Accessibility links

Ромни: Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалын азайтар ем


АҚШ президенттігіне кандидат, республикашыл саясаткер Митт Ромни. Лас Вегас, 29 мамыр 2012 жыл
АҚШ президенттігіне кандидат, республикашыл саясаткер Митт Ромни. Лас Вегас, 29 мамыр 2012 жыл

Қараша айында өтетін АҚШ президенті сайлауында республикашыл Митт Ромни мен Демократтар партиясының кандидаты, қазіргі президент Барак Обама бәсекеге түсетін болды.


Республикашылардың Техас штатында өткен сайлауында Митт Ромни жеңіп шығып, партияның ресми кандидаты болу үшін қажетті дауыс жинады.

Азаттық радиосы Республикашылар партиясынан президенттікке түсетін бизнесмен, әрі бұрынғы штат губернаторы Митт Ромни, егер АҚШ президенті болып сайланатын болса, қандай сыртқы саясат ұстануы мүмкін деген сауалға жауап іздеп көрген еді.

ӘСКЕР МЕН ҚАРЖЫЛЫҚ КӨМЕК

Митт Ромниге кеңес беруші топтың ішінде ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясаттың ондаған сарапшылары болды. Олардың үштен-екісі бұрынғы президент Джордж Буш әкімшілігі кезінде қорғаныс, барлау немесе дипломатиялық қызметтерде болғандар.

Ромни өзінің сыртқы саясаттағы пәлсапасын бұрынғы президент Рональд Рейганмен салыстырады.

«Менің сыртқы саясатым бастан-аяқ Рональд Рейганмен бірдей болады, атап айтқанда: «күшею арқылы бейбітшілік» ұраны» деген Ромни.
Митт Ромнидің сайлау алды үгіт-насихат жүргізіп тұрған сәті. Вашингтон, 6 наурыз 2012 жыл
Митт Ромнидің сайлау алды үгіт-насихат жүргізіп тұрған сәті. Вашингтон, 6 наурыз 2012 жыл

Ол сонымен қатар «Америкаға кез-келген соғыстың алдын алу үшін де қуатты болу керек» деп мәлімдеген. Сол себепті Ромни АҚШ-тың барлау қызметін күшейтіп, әскер санын 100 мыңға көбейтіп, «әл-Қаидадан» АҚШ-қа шалынуы мүмкін қоңырауларды бақылап отыру арқылы радикал исламистермен күреспекші.

Егер Ромни президент болса, АҚШ-тың шетелге беретін қаржылай көмектері азаяды. Ол: «Мен өз күнін көре алатын елдерге ақша жіберуді тоқтатам. Америка мүддесіне қарсы шығатын ешбір елге қаржылай қолдау болмайды» деп ескерткен.

ИРАНҒА ҚАТЫСТЫ САЯСАТ

Ромни Обаманың Иранға қатысты саясатын «сәтсіз әрекет» деп атады. Ол АҚШ-тың Иранға байланысты саясаты туралы сөйлегенде, мәселені әскери жолмен шешуді алға тартады. Былтырғы қараша айында өткен пікірталастардың бірінде Ромни «Егер Иранның ядролық қару иеленуіне жол бермеу үшін соғысу керек болса, не істейсіз?” деген сұраққа былай деп жауап берген:

«Елдегі режимді өзгерту үшін құрсап тастайтын санкцияларды енгізіп, көтерілісшілерді ынталандыруға болады. Бірақ егер мұның бәрі сәтсіз аяқталса, егер бұған дейінгі бүкіл жұмысымыздан нәтиже шықпаса, әскери шара қолданудан басқа лажымыз қалмайды. Мұндай жағдайда, әрине, әскери әрекетті таңдайсыз».
Аятоллаларды ядролық амбицияларынан бас тартуға көндіру үшін дипломатияны әскери жолмен күшейтемін.
Митт Ромни

Митт Ромни жақында Washington Post басылымына Ирандағы демократия мәселесін барынша көтеріп, ирандық диссиденттерді қолдайтыны туралы жазған.

«Бірақ ең маңыздысы, мен аятоллаларды ядролық амбицияларынан бас тартуға көндіру үшін дипломатияны әскери жолмен күшейтемін» деген ол.

Ромни бұл үшін Жерорта теңізінің шығысы мен Парсы шығанағына соғыс ұшақтарын таситын топтар ұстап, Израильге беретін әскери көмекті ұлғайтатынын айтқан.

АУҒАНСТАН МЕН ПӘКІСТАН

Митт Ромнидің сыртқы саясаттағы ұстанымының ең негізгісі –Ауғанстанға қатысты стратегиясы. Бұл тұрғыда ол Обама әкімшілігінің Ауғанстандағы АҚШ әскерін 2014 жылы шығарамыз деп мерзімін белгілеп қойғанын сынайды. Оның ойынша, бұл жаулардың сол белгіленген мезетті күтіп, оңтайлы сәтті пайдалануына жол ашады.

Ромнидің Ауғанстаннан әскер шығаруға қатысты өз ұстанымы әлі белгісіз. Ол таяуда Fox News арнасына берген сұқбатында: «Мен нақты бір әрекетке көшпес бұрын, ол жердегі адамдар туралы, атап айтқанда, әскери қолбасшылар жөнінде көбірек мәлімет алуым керек» деген.

Ромни өзінің Ауғанстан мен Пәкістанға қатысты саясаты Кабул және Исламабадпен өзара келісім негізінде қалыптасады деп санайды. Оның айтуынша, АҚШ-тың бұл екі елге қолданатын маңызды тетіктері жетеді және оны қолданудан тартынбау қажет.

Митт Ромни Ауғанстан президенті Хамид Карзайға соғысты тоқтатуға көмектесуі үшін нақты не істеуі керек екенін ашық жеткізетінін айтады.

«Мен президент Хамид Карзаймен сөйлесер едім. Мен онымен күнбе күн сөйлесіп отырар едім. Біздің әскеріміз қиын жағдайда. Бізде Ауғанстанда қаза тапқан ерлер мен әйелдер саны 1800-ге жетті. Миссиямыздың сәтті аяқталуына мүдделіміз. Ауғанстанның Талибан мен «әл-Қаидадан» егемендігін қорғай алатынына сенімді болуымыз керек» деді ол.

РЕСЕЙДІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЫҚПАЛЫН АЗАЙТУ

Митт Ромни осы жылдың басында CNN телеарнасына берген сұхбатында Ресей туралы бар ойын жайып салып, көпшіліктің назарын өзіне аударды.

Ромни «Ресей біздің сөзсіз геополитикалық нөмірі бірінші қарсыласымыз» деді.

Митт Ромнидің сайлау алды науқанындағы саяси ұстанымында, Ресейді сынаған сөздер айтылған. Ол Ресей әлемдік деңгейде жағдайды тұрақсыздандырып отыр дей келе, оған себеп болып отырған бірнеше мәселені атаған.
Ромни Обама әкімшілігінің Ресейге қатысты стратегиясын қайта өзгертіп, «аггресивті және экспансиялық әрекеттің» алдын-алатын саясат ұстанбақ.
Ромнидің айтуына қарағанда, Кремль Орталық және Батыс Еуропаны газдан қысу арқылы энергетикалық мәселелерді өз пайдасына шешіп келеді.

Ромни Обама әкімшілігінің Ресейге қатысты стратегиясын қайта өзгертіп, «аггресивті және экспансиялық әрекеттің» алдын-алатын саясат ұстанбақ. Ол СНВ-III келісім-шартының жүзеге асуын қайта қарамақшы.

АҚШ президенттігіне кандидат Митт Ромни Ақ үйге келсе, Американың Орталық Азиямен байланыстарын күшейту арқылы Ресейдің бұрынғы совет елдеріне ықпалын азайтуға тырысатынын айтты. Ол бұл тұрғыда Орталық Азия елдерімен көбірек әскери жаттығулар өткізіп, барынша қолдау танытып, жаңа сауда келісімдерін жасап, білім алу ынтымақтастығын дамыту керек деп санайды.

Ромни президент болып сайлана қалса, әкімшілігі «Ресей үкіметінің авторитарлық әрекеттеріне қарсы шығып», демократиялық құндылықтар мен экономикалық мүмкіндікті дәріптейтін еркін ақпарат ағысына қолдау көрсететінін мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG