Accessibility links

Өзбек телеарнасы феминизм мен гомосексуализмді "рухани вирус" деп атап, "соғыс" жариялады


Өзбек телеарнасындағы феминизм мен гомосексуализмге арналған хабар.
Өзбек телеарнасындағы феминизм мен гомосексуализмге арналған хабар.

Өзбекстанның мемлекеттік телеарнасы феминизм, гомосексуализм сияқты "шетелдік" элементтерді "өзбек қоғамына жат нәрсе" деп сипаттап, кеш болмай тұрғанда мұндай "қатермен" күресті бастауға шақырды.

Халқының басым бөлігі мұсылман Өзбекстанның мемлекеттік телеарнасы "мұндайлар біздің қоғамда жоқ" деп, феминизм мен гомосексуализмге қарсы күреске шақырды.

Үкіметтің басты насихатшысы саналатын телеарнадағы "Миносабат" деген 90 минуттық тікелей эфир хабарында әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық пен тұрмыстағы әлімжеттікке наразылық білдірген жас өзбек әйелдерінің әлеуметтік желідегі флешмобы сынға ұшырады.

Бұл флешмоб биыл жазда Ферғанадағы бақта итімен серуендеп жүрген 17 жастағы қызды бір жігіт ұрып кеткен соң басталған еді.

Хабар жүргізушісі Құдыс Азамов та, студияға келген алты қонақтың ешқайсысы да кәмелетке толмаған қызды ұрған жігітті айыптамады. Есесіне олар флешмобқа қатысқандардың еуропаша үлгімен киінгенін, олардың ұран сөздерін сынап, бір ауыздан "бұлары ұят қылық" деген қорытынды жасады.

Facebook-тегі флешмоб
Facebook-тегі флешмоб

Флешмобта әйелдер "Әйел инкубатор емес", "Денем – менің өз шаруам", "Келін күң емес", "Қысқа шалбар секске шақыру емес" деген сияқты жазулармен суретке түскен.

Телехабар қонақтары бұл сөздерге қатты ашуланып, мұны "әйелдерді бала тумауға, ата-енесін сыйламауға алып баратын қауіпті құбылыс" деп атады.

Дәстүрлі өзбек отбасында келін үйдегі шаруаның көбін атқарып, бала тууы тиіс.

"Әйелдер өзерін болашағының күңіміз деп санауы керек... себебі олар өз балаларыны үлгі болады" деді студия қонағы, Өзбекстан қорғаныс министрлігі дін және ағарту бөлімінің басшысы Омонбек Ботайоров.

Хабардың және бір қонағы, "Маарифат" ұйымының мүшесі Жәмила Шермұхаммедова "феминизм өршіп барады, ол түптің түбінде еркектің отбасындағы дәстүрлі рөлін төмендетеді" деді.
Оның айтуынша, өзбектің кей әйелдері балаларын емізгісі келмейді, тіпті "баласын өзі бағудың орнына бала күтуші жалдайды".

Facebook-тегі флешмоб
Facebook-тегі флешмоб

Шермұхаммедова мен басқа да қонақтар әйелдердің баннерге жазуды орысша жазып алғанын да сынға алып, "жастар ана тілі мен дәстүр-салтын сыйламайды" деп кейіді.

Сондай-ақ ол "денем – менің өз шаруам" деген баннерді "тәнін сату" деген мағынада түсініп, "флешмоб жезөкшелікті насихаттап отыр" деп кінәлады.

ГОМОСЕКСУАЛДЫ ҚАЛАЙ ТАНУҒА БОЛАДЫ?

Хабардың басты мақсаты – флешмобты сынау болғанымен, студия қонақтары жынысы бір адамдар некесінің және жынысты ауыстыру операциясының қаупін де айтып өтті. Олардың айтуынша, трансгендерлердің кейбірі "Ресейге келіп үлгерген".

Сөйлегендер өзбек жастарын гомосексуалдардың ықпалына берілмеуге, "гейлердің киім үлгісіне" әуестеніп, оларды қайталамауға шақырды.

Телехабар қонақтарының айтуынша, гей адамдар жыныстық бағытынан хабар беретін киім киеді. Мәселен, олар өте қысқа шұлық киеді не мүлде кимейді және самай шашын қырып тастайды.

"Еуропада гейлер бір-бірін сол арқылы таниды" деді Өзбекстанның дін және ағарту комитетінің қызметкері Мансұр Мұсаев.

Шермұхаммедова бірде шаш үлгісі осы сипатқа келетін өзбектің екі жігітін ұялтып тастағанын айтты.

Өзінің айтуынша, ол мүлде танымайтын екі жігітті көшеде тоқтатып, "шаш үлгілерің қандай мағына беретінін білесіңдер ме?" деп сұраған.

Хабардың жүргізушісі Азамов болса "лесбиан деген жиіркенішті сөзді айтудың өзі қиын" деді.

"КЕШ БОЛМАЙ ТҰРҒАНДА КҮРЕСУ КЕРЕК"

Хабар қонақтары "бұл рухани әрі мәдени вирустармен" күресте нақты шараларды қолға алу керек деді және Өзбекстанға Covid-қа қарағанда осылардың қаупі көп деп тұжырым жасады.

Олардың айтуынша, флешмобты сырттағы әлдебір күштер ұйымдастырған.

"Мұның артында көзге көрінбейтін ықпалды күштер тұр" деп қорқытқан ол ешқандай адамды, топты не мемлекетті нақты атамады.

Шермұхаммедова мен Ботайоров бұл "дерттердің" өзбек қоғамына, менталитеті мен моральдық құндылықтарына қаупін азайту үшін "заң" қабылдау керек деді, бірақ оның қандай заң болуы керектігі жайын ашық айтпады.

Сонымен бірге Шермұхаммедова "ата-аналар бала тәрбиесінде өз міндеттерін дұрыс атқарып отырғанын тексеру үшін арнайы мониторинг жүргізу қажет" деді.

Қонақтардың барлығы "қоғамды тегіс талқандамай тұрғанда бұл қатердің бетін қайтару керек" деген тұжырым жасады.

"Алдын алмасақ, болашағымыз бұлдыр болмақ. Балаларымыз бізді тыңдаудан қалады, "мен өстім, есейдім" дейтін болады" деді қарт әртіс Иодгор Садиев.

"Әлі де уақыт бар. Біз өзбектің дәстүрін, ұлтымыздың даналығын сақтап қалуымыз керек" деді ол.

Facebook-тегі флешмоб
Facebook-тегі флешмоб

Хабар әлеуметтік медиа мен сайттарды сынауға бағытталғанымен, "өзбектердің көпшілігі Батыстың мәдени ықпалынан қорқады" деген әсер қалдырды.

Өзбек қоғамы қатаң отбасылық дәстүрге бағытталған, онда ер мен әйелдің рөлдері айқын бөлінген.

Еңбек пен білім алуда өзбек әйелдерінің құқықтары ерлердікімен бірдей, дегенмен үйде олар күйеуі мен ата-енесіне бағынып, үй шаруасымен айналысып, балаға қарауға міндетті.

Өзбекстанда ерлер арасындағы гомосексуализм қылмыс болып саналады, қылмыстық кодексте ол үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Заңда әйел мен әйел арасындағы қарым-қатынас қарастырылмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG