ЖҰМЫСҚА БАРУ
Маска. Қолға арналған антисептик. Қолғап. Қазір мұнсыз үйден аттап шықпаймын. Жұмыс формасы шкафта жатыр, екі аптадан бері бұрынғыдай киінуді қойғанбыз. Соңғы кезде жұмыс тәртібі өзгергенімен, әлі де күнделікті кеңсеге барып жүрміз.
Тез киініп, көшеге жүгіріп шықтым. Далада мүлгіген тыныштық. Бағдаршам алдынан көз үйренген көп көліктің орнына велосипед мінген жалғыз адам жүйткіп өте шықты. Оның өзі маска мен қолғап киген.
Стейтен Айленд – Нью-Йорктің халқы аз аудандарының бірі. Бұрын да көптің есіне бірден түсе қоймайтын аудан карантин кезінде тіптен қаңырап бос қалғандай көрінеді. Дүкендер жабық, анда-санда алыстан бір жаяу жүргінші көзге түседі, көшеде көлік аз.
Өзім жұмыс істейтін банкке таяғанда, клиенттерге арналған көлік тұрағы бос тұрғанын байқадым. Банктің тұтынушыларға арналған есігі жабық, бірақ алдын-ала келісіп, ішке кіруге болады.
Банк ішінде жұмыс қайнап жатыр, телефонға дамыл жоқ. Қайтарымсыз қарыз (emergency small business loans немесе шағын бизнеске арналған жедел қарыз – кәсіпкерлерге бизнесі мен қызметкерлерін сақтап қалуға көмектесу үшін берілетін арнаулы кредит – Ред.) берілетінін естіген шағын бизнес өкілдері мүмкіндіктен құр қалмауға тырысып жатыр. Өйткені кейін мемлекет қарызды қайтаруды талап етпеуі де мүмкін.
Клиенттердің көбі жұмысын үйде отырып бітіргісі келеді.Бірақ қызметіне байланысты банкке күнде келетін адамдар да бар. Олардың өзін ұстау тәртібі де әртүрлі. Кейбірі қолы тиген заттың бәрін антисептикпен сүртеді, сөйлескен кезде қашықтық сақтап, артық тыныс алмауға тырысатындай көрінеді. Ал енді бір клиенттердің іс-қимылынан “COVID-19 вирусы соншалық қауіпті емес» деп ойлайтыны анық байқалады.
КЕҢСЕДЕ
Екі аптадан бері карантинде отырып, әлі де коронавирусқа болмашы дүние сияқты қарау шектен тыс қамсыз адамның тірлігіне ұқсайды. Вирустың қаншалықты қауіпті екеніне статистиканың өзі-ақ дәлел бола алады. Сәуірдің 7-сі күнгі мәліметке қарағанда, бір ғана Нью-Йорктің өзінде 72 мың адам коронавирус жұқтырып, үш жарым мың адам қайтыс болған.
Күн сайын жұқпалы дерттен қайтыс болған клиенттер мен олардың туыстары туралы жаңалық естиміз.
Күн сайын жұқпалы дерттен қайтыс болған клиенттер мен олардың туыстары туралы жаңалық естиміз. Көңіл құлазиды.
Қайтыс болғандардың көбі – 70-тен асқан қарттар. Клиенттердің бірі әкесінің денсаулығы жақсы болғанын, жаппай үрей басталмай тұрып-ақ үйден ешқайда шықпағанын, бірақ бір күні үйіне туыстары қонаққа келгенін айтты…
Әріптестерімнің де жүйкесі жұқарып жүр. Олар бір жағынан, көп адамның жұмыссыз қалғанын естіп, жұмыс істеу мүмкіндігі барына қуанады, екінші жағынан, бәрінің отбасы бар, ал кеңседе вирус жұқтыру қаупі жоғары.
Түскі ас кезінде көрші пиццерияға бардым. Бұл жерде тамақты өзіңмен алып кетуге ғана рұқсат береді. Пиццерияда жалғыз қызметкер – кәсіп иесінің өзі ғана тұр. Касса алдына клиент пен кассирдің арасын бөлетін үстел, оның үстіне «Қашықтық сақтаңыз» деген жазу қойылған. Кассир пиццаны жылытып жатқан кезде, телефоныма көзім түсті. Нью-Йорктің төтенше жағдайлар басқармасынан бірнеше хабарлама келіпті. Хабарламада «үйден шықпаңыз, құтқару қызметіне тек төтенше жағдайда ғана хабарласыңыз, көмекке мұқтаж басқа адамдарға жауап беруге мүмкіндік беріңіз» деген мәтінде ескерту жазылған. «Ерікті медициналық қызметкерлер керек» деген ақпарат, қолдан тігілген маскаларды тағу туралы нұсқаулық та бар… Жағдайдың ушығып тұрғанын түсініп, хабарламаларды әрі қарай оқығым келмеді.
Түстен кейін күзетші әйелдердің бірі бірнеше күннен бері ауырып жүргенін, орнына басқа адам жұмысқа шығатынын айтты. Сырқатының коронавирусқа қатысы жоқ шығар деп іштей үміттендім.
Түстен кейін банктің үш қызметкері ұжымға ертеңнен бастап жұмысқа шықпайтынын айтты. Олар үйіндегі қарттарға алаңдап, олардың өміріне қауіп төндірмеуді ұйғарыпты. Осылай күннен-күнге қатарымыз сиреп, жұмыс жүктемесі артып келеді.
АЗЫҚ-ТҮЛІК АЛУҒА ТАЛПЫНЫС
Жұмыс күні аяқталуға таяғанда ShopRite азық-түлік дүкендер желісіне хабарласып, бір күн бұрын дайын болуы керек тапсырысым туралы сұрамақ болдым. Қазір дүкенге аз баруға тырысып, онлайн тапсырыс беріп жүрмін. Бірақ алдағы екі аптада жеткізу қызметі бос болмағандықтан, тапсырысты өзім алып кетейін дедім. Тауарға бір апта бұрын тапсырыс беруге тура келді.
Таңертең дүкен қызметкері хабарласты. Телефон тұтқасындағы адам дүкенге 500 тапсырыс түскенін, қызметкерлер үлгермей жатқанын, сондықтан сәл кешігетіндерін ескертті.
Өткен жолы да тапсырысымды уақытынан кеш алдым. Бірақ ол кезде дүкен қызметкері бір сағат қана күттіріп, тапсырыс тізіміндегі заттардың жартысын ғана берген. Ол мұны кей тауарларға сұраныс көп деп түсіндірді. Күндіз дүкендегілерден хабар болмаған соң, өзім хабарласып көрдім. Бірақ телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Тапсырыс дайын шығар деген оймен дүкенге бардым.
Дүкен алдында көлік көп болғандықтан бос орын табу қиын болды. Тапсырыстарды алып кету бөліміндегі жігіт атымды тізімнен, кейін компьютерден ұзақ іздеп, соңында «Тапсырысыңыз әлі дайын емес. Тапсырыс көп, қызметкер аз» деді. «Қашан дайын болады?» деген сұраққа «Бірнеше сағаттан кейін» деп жауап берді. Күтуден пайда жоғын түсіндім.
Дүкенге кіргенімде, халық көп екенін, маска тақпаған, қашықтық сақтауды естен шығарып, топ-топ боп жүрген адамдарды көрдім. Олардың арасында маска мен қолғап киген өзімді оғаш сезіне бастадым. Тауар алуға деген ниетім жоғалып, дүкеннен шығып кеттім.
Үйге қайтар жолда Trader Joe’s дүкенінің жанынан өттім. Көлік аз екенін байқап, кіріп-шығайын дедім.
Адамдар дүкенге кіру үшін кезекте тұр. Дүкен қызметкерлері іште көп халық жиналмауын қадағалайды екен. Кезектің соңы дүкеннің арғы шетіне жететінін көрдім. Адамдардың көбі маска кигені, бір-бірінен алшақ тұрғандары байқалады.
Маңызды ісімді бүгін тындыратын шығармын деген үміт пайда болды. Кезекте бір сағат тұрдым. Кіреберісте дезинфекцияға арналған салфеткалар берді. Өзгелерден алыс жүру керегін ескерткен дүкен қызметкері түшкіріп жіберді.
Дүкен сөрелері толы, тек дәретхана қағазы мен қағаз майлықтар жоқ. Арбаны тез толтырып, кассаға келдім. Кассада қашықтықты сақтау үшін адамдар арасын бөліп қойған. Дүкен қызметкерлерінің көбі маска тақпаған, тек қолғап киген.Кассирмен сөйлесіп көрдім, ол жұрт бос уайымға салынып, шу көтеріп жүргенін, алаңдаудың қажеті жоғын айтты.
Көлікке отырып, сөмкемді, банк картасын, рөлді және ұстағыштарды түгел сүртіп шықтым (қазір дезинфекциялайтын салфеткалар тапшы).Үйге барар жолда Чикагода тұратын құрбыммен сөйлестім. Ол да қазіргі жағдайға алаңдап отырғанын, екі аптадан бері балалармен тек үйдің ішкі ауласына ғана шығып жүргенін айтты. Нью-Йорктің шеткі ауданында тұратын құрбымнан хабарлама келді: полиция қызметкері боп істейтін күйеуі коронавирус жұқтырыпты. Жағдайы бірқалыпты екен, үйге карантинге жіберіпті.Бұл бүкіл отбасы мүшелеріне вирус жұқты деген сөз… Енді әліптің артын бағып, үміттенуден басқа амал жоқ.
Үйге де жеттім. Табалдырықта дезинфекцияға қажет құралдың бәрі тұр. Әдетте үйге келген бойда аяқ киімімді тазалап, киімдерді пакетке салып, бірден душқа кіремін. Бұрын Италиядағы туыстарымыз осылай істейтінін естіп, «Мұнысы тым артық сияқты» деп ойлағаным есімде.
Мұндайда залалсыздандыруға жіті көңіл бөлуге, барынша сақ болуға тырысасың. «Мүмкін жолым болып кетер?» деп ойлайсың.
Душтан кейін тауарларды шығарып, сыртын дезинфекциялап, орнына қоямын. Біртіндеп көңілім жайлана бастайды. Өз үйімнің қабырғасы мен жақындарымның қасында жүрегім орнына түскендей болады. Коронавирус қаупі сейілетін күн туар дегенге сенгім келеді.
ПІКІРЛЕР