Accessibility links

АҚШ конгресі Украинаға көмек беруді қолдады


АҚШ конгресі. (Көрнекі сурет)
АҚШ конгресі. (Көрнекі сурет)
АҚШ конгресінің өкілдер палатасы 1 сәуірде Украинаға көмек көрсету туралы заң жобасын мақұлдады. 378 депутат жобаны қолдап, 34 депутат қарсы дауыс берді.

Заң жобасында Украинаға несие ретінде 1 миллиард АҚШ долларын және демократиялық институттарды нығайту, еркін сайлау өткізуге дайындық процесін қолдау бағдарламаларына 50 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек беру қарастырылған. Құжатта бұдан өзге АҚШ пен Еуропа Одағының Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға 100 миллион АҚШ долларын бөлу көзделген.

Бұл заң қолданысқа енсе, Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанына жауап ретінде АҚШ қабылдаған шараларға қосымша бірқатар жаңа санкциялар салуға мүмкіндік туады.

АҚШ бұған дейін Украинада адам құқықтарының және осы елдің егемендігінің бұзылуына қатысы бар Украина мен Ресейдің бірқатар азаматтарына виза беруге тыйым салып, активтерін бұғаулаған еді.

Заң жобасын бұған дейін АҚШ сенаты мақұлдап қойған. Енді оған президент Барак Обама қол қойған соң күшіне енеді.

Қырымда 16 наурыз референдум өтіп, «халықтың 93 пайызы автономиялы республиканың Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуын жақтады» деген қорытынды шыққан еді. Осыдан кейін Қырым Ресей құрамына қосылған.

Киев «Қырым – Украина территориясы» екенін айтып, онда өткен референдум нәтижесін мойындамаған.

АҚШ пен Еуропа Одағы да Қырымдағы референдум Украина конституциясы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін, бұл шара Ресей әскерилерінің қысымы мен қорқытуы арқылы өткенін ескертіп, оны мойындамайтындарын мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG