізімін жасады. Бұл тізімде 400-ге тарта адам бар.

ЖАСЫРЫН ЖЕРЛЕУ

Ресейдің солтүстігіндегі Псков қаласында «соғыста опат болған солдаттарды жасырын түрде жерлеп жатыр» деген ақпарат тарады.

Псков облысындағы топырағы кеппеген жаңа бейіт. 27 тамыз 2014 жыл.
Псков облысындағы топырағы кеппеген жаңа бейіт. 27 тамыз 2014 жыл.

Осы қаладағы полктен десант ретінде соғысқа аттанған Леонид Кичаткин мен Александр Осиповты туыстары тамыздың 25-сі күні ақтық сапарға шығарып салды.

Осыдан бірер күн бұрын украиналық журналистер Украинаның шығысындағы ұрыс шебінен осы отряд сарбаздарының құжаттары мен қару-жарақтарын тауып алған еді.

Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары жерлеу рәсімі туралы ешқандай хабар таратқан жоқ, ал репортаж жасауға барған тәуелсіз БАҚ өкілдерін біреулер ішке кіргізбей қойған. «Русская Планета» ақпараттық сайтының журналисі Илья Васюнин:

- Олар бізді қорқытты десе де болады. Бейіт басына барып, індете ақпарат жинамайтынымызға көз жеткізгілері келді, - дейді.

Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, жауынгерлердің бейіттеріне қойылған аты-жөндері жазылған құлпытастарды қайтадан алып тастаған.

Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары бұл оқиға туралы ләм-мим деп ауыз ашпады. Ал Кичаткиннің «ВКонтакте» парақшасындағы жазба өшіп қалған. Кичаткиннің опат болғаны туралы бұл жазбаны оның парақшасына жесірі жазды деген болжам бар. Содан бері солдаттардың отбасы мүшелері БАҚ өкілдерімен сөйлесуге құлықсыз.

УКРАИНАДА РЕСЕЙДІҢ ҚАНША САРБАЗЫ ЖҮР?

Украинада қаза тапқан солдаттар Ресейдің басқа өңірлерінде де жерленіп жатыр деген ақпарат бар.

Тамыздың 25-сі күні Псков қаласындағы әскери бөлімшеден аттанған және бір десант Антон Короленко Воронеж қаласында жерленген.

Жергілікті журналистің Азаттықтың Орыс қызметіне берген ақпаратына қарағанда, жерленген солдаттың туысы оның өлімі туралы ақпараттың «құпия» екенін, бірақ оның «текке өлмегенін» айтқан.

Башқұртстандық және бір солдат Марсель Араттановтың анасы тәуелсіз «Дождь ТВ» телеарнасына берген сұхбатында Ресейдің Украинамен шекарадағы Ростов қаласында жатқан ұлының денесін тамыздың 22-сі күні жер қойнына тапсырғанын айтқан.

- Қаза болғанда ол біздің елдің аумағында болмаған. Олардың Украинаға барғанын естідік, - деді Венера Араттанова.

ИТАР-ТАСС агенттігінің жерленіп жатқан солдаттар туралы сұрағына Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «ақпаратты тиісті мекемелердің тексеріп жатқанын» айтты.

Тамыздың 28-і күні НАТО басшылығы «сепаратистер жағында бір мыңнан астам Ресей әскері соғысып жатыр» деп мәлімдеді. «Солдат аналары комитеті» ұйымының басшысы Валентина Мельникованың айтуынша, бұл сан 15 мыңға жуықтауы мүмкін. Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасының» басшысы Александр Захарченко ресейлік жауынгерлердің сепаратистерге көмектесіп жатқанын мойындады. Дегенмен ол «ресейліктер тек жазғы демалыс кезінде келді» дейді.

Ресейдің үкіметке бүйрегі бұратын Қоғамдық пікірді зерттеу қоры жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, Ресей халқының басым көпшілігі Украинаның шығысындағы сепаратистерді жақтайды, соған қарамастан олардың тек бес пайызы ғана Украинаға сарбаз жіберуді қолдайды.

Ал солдаттардың жақын туыстары үреймен ғұмыр кешіп жатыр.

Ресей президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі консультативтік кеңес мүшесі Элла Полякованың ресми каналдар арқылы солдаттар туралы ақпарат жинау әрекетінен түк шықпады.

- Бұл істері ақылға сыймайды. Аналар «ұлымыз қайда?» деген жалғыз сұраққа жауап беруді талап етіп отыр - дейді Полякова.

(Глен Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG