Accessibility links

Гуантанамо түрмесінде не болып жатыр?


АҚШ жоғарғы сотының алдында Гуантанамо түрмесін жабуды талап етіп тұрған демонстранттар. Вашингтон, 11 қаңтар 2013 жыл
АҚШ жоғарғы сотының алдында Гуантанамо түрмесін жабуды талап етіп тұрған демонстранттар. Вашингтон, 11 қаңтар 2013 жыл

Тұтқындардың аштық жариялап, наразылық танытып жатқаны туралы тараған хабар АҚШ-тың қамау орындарына жаңаша қарауға себеп болды.

Аштық жариялауға не түрткі болды? Наразылық қашан басталды?

Ақпанның басында түрме басшысы контрабандаға жол бермеу үшін Құран кітаптарын жаппай тексеретін 2006 жылғы саясатты қайта жандандырады. Бірнеше тұтқын бұл әрекетті киелі кітапты қорлау деп санап, ас ішуден бас тартқан. Бірнеше апта өткенде наразылыққа тағы бірнеше адам қосылған.

15 тұтқынды қорғауына алған вашингтондық адвокат Дэвид Римстің сөзінше, олардың кем дегенде алтауы аштық жариялаған. Адвокат қамау орнына бірнеше апта бұрын кіріп-шығып, қорғауындағы екі тұтқынмен наурыздың 29-ы күні телефон арқылы сөйлескен.

- Олар маған жаппай аштық жарияланғанын айтты. Олардың сөзінше, ең көп адам отырған 6-кэмптегі барлық дерлік тұтқындар аштық жариялап, мақсаттарына жеткенше тоқтамауға бекінген. Олар тіпті өлімге бел буған, - деді Римс Азаттықтың Вашингтондағы тілшісіне.
Гуантанамо түрмесінің 6-кэмпінен бір көрініс. 5 наурыз 2013 жыл
Гуантанамо түрмесінің 6-кэмпінен бір көрініс. 5 наурыз 2013 жыл

Адвокаттың сөзінше, кейбір тұтқындар Құран тексеру әрекеті тоқтаса, ас-су іше бастайтындарын айтқан. Бірақ барлығы ондай позиция ұстанбайды.

- Аштық тым ұзаққа созылғандықтан қазір талап-тілектер өзгере бастаған. Тұтқындар тек Құран тексеруді тоқтатуға шақырмайды, өздерінің ұзақ уақыт бойы ешқандай айып тағылмастан қамауда отырғандарына наразы, - дейді адвокат.

Қамауда отырғандар кімдер?

Гуантанамоға түскен тұтқындардың ұзын саны - 166. Олардың 89-ы - йемендіктер. 166-ның 86-сын АҚШ президенті Барак Обаманың үкіметі өз елдеріне, я үшінші елге қайтарған. Қалған 46-сының қамауда енді қанша отыратыны белгісіз. Өйткені айғақ табу мен іс жүргізуге қатысты АҚШ заңдары бойынша айып тағу созылып кетті, ал босатып жіберейін десе, тұтқындарға қауіпті деген статус берілген.

Қазір 6 тұтқынның ісі сотта қаралып жатыр. Қалғандарына қатысты тергеу әлі жүріп жатыр.

АҚШ шенеуніктері не дейді?

Ақ Үй Гуантанамодағы жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеп келеді.

Пентагон өкілі подполковник Тод Брисилдің сөзінше, түрме басшылығы аз дегенде 11 аштық жариялаушыға зорлап ас-су беріп жатыр.

- Біз тұтқынның өз-өзіне зиян шектіруін қаламаймыз. Күнделікті хал-ахуалдарын бақылап отырамыз. Қажет болса, АҚШ түрме бюросының нұсқаулықтарына сәйкес іштен қоректендіреміз, - деді Тод Брисил.

Неге зорлықпен тамақтандыруға рұқсат етілген?

АҚШ әскерилері зорлықпен тамақ бергенде тұтқынды арнайы орындыққа таңып отырғызады да, мұрындары арқылы өңештеріне түтікше жіберіп, сұйық тамақты асқазанға құяды. Бұл әрекетке қатысты қарама-қайшы пікір туып, заңгерлер мен адам құқығын қорғаушылар оны заңсыз деп танып, азаптаудың бір түрі деген сипаттама берген.
Гуантанамо түрмесі қақпаларының бірі. 8 наурыз 2013 жыл
Гуантанамо түрмесі қақпаларының бірі. 8 наурыз 2013 жыл

Күшпен тамақтандыруды 2005 жылғы тұтқынды ұстау туралы заңды бұзу деп дәлелдемек болғандар АҚШ соттарында сәтсіздікке ұшыраған.

БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша комиссиясы Гуантанамодағы күшпен тамақтандыруды азаптау түрі ретінде қарастырады. Дүниежүзілік медициналық ассоциациясы дәрігерлерге күшпен тамақтандыруға қатысуға тыйым салады.

Әскерилер күшпен тамақтандыруды адам өмірін сақтап қалатын медициналық интервенцияның бір түрі деп санайды.

Қалған наразылар не халде?

Дэвид Римстің сөзінше, оның қорғауындағы тұтқындар наразылық шарасын басу үшін түрме күзетшілерінің дөрекі әрекеттерге көшкенін айтқан.

- Күзетшілер 6-кэмпте отырған тұтқындарға құмырадағы ауыз су бермей, құбырдың суын ішуге мәжбүр еткен. Әскерилер құбыр суы таза дегенмен, менің қорғауымдағы бір азамат жаңағы суды қағазға тигізгенде сап-сары болып шыға келген. Дәрігерлері де құбыр суын ішпеуді өтінген. Түрме басшылығы камералардағы температураны өзгертіп отыр. Мысалы олар 17 градус температуралы камераларда отыруға мәжбүр. Бұл кімге болсын суық. Ал қамаудағылардың бір қабат киіммен ғана отырғанын ескеріңіз. Өте аянышты жағдай, - дейді адвокат.
Гуантанамо түрмесінің күзетшілері жаттығу үстінде. 18 қазан 2012 жыл
Гуантанамо түрмесінің күзетшілері жаттығу үстінде. 18 қазан 2012 жыл

Ал Пентагон өкілі Тод Брисил бұл мәліметті "мүлдем шындыққа жанаспайды" дейді.

- Ондағы түрме күзеті планетадағы ең қатты бақыланатын адамдар шығар. Ондай адамдар тұтқындарға ең жоғарғы кәсіпқой деңгейде қарамады деп айыптау ақылға сыймайды. Бұл айыптаулар – тұтқындардың адвокаттары арқылы ұйымдастырған ақпараттық кампаниясы. Ал су мен температураға қатысты абсурд сөздерге қатысты айтарым, бұлар – ешқандай мағынасы жоқ мәлімдемелер, - дейді Брисил.

Неге Гуантанамодағы қамау орны әлі ашық тұр?

Президент Барак Обама қызметіне кірісе салып бірінші күні-ақ Гуантанамо түрмесін бір жыл ішінде жабу туралы бұйрыққа қол қойған. Бірақ оның жоспарының орындалуын әскери сот кешуілдетіп тастады. Әскери сот АҚШ-тың әділет министрлігінің тұтқындардың ісін азаматтық сотта қарамақ болған әрекетіне қарсы шықты.

Кейін АҚШ сенаты Гуантанамо тұтқындарын басқа жайға ауыстыру, я босату шығындарын мемлекеттік бюджет есебінен төлеуге тыйым салды. Екі жылдан соң Обама Гуантанамо тұтқындарын АҚШ-тың қатаң режимді түрмелеріне ауыстыру туралы пәрмен етті. Конгресс бұған да қарсы дауыс берді.

Адвокат Дэвид Римс:

- Қамаудағылар ақылынан адасуға шақ қалды. Олар маған, сосын тағы бір қорғаушыға былай деді: «Біз бұл жерден қалай болғанда да шығамыз, я тірі босатады, я табытпен алып шығады». Олардың аласұрған ахуалы осындай, - дейді.

Наурыздың 27-сі күні Ақ Үй өкілі президент Барак Обаманың «Гуантанамо түрмесін жабуға біржола бекінгені» туралы хабарлады.
XS
SM
MD
LG