Accessibility links

Ахмедьяров: Қазақстан сот жүйесі БАҚ-ты қудалаудың құралына айналды


«Уральская неделья» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяров. 21 желтоқсан 2008 жыл.
«Уральская неделья» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяров. 21 желтоқсан 2008 жыл.
АҚШ-та журналистерге арналған Питер Маклер сыйлығын иеленген оралдық «Уральская неделья» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяровтан Reporters Without Borders (RWB) ұйымының өкілдері сұхбат алды.

Ахмедьяров өзінің және «Уральская неделья» газетінің үстінен жүріп жатқан сот процесі, Қазақстандағы сөз бостандығы мен журналистерге, ақпарат құралдарына жасалатын түрлі қысымдар туралы айтқан. Оның айтуынша, журналистерден моральдық шығын ретінде миллиондаған теңге өндіріп алу әдетке айналған және сот істі көп жағдайда журналистердің үстінен шағым берген билік өкілдерінің пайдасына шешіп береді.

«СОТ ҮНЕМІ БИЛІК ЖАҒЫНА ШЫҒЫП КЕТЕДІ»

Ахмедьяров өзінің және «Уральская неделья» газетінің үстінен шағым түсіргендердің тек билік өкілдері екенін және олардың тек биліктегі коррупциялық істерге қатысты мақалаларға ғана шағымданып отырғанын айтқан.

Ұйымның билік өкілдерінің арыздары бойынша жүріп жатқан сот істері жайлы сұрағына Ахмедьяров бұған дейін де өзіне қарсы бірнеше іс қозғалғанын, соттың шамадан тыс көлемде моральдық шығын төлеуді міндеттегенін мәлімдеген.
Журналистерге арналған халықаралық Питер Маклер сыйлығының Лұқпан Ахмедьяровқа берілген белгісі.
Журналистерге арналған халықаралық Питер Маклер сыйлығының Лұқпан Ахмедьяровқа берілген белгісі.

Ахмедьяровтың «Уральская неделья» газетіне шыққан мақаласына қатысты Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашев шағым түсірген. Имашев мақалада «ар-намысына тиетін деректер барын» айтып, журналист пен газеттен моральдық шығын талап еткен. Сот Ахмедьяров пен газетке бес миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеген.

Ахмедьяров RWB өкілдерін «мұндай қаржыны таба алмайтынын айтып, апелляциялық сотқа шағымданғанынан, бірақ шешімнің өзгермегенінен» хабардар етті. Айтуынша, «сот шешімі заңға сай, ақылға қонымды және адам орындай алатындай болуы тиіс».

«Кісі өлтіргендерден судья моральдық шығын ретінде бір миллион теңгеден артық сұратпайды, бірақ шенеуніктің «ар-намысына тіл тигізгені үшін» журналистен 5-10 миллион теңге талап етеді» дейді журналист.

Қазақстан заңдары бойынша, журналист шағымданушының «ар-намысына тіл тигізген» жағдайда, тілші де, мақала шыққан газет те бірдей жауапкершілікке тартылады.

RWB өкілдері журналистен қорғану үшін және мақалаларының шындыққа сай екенін дәлелдеу үшін не істеп жатқанын сұраған. Ахмедьяров «құжат түрінде және басқа дәлелдер келтіріп жатқанын, бірақ соттың үнемі билік жағына шығып кететінін» айтқан.

ЕУРОПАЛЫҚ СОТҚА ДАЙЫНДЫҚ

Ол «Біз қазір Имашевтің шағымымен шыққан сот шешіміне наразылық танытып, жоғарғы сотқа шағым түсірдік. Қазақстан сотының қандай шешім шығаратынын күні бұрын сезіп отырмыз. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа шағымдану үшін алдымен елдегі барлық сот инстанцияларынан өтуіміз керек. Онсыз Еуропалық сотқа шағымдана алмаймыз» дейді.

Оның ойынша, билік «өзіне ұнамайтын» «Уральская неделья» газетін және журналистерді тұқыртуды және бұл ниетін «заң жүзінде іске асыруды» көздейді.
Қастандық жасалған түні Лұқпан Ахмедьяровты дәрігерлер ауруханаға жеткізді. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.
Қастандық жасалған түні Лұқпан Ахмедьяровты дәрігерлер ауруханаға жеткізді. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.

Лұқпан Ахмедьяров сұхбатында «Уральская неделья» газеті облыстық басылым болғанымен, оның Орал аймағы үшін маңызы зор. Басқа ақпарат құралдарын билік уысында ұстап отыр, ал «Уральская неделья» басылымы жұртқа балама ақпарат көзі ретінде қызмет етеді. Біздің газет сияқты басқа да басылымдар жабыла беретін болса, Қазақстанда ешқандай плюрализм болмайды. Журналистік кәсіппен айналысқан 10 жыл ішінде жазған мақалаларыма қатысты бірнеше рет істі болдым. Маған қарсы шағым бергендердің барлығы жоғары шенді шенеуніктер мен билікпен байланысы бар фирмалардың жетекшілері болды. Сот шешімдерінің әділ болуын қадағалайтын орындардың ешқайсысы менің үстімнен шыққан әділетсіз сот шешімдеріне наразылық танытқан емес. Қазақстан сот жүйесінің ақпарат құралдарына қысым көрсету құралы болып отырғаны өкінішті» дейді.

Журналист пен газетке қатысты қаржы полициясының қызметкері Арман Қожахметовтің шағымы және Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы әкімінің орынбасары Абзал Бірәлиевтің шағымы бойынша да сот шешім шығаруы тиіс. Қожахметов Ахмедьяров пен басылымнан моральдық шығын ретінде үш миллион теңге өндіріп беруді талап еткен.

Сөз бостандығы шектелген я сақталмайтын елдердегі жағдайларды батыл жазған журналистерге берілетін Питер Маклер сыйлығын халықаралық Reporters Without Borders ("Шекарасыз тілшілер") ұйымы тағайындаған. Биыл бұл сыйлық қазақ журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа тапсырылатыны туралы тамыз айында хабарланған.

Лұқпан Ахмедьяровқа 2012 жылы сәуірдің 19-ы күні Орал қаласындағы үйінің алдында белгісіз біреулер қарулы қастандық жасап, журналист ауыр халде жан сақтау бөліміне түскен еді. Операция жасаған дәрігерлер оған сегіз жерден пышақ салынғанын, тапаншадан резина оқпен атып жаралағанын айтты. Ал журналистің өзі жазған мақалаларының шенеуніктерге ұнамай жүргенін айтқан еді.
XS
SM
MD
LG