Accessibility links

Трамп "компромат" хабарын "жалған" дейді


АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. 11 қаңтар 2017 жыл.
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. 11 қаңтар 2017 жыл.

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп өзіне қатысты Ресейдің "компромат" материал жинауы мүмкін деген хабарламаны "ауру адамдар" таратқан "жалған ақпарат" деп сипаттады.

Трамп қаңтардың 11-інде Нью-Йорктің Манхэттен ауданындағы кеңсесінде баспасөз мәслихатын өткізді. Мұның алдында АҚШ-та өткен президент сайлауына Ресейдің ықпал ету ықтималдығы туралы бірнеше мәрте хабар тараған еді. Бұл болжамдар қаңтардың 10-ында шарықтау шегіне жетіп, өткен апта президент Барак Обамаға тапсырылған құпия құжаттарда Дональд Трамптың беделіне нұқсан келтіретіндей оның жеке басы мен қаржылық істеріне қатысты жиналған мәліметтер бар деген ақпарат пайда болған.

Нью-Йорктегі баспасөз мәслихатында Трамп: "Ал, [Владимир] Путин Дональд Трампты жақсы көреді екен делік. Мен бұны құрал деп санаймын, міндеткерлік емес" деді.

Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту туралы мәлімдеп келген Трамп қаңтардың 11-і күні Twitter парақшасында АҚШ-тың барлау қызметтерін "құпия есепті әшкере етті" деп сынаған. Бұл хабарларды "өзіне атылған соңғы оққа" теңеген.

Кейбір ақпарат құралдары америкалық барлау қызметтерінің басшылары Трампқа қатысты "расталмаған дерек көздерінен алынған, бірақ есепке қосуға жарайтын" мәлімдемелер тапқанын хабарлаған. Бұл мәлімдемелер қаңтардың 6-сында аз бөлігі көпшілікке жарияланған "Ресейдің Трампты президент ету үшін АҚШ-тағы сайлау кампаниясына сырттан араласу әрекеті" туралы есебінің екі беттік аса құпия қосымша бөлімінің ішіндегі ақпарат еді. CNN-нің хабарлауынша, аталған қосымша бөлімнің құпиялығы сонша, ол құжатты АҚШ-тың барлау қызметтері тек Обамаға, Трампқа және Конгрестің сегіз жетекшісіне көрсеткен. The New York Times, Reuters, AP және басқа да әлемдік БАҚ аты-жөні құпия АҚШ үкіметінің өкілдеріне сілтеме жасап, осыған ұқсас хабар таратқан.

Дональд Трамп баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 11 қаңтар 2017 жыл
Дональд Трамп баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 11 қаңтар 2017 жыл

Трамп бұл хабарларға қаңтардың 10-ы күні Twitter парақшасында "Жалған жаңалық, кінәлі іздеу науқаны" деп жауап берген.

Қаңтардың 11-і күнгі бір твитінде Трамп: "Ресей маған қатысты ықпал ету тетігін қолданған емес. Келісім де [жасағам] жоқ, несие де [алғам] жоқ, ештеңе жоқ" деп жазды. Сол күні Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Кремльдің Трампқа қатысты ешқандай компромат досьесі жоқ" екенін мәлімдеді.

CNN-нің хабарлауынша, соңғы даулы мәлімдемелер кезінде АҚШ-тың арнайы қызметтері сенімді дерек көзі деп қабылдайтын ұлыбританиялық МИ-6 барлау ұйымының бұрынғы қызметкерінің мәліметіне сүйенген. Бұл барлаушыға 2016 жылы Трамптың жақтастары қаржы бөліп, арнайы зерттеу жасатқан. CNN жариялаған ақпаратқа сәйкес Трамп республикашылардың кандидатына айналған соң бұл зерттеуді ары қарай жалғастыруға Хиллари Клинтонның жақтастары демеушілік жасаған. Зерттеу бойынша Ресейдің ФСБ қызметі "Трамптың Мәскеудегі іс-әрекеттерін аңду арқылы, оны бопсалауға негіз болатындай жеткілікті компромат жинаған". Бұл зерттеуде Трамп 2013 жылы Мәскеуге барған кезде оның "жезөкшелермен бірге түсіп қалған видеосы" сипатталады-мыс. Зерттеуде Трамптың серіктері мен Ресей үкіметі өкілдерінің сайлау науқаны кезінде үзбей хабарласып тұрғандары жазылған.

Құжатта сөзіне сілтеме жасалған Ресей өкілі демократ кандидат Хиллари Клинтонның электрондық хаттарының әшкере болатынын "Трамптың командасы біліп, қолдағанын", бұл істің қайтарымы ретінде Трамптың "Украинаға Ресейдің басып кіруіне қатысты ортақ ұстанымға келіскенін" айтқан. Трамптың заңгері Майкл Коэн өткен тамыз, я қыркүйек айларында Прагаға [Ресей өкілімен] келіссөзге барғаны туралы да мәлімет келтірілген. Коэн Twitter парақшасында Прагада өмірі болмағанын жазды. Қаңтардың 11-і күні Чехияның барлау қызметі "Коэннің Прагаға әуе жолымен келмегенін" мәлімдеді.

CNN сілтеме жасаған құжатта Путин үкіметінің Трампқа ықпал ету жолдарын жылдар бойы қарастырғаны баяндалған. Сол себепті Трамп Мәскеуге жиі іссапармен барып тұрған-мыс. Америкалық телеарна республикашыл сенатор Джон Маккейннің ФБР жетекшісі Джеймс Комиге зерттеудің бір бөлігін былтырғы желтоқсанда табыс еткенін хабарлады. Әзірше ФБР жауап қатқан жоқ.

Бұған дейін Ресейде саясаткерлер мен ресми өкілдерді қаралау үшін сексуалдық мазмұнды видеолар интернетте жарияланып кеткен оқиғалар болған.

XS
SM
MD
LG