Accessibility links

Алламжоновқа қастандық. Өзбекстанда ол туралы не деп жатыр?


Комилжон Алламжонов қыркүйекке дейін Өзбекстан президенті әкімшілігінде ықпалды қызмет атқарып келген.
Комилжон Алламжонов қыркүйекке дейін Өзбекстан президенті әкімшілігінде ықпалды қызмет атқарып келген.

Шавкат Мирзияевтың қызының саяси серігіне қастандық жасалды. Бұл Өзбекстанның саяси сахнасында жүрген ықпалды отбасылар арасында жұрт ойлағандай бірлік жоғын аңғартқандай.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың үлкен қызының саясаттағы серігі Комилжон Алламжонов биыл жазда қысым көріп жүрген адамдай көрінген.

Ол шілдеде өткен ұлттық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистерге арналған брифингте Өзбекстанның ақпарат кеңістігінде "жалған ақпарат пен дезинформация көбейгенін" сынады.

Оған дейін бірнеше апта бойы көпшіліктің алдына шықпаған Алламжонов ойын ашып түсіндірмеді. Бірақ ол кезде Алламжоновтың қайда жүргені және саяси болашағы туралы қауесет күшейген еді.

Желіде Алламжонов елден қашып кетті, қылмыстық қудалауда жүр екен деген сыбыс тарады.

Бірақ Алламжонов президент әкімшілігі ақпараттық саясат департаментінің басшысы қызметін жалғастырып келгені белгілі болды. Ол бұл лауазымды қыркүйектің соңына дейін атқарды.

Алламжонов отставкаға кететіні жайлы мәлімдемесін президенттің қызы әрі көмекшісі Саида Мирзияевамен бірге жасады. Саида оған барынша ашық қолдау көрсетті.

Мирзияевтың үлкен қызы Алламжоновқа "президенттің тапсырмаларын жауапкершілікпен орындап, мемлекет пен қоғам үшін маңызды жобаларды жүзеге асырып, баспасөз бен білім жүйесін жақсартуда тамаша нәтиже көрсеткені үшін" алғыс білдірді.

Бір айға жетпей Алламжоновқа шабуыл жасалып, Өзбекстан "қастандық жасау" бабымен іс қозғады.

40 жастағы Алламжонов пен ол мінген Range Rover көлігінің жүргізушісі 26 қазанда жасалған қастандықтан аман қалған. Полицияның дерегінше, қастандық жасаушылар көлікке бірнеше мәрте оқ атқан.

Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталған.

Өзбекстан астанасы Ташкентте жол үстіндегі атыс – қалыпты жағдай емес. Оның үстіне, танымал саясаткердің көлігіне оқ ату – ілуде бір кездесетін құбылыс. Осыған орай, халық арасында "Қастандықтың артында кімдер тұр?", "Мирзияев отбасы басқаратын режим үшін бұл нені білдіреді?" деген сұрақ көбейді.

CАХНА СЫРТЫНДАҒЫ ҚҰПИЯЛАР

Әуелі бірнеше жайтты ескерген жөн.

Біріншіден, Өзбекстан туралы айтып отырмыз. Демек, бірнәрсе естіген күннің өзінде анығын ешқашан білмейсіз.

Екіншіден, ресми тергеу қорытындысы не десе де, бұл істің астары одан да күрделі болуы мүмкін немесе анау айтқандай елеулі болмауы да ықтимал.

Үшіншіден, қанша ай, жыл өтсе де, бәрібір оқиғаның жай-жапсарын түгел біле алмайсыз.

Осының бәрін ескерсек, Алламжоновтың өз жаулары бар болып шыққаны ешкімді таңғалдырмауға тиіс.

Мирзияев билікке жаңа келгенде Алламжонов журналистер мен блогерлерге қатысты қолданылған жұмсақ саясаттың басы-қасында жүрді. Сондықтан оның еркіншіл имиджі марқұм бірінші президент Ислам Каримовтың қатаң саясатынан ауытқуды қауіп көретін қауіпсіздік қызметінің өкілдеріне қытығына тиді.

2016 жылы ақпарат құралдары үшін "жылымық кезең" орнады. Бірақ кейінгі жылдары бұл саясат өзгеріп, қатаңдай бастады. Алламжонов бәрінен де Саида Мирзияевамен жақсы араласты.

Биыл күзде президент әкімшілігінен кеткенше, Алламжонов Мирзияеваның саяси карьеарасындағы кез келген баспалдақта оның жанында болды. Көбінде оған басшы болып жүрді.

Саида Мирзияева әкесінің ізбасары болуы мүмкін деген пікір кең тараған.
Саида Мирзияева әкесінің ізбасары болуы мүмкін деген пікір кең тараған.

2023 жылы Мирзияева президенттің бас көмекшісі болып тағайындалғанда, бәрі өзгерді. Бұл қызмет жақында ғана алынып тасталған президент әкімшілігінің басшысы дәрежесімен тең. Бас көмекші президент әкімшілігінде Мирзияевтан кейінгі ең ықпалды адам саналады.

Енді Мирзияева Алламжоновқа бастық болды. 67 жастағы Мирзияевтің денсаулығы жақсы болса да, Саиданың қызметінің жоғарылауы президенттің қызы үлкен лауазымға дайындалып жатыр деген қауесет туғызды. Көбі Мирзияева мен Алламжоновты саяси серіктес көрді.

Бұл Алламжоновқа ел алдына жиі шығып сөйлеу мүмкіндігін беріп, оның тұлғасына саяси салмақ қосты. Ақпарат құралдары Алламжоновтың іскерлік мүддесі артқаны жайлы көп зерттеулер жүргізіп, оны мүдделер қайшылығы үшін айыптай бастаған кезде де оған қауіп төне қоймады.

Бірақ Мирзияеваның саяси серіктесі болу — оған үйленумен тең емес.

Telegram платформасының негізін қалаушы Павел Дуров пен Отабек Умаров Ташкентте. 2024 жылғы маусым.
Telegram платформасының негізін қалаушы Павел Дуров пен Отабек Умаров Ташкентте. 2024 жылғы маусым.

Президенттің күйеубаласы мәртебесіне Мирзияевтың кенже қызы Шахнозаның күйеуі Отабек Умаров ие.

Ол 2016 жылы президенттің қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары болғаннан бастап, әлеуметтік желіде қаһарман бейнесінде танылып, бірінші кезекте, спорттың дамуын қолдап келеді. Оның Instagram парақшасына 38 миллион адам жазылған. Умаров әлеуметтік желіге танымал шетелдік тұлғалармен суреттерін жиі салады.

Азаттық зерттеуінде 40 жастағы Умаровтың отбасылық байланыстарының арқасында қисапсыз байлық жинағаны, оның саяси және экономикалық элита арасында сахна сыртындағы делдал қызметін атқаратыны айтылған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің жоғары шенді ақпарат көздері бірнеше ай бойы Умаров пен Алламжоновтың қарым-қатынасы нашар екенін айтып келді.

Бір ақпарат көзіне сәйкес, Умаров өзі мафиямен байланысы бар кәсіпкерлер мен саясаткерлерді қудалау үшін құрған бейресми, құпия "жедел тобының" жұмысына Алламжонов кедергі келтірмек болды деп күдіктенген соң, екеуінің арасында кикілжің өршіген.

Шілдеде Азаттықпен сөйлескен ақпарат көзі Алламжоновтың араласуынан кейін тергеу басталып, жедел топ жұмысы біраз уақытқа тоқтап қалды деген.

Бұл саяси сахна сыртындағы махинациялар сияқты көрінеді.

Басқа ақпарат көздері Алламжоновтың көлігіне жасалған шабуыл жөніндегі тергеуді де Умаровтың серіктестері жүргізіп отыр дейді. Бұл да сол махинацияға ұқсайды.

Өзбекстанның Telegram арналарында жүрген болжамдарға сәйкес, Алламжонов қарсыластарын жерге қарату үшін өзіне қарсы қастандық ұйымдастырған болуы мүмкін.

27 қазанда Бас прокуратура шабуылға қатысты "расталмаған, негізсіз" пікірлер көбейіп кеткенін айтып, халықтың алаңдаушылығын туғызатын жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Бірақ бұл ел ішіндегі қауесетке тоқтау сала алған жоқ.

ОТБАСЫ ІСІ

Әзірге Алламжоновқа қарсы жасалған қастандыққа Умаровтың немесе Өзбекстан үкіметінің басқа бір мүшесінің қатысы барын растайтын дәлел жоқ.

Бірақ шындық қандай болса да, бұл жағдай режимге бәрібір ұнамайды.

Шабуыл жергілікті парламент сайлауына бір күн қалғанда болған. Сайлау нәтижесінде сол бұрынғы билікке адал бес партия парламентте қалды.

Парламенттік сайлауда дауыс беріп жатқан өзбек әйелі. 27 қазан.
Парламенттік сайлауда дауыс беріп жатқан өзбек әйелі. 27 қазан.

Бәрі баяғыдай сияқты көрінгенімен, Мирзияев режиміндегі маңызды тұлғалар айналасындағы спекуляциялар керісінше көрінеді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің әлеуметтік желідегі ең танымал видеоларының бірінде 27 қыркүйекте сайлау күні түсірілген Мирзияев отбасының суреттері алдыңғы жылғы сайлаудың суреттерімен салыстырылған.

Бұл жолы кім көрінбейді?

Суретте Мирзияев жоқ. Президент әкімшілігі жариялаған фотода президенттің жары Зироатхон Хошимованың екі жағында Мирзияева мен Умаров тұр.

Өзбекстандағы жағдайды бақылап отырған британдық сарапшы Әлішер Илхамов Азаттыққа берген сұхбатында 67 жастағы президенттің отбасының кей мүшелеріне көңілі толмайтын сияқты дейді.

Президенттің туыстары өз қызметін асыра пайдаланатын елде Мирзияев биліктегі отбасын уысында ұстау қаншалық маңызды екенін жақсы біледі.

2016 жылы Каримов қайтыс болғаннан кейін президенттің орнын баспай тұрып, Мирзияев он жылдан астам уақыт бойы премьер-министр болған. Ол кезде Каримовтың отбасы мүшелері, алыс-жақын туыстары астамшылдығымен көзге түскен.

Сәнді киініп, әдемі сөйлейтін 39 жастағы Саида Мирзияева Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримоваға қарама-қайшы тұлға ретінде тәрбиеленген. Каримованың өзін ұстауы, жемқорлыққа әуестігі Өзбекстанда да, шетелде де көп мәселе туғызды.

Соңында Каримова Twitter-де анасы мен әпкесін әртүрлі заңбұзушылықтар жасады деп айыптаған соң, әкесінің көзі тірісінде-ақ үйқамаққа алынды.

Бір кездері Гугуша деген лақап атпен танылған Каримова халықаралық қылмыстық тергеулерге іліккен. Ол әлі күнге дейін Өзбекстанда түрмеде отыр.

Осылайша, Каримова Мирзияев режимі үшін жазылмаған ауру болып қалды.

Бірақ дәл қазір Өзбекстанның екінші президентінің одан да өзекті мәселелері бар.

Азаттық радиосы Өзбек қызметі әзірлеген хабарға сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG