Accessibility links

Сарапшылар Украинада Януковичтің «нео-советтік» билік орнатқанын айтады


Украина президенті Виктор Януковичтің тікелей эфирде ел тұрғындарына жауап беріп тұрғанын алып экраннан көруге жиналған жұрт. Киев, 25 ақпан 2011 жыл
Украина президенті Виктор Януковичтің тікелей эфирде ел тұрғындарына жауап беріп тұрғанын алып экраннан көруге жиналған жұрт. Киев, 25 ақпан 2011 жыл

Украина президенті Виктор Янукович өз елінің демократиялық институттарын жойып, украиналықтардың өмір сүру сапасын нашарлатты. Януковичтің біржылдық билігіне баға берген саяси сарапшылар осындай қорытынды жасады.


«Азат Еуропа/Азаттық радиосының» тілшісі Грегори Файфердің хабарлауынша, Украинаға демократиялық өзгерістерді әкелген «Қызғылт-сары төңкерісінен» кейін алты жыл өткен соң Янукович бүкіл билікті өз қолына алған.

Өткен жылы сайлауда жеңіске жеткенде президент Виктор Янукович «Қызғылт сары төңкерісінің» жетекшілері мемлекетті құртты деп мәлімдеген еді.

«Мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын түбегейлі өзгерту үшін қоғамдық өмірдің барлық саласына реформа мен жаңарту бағытын ұсынамын», – деген болатын Виктор Янукович.
Украина президенті Виктор Януковичке қарсы жұрт ұрандап тұр. Киев, 25 ақпан 2011 жыл

Оның басты мақсаттарының бірі – жемқорлықпен күресу және мемлекеттік бюрократияны реформалау болатын. Алайда Януковичтің президент болып сайланғанына бір жыл өткенде саяси сарапшылар ол «Қызғылт сары төңкерісінің» барлық демократиялық жетістіктерін жоюды көздейтін саясат ұстанып отыр дейді.

Киевтегі Демократиялық бастамалар қоры таяуда сарапшылар арасында Януковичтің бір жылдық билігіне байланысты сауалнама жүргізді. Қор директоры социолог Ирина Бекешкинаның айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың көбі Януковичтің негізгі жетістігі – президент билігін күшейту болғанын атаған.

«Янукович бүкіл билікті өз қолына топтастырып алып, толық вертикалды билік құрылымын түзді» , – деді Бекешкина.

Оның айтуынша, Янукович парламентті күйретіп, оны «президент әкімшілігі заңдарының көлігіне» айналдырған. Украина парламентінде Януковичтің «Аймақтар партиясы» көпшілік орынды иемденген. Сонымен қатар ол өз қарсыластарын сотқа тарту үшін құқық қорғау органдарын пайдаланды дейді Бекешкина.

Прокурорлар оппозиция жетекшісі Юлия Тимошенко мен оның одақтастарын нысанаға алды. Үкіметтің айтуынша, бұл – жемқорлыққа қарсы науқанның бір бөлігі.

2010 жылғы президент сайлауында аз ғана айырмашылықпен жеңілген бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенкоға қатысты тергеу жүріп жатыр. Оған «мемлекеттік қаржыны жымқырды» деген айыптар тағылған.

Тимошенконың Киевтен шығуына тыйым салынған. Оның одақтасы бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Люценко «қызметін асыра пайдаланды, мемлекет қаржысын жымқырды» деген айып бойынша қамауда отыр. Бұлардың екеуі де өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарды.
Украиналық оппозицияның жетекшісі Юлия Тимошенко жақтастарымен сөйлесіп тұр. Киев, 20 желтоқсан 2010 жыл

Тимошенконың айтуынша, Янукович өз қарсыласының қолдаушыларын түрмеге жабу үшін науқан жүргізіп жатыр. Өткен айда Нью-Йорктегі Freedom House ұйымы Украинаны «еркін» деген рейтингінен «жартылай еркін» категориясына түсірген соң Тимошенко Украина он жылға кері шегінді деп атап көрсетті.

«Бұл – жаңа президенттің биліктегі алғашқы жылының нәтижесі. Бостандық, әділеттік және заң нормасы үшін күрескен барлық адамдар енді ешнәрсеге үміт арта алмай қалды. Мұны тек Украина оппозициясы ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем мойындап отыр», – деді Юлия Тимошенко.

Үкімет оппозицияны оқшаулап қана қоймай, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарына цензура енгізуге кірісті дейді құқық қорғаушы белсенділер. Еуропа одағы мен басқа да еуропалық ұйымдар журналистердің қудалануына орай ресми Киевті сынады.

Саяси сарапшы Вадим Карасев Януковичтің билігін плюралистік саясатты жойғаны үшін «нео-советтік» деп атады.

«Президенттің билігі институттарға емес, өзінің жеке басы факторларына негізделген. Саяси жүйе Януковичтің жеке режиміне айналды», – дейді Вадим Карасев.

Сарапшылардың айтуынша, бұған қоса президент Януковичтің билігі украиналықтардың өмір сүру сапасын нашарлатқан. Януковичтің саясаты сонымен қатар Батыспен арадағы қарым-қатынастардың шиеленісе түсуіне себеп болған.

«Янукович билігі кезінде Украина еуропалық құндылықтардан алшақтап барады», – дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG