Accessibility links

АҚШ-та балаларды заңсыз ұстаған лагерь анықталды


АҚШ полициясының көлігі. Көрнекі сурет
АҚШ полициясының көлігі. Көрнекі сурет

АҚШ полициясы Нью-Мексико штатындағы Таос округында 11 баланы ас-сусыз ұстап, қару-жарақ қолдануға үйреткен лагерьді анықтады.

Нью-Мексико мен Колорадо штатының шекарасына жақын орналасқан лагерьде полицейлер тінту жүргізіп, онда "тәрбиеленіп" жатқан 11 баланың барын анықтаған. Полиция лагерь иелерінің оларды тамақтандырмай, аш ұстағанын айтады. Тозығы жеткен киім киіп, жалаң аяқ жүрген балаларда жеке гигиеналық заттар да болмаған.

ВИДЕО: Балаларды ас-сусыз ұстап, қару-жарақ қолдануға үйреткен лагерь туралы видео

Лагерьді қарулы екі ер адам мен үш әйел басқарған. Олардың барлығы қазір қамалған. Оларға балалармен қатыгез қарым-қатынас жасады деген айыптар тағылған.

Сот құжаттарына сәйкес, негізгі күдікті Сирадж ибн Ваххадж балаларды қару қолдануға үйретіп, америкалық мектептерге шабуыл жасауға дайындаған.

"Ваххадж лагерьден құтқарылған балалар үшін, сонымен бірге тұтас қоғамға қауіпті адам, себебі ол күш қолдануға бейім және қару-жарақты қылмыс жасау мақсатында қолдануға әзір" делінген сот құжаттарында.

Күдікті Сирадж ибн Ваххадж
Күдікті Сирадж ибн Ваххадж

Полиция ибн Ваххаджды оның үш жасар баласының ұрлануына байланысты күдікті ретінде іздей бастаған. Баланың анасының айтуынша, ұлы тырысқақ ауруымен ауырған және өз еркімен қозғала алмаған. Сирадж "оның бойынан жын қуу рәсімін жасайтынын" айтып, мұнан соң баламен бірге серуендеймін деп шығып кеткен. Бұдан соң оралмаған.

Таос қаласының шерифі Джери Хогрифтің айтуынша, өткен бейсенбі күні қала әкімдігіне балалар лагерінен немесе лагерь туралы жақсы білетін адамнан хабарлама түскен.

"Хабарлама "Аштан өлудеміз, балалар аштықтан өлейін деп жатыр" немесе осыған ұқсас мазмұнда жазылған. Бұл өте шешуші сәт болды - тінту жүргізу үшін рұқсат сұрауға жеткілікті себеп болды. Бұл рұқсат қағазы үш жасар Абдула Ваххадж бен өміріне қауіп төніп төнуі мүмкін өзге адамдарды іздестіруде өте маңызды рөл атқарды" деді шериф.

Лагерьден үш жасар баланың денесі де табылған. Зерттеу оның ұсталған Сирадж ибн Вахтың жоғалған үш жасар баласы екенін көрсеткен.

Полиция өкілдері балаларды лагерьде өте ауыр жағдайда ұстағанын айтады. 30 жыл бойы полицияда істеген шериф Джери Хогриф мұндайды бұрын-соңды көрмегенін айтып, бас шайқайды. Балалар көптен бері жуынбаған және қатты әлсіреген. Тамақ-су, жеке гигиеналық заттардың жоғын айтпағанда тозығы жеткен киім киген 11 баланың аяғында тіпті аяқ киімдері де болмаған.

Лагерьдің жоғарыдан түсірілген көрінісі
Лагерьдің жоғарыдан түсірілген көрінісі

АҚШ ақпарат құралдарының жазуынша, қала билігі мұндай лагерьдің барын білген, бірақ полицейлер лагерьді тінтуге рұқсат берілуін күткен.

АҚШ ақпарат құралдарының жазуынша, күдікті Сирадж ибн Ваххадждың әкесі АҚШ-тағы мұсылман қауымдастығының танымал жетекшісі болған.

("Настоящее время" телеарнасының тілшісі Сайхан Цинцаевтың материалы негізінде әзірленді)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG