Accessibility links

Қадырбаев пен Тәжаяқовтың сот тыңдауы жарты сағаттан аспады


Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаевтың (ортада) Джохар Царнаевпен (оң жақта) Нью-Йоркте түскен суреті.
Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаевтың (ортада) Джохар Царнаевпен (оң жақта) Нью-Йоркте түскен суреті.

Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов тамыздың 13-і күні Бостон қаласындағы АҚШ-тың федералды сотына тағылған айыптарды мойындамайтындарын мәлімдеді. Бұл туралы сот тыңдауына қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады. Адвокаттар мен қазақстандықтардың туыстары олардың кінәсіз екендеріне сенімді.

Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов - АҚШ-та тұрып жатқан Қазақстан азаматтары, Массачусетстегі Дартмут университетінің бұрынғы студенттері.

Оларға «2013 жылдың сәуір айында Бостон марафонында жасалған, үш адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған терактіге қатысты тергеу жұмыстарына кедергі келтіру мақсатымен сөз байласып, әрекет жасады» деген айып тағылып отыр.

СОТ ЗАЛЫНДАҒЫ 4 МИНУТ

Қадырбаев пен Тәжаяқов сот залында 4 минут қана болды. Қызғылт сары түсті киім киген екеуін қол-аяқтары кісендеулі күйі залға кезекпен кіргізді. Федералдық сот Марианна Боулердің алдына келгенде ғана олардың кісендерін шешіп алды. Марианна Боулер бұған дейін негізгі айыпталушы, Бостондағы жарылысты жасады деген күдікпен қамауға алынған Джохар Царнаевтың ісі бойынша тыңдау өткізген еді.

Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Джохар Царнаев. Фото Диас Қадырбаевтың VKontakte әлеуметтік желісіндегі парағынан алынды.
Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Джохар Царнаев. Фото Диас Қадырбаевтың VKontakte әлеуметтік желісіндегі парағынан алынды.
Залға кірген Диас пен Азамат жан-жақтарына қарап, туыстарымен көз қиығымен амандасты. Залда Қадырбаевтың әкесі мен Тәжаяқовтың әке-шешесі үш баласымен отырды.

Жарты сағаттан аз уақытқа созылған сот тыңдауы ресми сипатта өтті. Сот залына бірінші кірген Диас Қадырбаев өзіне оқылған айыптарға екі рет «кінәсізбін» деп жауап берді. Сосын бұл процедурадан Тәжаяқов өтті, ол да өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.

Сотталушылардың адвокаттарына да сұрақтар қойылды. Олар «Өз клиенттеріңіздің кінәсіз екенін қолдайсыздар ма?» деген сұраққа «иә» деп жауап берді.

Бұл жолы Царнаевтың ісіне қатысты өткен тыңдау кезіндегідей әбігер болмады. Тыңдауға келгендердің қарасы да аз. Бұл оқиғаға көптеген БАҚ назар аударып отырғандықтан, журналистер көп келді.

ІСТЕН ҚҰПИЯЛЫЛЫҚТЫ АЛЫП ТАСТАУ ТУРАЛЫ ПЕТИЦИЯ

АҚШ-тың федералдық Үлкен алқасы «Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов колледжде бірге оқыған Джохар Царнаевтың жатаханадағы бөлмесінен айғақ заттарды алып шығып, оларды қоқысқа тастаған және қоқыс тасушы көліктің бұл заттарды алып кеткенін көрген» деп мәлімдеді. Айыптаушы тараптың уәжі бойынша, олар мұны жарылыс жасады деген күдіктілердің есімі жарияланғаннан кейін істеген.

19 жастағы қазақстандықтарға алғашында «визалық режимді бұзды» деген айып тағылған еді. Кейін мамыр айында АҚШ-тың округтық соты екеуіне «заттай айғақтарды жойып, тергеу амалдарына кедергі келтірді» деген айып тақты. Ал тамыздың 8-і күні шыққан айыптау қорытындысы бойынша екеуіне 5 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.

Айыпталушылардың адвокаттары Диас пен Азаматтың кінәсіз екенін айтады. Олар өз клиенттері бұл әрекеттерін қылмыстық пиғылмен емес, аңғалдықпен жасады дейді.

Азамат Тәжаяқовтың әкесі, Атырау қаласы мәслихатының депутаты Әмір Исмағұлов.
Азамат Тәжаяқовтың әкесі, Атырау қаласы мәслихатының депутаты Әмір Исмағұлов.
Сот тыңдауынан шыққаннан кейін Азаматтың әкесі, Атырау қаласы мәслихатының депутаты Әмір Исмағұлов ұлының жазықсыз екенін ақырына дейін дәлелдеуге тырысатынын, сот отырысын басқа штатта өткізу туралы петиция бермек ниетін мәлімдеді.

- Ештеңені ашып айта алмағандықтан, біз бірінші бұл істі құпия жүргізбеу туралы петиция бергенбіз. Бұл істі тергеу кезінде прокуратура мен ФБР тарапынан болған барлық заң бұзушылықтар жайында Америка халқына айтқымыз келеді. Сондықтан, соттың істі құпия жүргізуін заң арқылы тоқтатуға тырысып жатырмыз. Тергеу амалдарының да заңға қайшы тұстары бар. Енді сот отырысын Массачусетс штаты емес, басқа бір штатта өткізу туралы петиция бермекпіз, - дейді айыпталушының әкесі.

Прокурорлар алдағы екі апта ішінде сот залына 15-20 куәгер шақырылатынын айтты. Ал Қадырбаев пен Тәжаяқов қыркүйектің 26-сы өтетін сот тыңдауына тағы келуі тиіс.

Алматылық жастардың Бостондағы екі студентке тағылған айып жайлы пікірлерін мына видеодан көре аласыз:

Жастардың Қадырбаев пен Тәжаяқов жайлы пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG