Accessibility links

Каримов басқарған кездегі Өзбекстан


Ислам Каримов (оң жақта) Өзбекстан тұрғындарымен кездесіп тұр.
Ислам Каримов (оң жақта) Өзбекстан тұрғындарымен кездесіп тұр.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов 78 жасында дүниеден өтті. Ол 20 жылдан астам билік етіп, саяси ғұмырын көпшілік алдында өткізді.

Орталық Азияның халқы ең тығыз қоныстанған мемлекетін ширек ғасыр бойы басқарған Ислам Каримов 78 жасында, қыркүйектің 2-сі күні кешкі сағат 20.15-те Ташкент ауруханасында қайтыс болды.

АДАМ ҚҰҚЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ АЙЫПТАУЛАР

Коммунистік партияның бұрынғы жетекшісі Каримов қауіпсіздік қызметі арқылы елді қорқытып, адам құқығын бұзумен жиі көзге түсті, Ресей мен Батыс арасында геосаяси тепе-теңдік орнатуға тырысты және президенттік өкілеттігін шамасы келгенше күшейтті.

Ол билік еткен кезеңде белсенділер саяси тұрғыда басқаша ойлағаны үшін үнемі қысым көргенін айтады. Өзбекстанның мақта алқаптарында тұрғындарды мәжбүрлеп жұмысқа салу және құқық қорғау мекемелері мен қауіпсіздік күштері адамдарды азаптау оқиғасы бойынша көп сөз болды.

Совет Одағы тарағаннан бері билікте бір адам ғана отырған, үкімет бұлыңғыр саясат жүргізген, демократия мен заңды бұлтартпай орындау тәжірибесі жоқ мемлекетте келесі президенттің кім болатыны белгісіз.

1938 жылы Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі қала Самарқанда туған Каримов экономист мамандығын алды. 1989 жылы Өзбек ССР-і коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайланып, биліктегі жолын бастады. Ол 1990 жылы әлі советтік республика болып тұрған елде президент болып сайланды. Сол кезде Каримов жаңадан қалыптасқан мемлекетті ондаған жылдар бойы басқаратынын байқатты. Ол: «Егер мені ертең президент етіп сайласаңдар, маған парламентті тарату құқығы керек. Сол кезде соңғы сөзімді айтамын» деген.

Каримов 1991 жылы тамыздың 31-і күні Өзбекстанның тәуелсіздігін жариялады, бұл кезде Совет Одағының жұрнағы ғана қалған еді, содан соң елдегі алғашқы президенттік сайлауда жеңіске жетті.

Бұдан кейін ол ширек ғасыр бойы қайта сайланып, әр сайлауда 90 пайыздай дауыс жинаумен болды. Бірақ Батыс елдері ол сайлаулардың еркін, әділетті болмағанын, «президенттікке екі реттен артық түсуге болмайды» деген конституция бабына қайшы екенін айтқан.

Айлакер саяси қайраткер Каримов бұдан соң тәуелсіз Өзбекстандағы билігін күн санап күшейтті, ықтимал бәсекелестері мен қоғамды үрейде ұстау үшін күменді қоғамдық референдум өткізіп, саяси оппозицияның үнін шығармады, сыншыл бұқаралық ақпарат құралдарын жауып тастады.

Сәуір айында жыл сайынғы адам құқығына қатысты баяндамасын жасаған АҚШ мемлекеттік департаменті «Өзбекстанда Ислам Каримов жетекшілік ететін атқарушы билік үшін саяси өмір басты орында тұр және ол биліктің басқа салаларын толық бақылайды» деді. Каримов басқарған тұста өзбек сот жүйесі халықаралық бақылаушылар тарабынан үнемі сынға ұшырады, «тұтқындарды азаптайды» деп айыпталды.

2007 жылы Human Rights Watch (HRW) «Сөз тыңдайтын ешкім жоқ: Өзбекстандағы адам азаптау мен қатыгез қарым-қатынас» деген баяндамасын жариялады. HRW Женевадағы директоры Джульетт де Риверо Азаттықтың Өзбек қызметіне «адамды азаптау тұрақты тәжірибеге айналған, сотта ісі қаралған адамды барлық кезеңде қысымға алып, азаптауға апаратын жағдайларға жетелейді» деген еді

Каримовты біреулер қауіпсіздік мақсатында аяусыз әдістер қолданғанын, оны әсіредіншіл әскерилерге қарсы тұру деп ақтағанын айтады. Әсіредіншіл топтарға аяусыз шара қолданған соң 1999 және 2004 жылдары мемлекетте жарылыс болды және елде тыйым салынған Өзбекстанның ислам қозғалысы (ӨИҚ) тобы 1999 және 2000 жылдары екі рет басып кірді.

Әсіредіншіл радикалдармен «дұрыс күресе алмаған» депутаттарға ұрысқан Каримов 1990 жылдардың соңында парламентте: «Егер олай істеуге дәттерің бармаса, маған қару беріңдер, оларды өзім басынан атайын» деген.

АЙМАҚТА ГЕГЕМОН БОЛУҒА ҰМТЫЛУ

Каримов Өзбекстанның орналасқан аумағын пайдаланып Вашингтонмен қарым-қатынасты жақтартуға тырысты. «Әл-Каида» ұйымы айыпты саналған 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Ауғанстан шекарасы арқылы өтетін АҚШ әскери операциясына материалдық-техникалық көмек ұсынды. Адам құқығын қорғаушылар «АҚШ шенеуніктері өзбек президентінің елдегі құқық бұзушылығына көз жұмды» деп айыптады – Вашингтон оған келіспеді.

2005 жылдың мамырында елдің шығысындағы Әндіжан қаласында үлкен ереуіл болды. Оны өзбек қауіпсіздік күштері аяусыз басып-жаныштады, жүздеген адам қаза тапты. Каримов халықаралық тергеу жүргізуден бас тартып, «тәртіпсіздікке сырттан оқып келген әсіредіншілдер айыпты» деп мәлімдеді.

Бұрынғы советтік елдермен және Ауғанстанмен шекараласатын Өзбекстан – Орталық Азияның халқы ең тығыз қоныстанған мемлекеті, сондықтан аймақтағы ең ірі әскери күшке ие. Бұл өлкеде мұнай мен газдың қомақты қоры бар. Каримов тұсында мемлекет өзін аймақтағы басты ел ретінде ұстауға тырысты, сондықтан кейде көршілерімен бәсекеге түсіп, шекара мәселесінде қақтығыстар туындап жатты. Көбіне су ресурсына байланысты келіспеушіліктер болды.

Ташкент өзбек шекарасын жапқан сайын діни экстремизмге сілтеме жасады. Солайша өз халқының да, Ферғана алқабында мәдени араласып жатқан көршілердің де өмірін қиындатты. Газды экспортқа шығарғанның арқасында Каримов Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты кедей көршілеріне ықпал етті, газ құны төленбеді деп не басқа себептермен газ жібермей қойған кездері болды.

Көршілес мемлекеттер Каримовтың қауіпсіздік күштері өзбек билігі іздеу салған адамды ұстау үшін өз аумақтарына немесе шекаралас жерлерге құпия шабуылдады деп айыптаған сәттер болды. Адам құқығына қатысты мәселелер болғанына қарамастан, Өзбекстанның географияық орны мен энергетикалық ресурсы оны Ресей мен Батыс елдеріне тартымды етіп көрсетті.

Бірақ Каримов жүргізген саясаттың кесірінен Өзбекстан пен Ресей, АҚШ, Еуропа Одағы және халықаралық қаржы институттары арасында алауыздық туындаған кездер болды.

1990 жылдары Тәжікстан азаматтық соғысты бастан өткерді. Бұл кезде Қырғызстан мен Қазақстанда президент пен парламент арасында наразылық туындаған еді. Орталық Азияның көптеген елдері тіршілік ету үшін халықаралық көмекке зәру болды. Бірақ Өзбекстанда жағдай біршама тұрақты еді, өз халқын тауар және қызметпен қамтамасыз ете алды, электр энергиясы және табиғи газ тартуға қауқары жетті.

ГҮЛНАРА МЕН ЛОЛА КАРИМОВАЛАР

Сарапшылардың айтуынша, шектен тыс басып-жаншу мен өмір сүру жағдайының төмендігі наразылыққа ықпал етті. Өзбекстанды сынаушылар экономикалық реформалардың болмағанын, сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстықтың тарағанын айтады. Ауқымды мақта өнеркәсібі үшін халықты мәжбүрлеп жұмысқа салғанын халықаралық құқық қорғаушылар тобы сан рет сынады.

Каримовтың екі қызы – Гүлнара мен Лола елде қалыптасқан жүйеден үлкен пайда көрді. 2011 жылы Швейцарияның Bilan бизнес журналының дерегі бойынша, Каримовалар ең бай 300 тұрғын санатына енген. Үлкен қызы Гүлнара бір кездері көпшіліктің көз алдында жүретін кәсіпкер еді, оны әкесінің мұрагері ретінде қарастыратын. Бірақ Гүлнара Каримова 2014 жылдан бері үйқамаққа қамалды, оған халықаралық деңгейдегі жемқорлық туралы дау себеп болса керек.

Тамыздың 28-і күні өзбек үкіметі Каримовтың денсаулығы туралы мәлімдеме жасаған соң Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы елшісі Лола Каримова-Тилляева әкесінің «миына қан кетіп», жансақтау бөліміне түскенін хабарлаған еді. «Қазір оның денсаулығы туралы болжам жасауға әлі ерте» деген Лола Тилляева-Каримова әкесінің 28-і күні ауруханаға жатқанын растайды. Ол орыс, өзбек және ағылшын тілінде жазған хабарламасында адамдардан алыпқашты сөз таратпауды сұрап, отбасының жеке өмірін сыйлауды өтінген.

XS
SM
MD
LG