Accessibility links

"Көзбояуға ұқсайды". Мирзияевтің жұмыссыздықпен күрес жоспарын орындау қиын


Аймақты аралап жұрген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес бағдарламасы туралы айтып тұр. 18 ақпан, 2021 жыл.
Аймақты аралап жұрген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес бағдарламасы туралы айтып тұр. 18 ақпан, 2021 жыл.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев жаппай жұмыссыздықпен күрес жоспарының аясында кәсіпкерлерден жастарға көп жұмыс орнын ашуды талап етті. Кәсіпкерлер бұл талапты орындау қиын дейді.

Өзбекстан үкіметі биыл "Әр кәсіпкер жастарға қолдау көрсетсін” деген жобаның аясында жастарға жарты миллионға жуық жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Жоғарыдан түскен бұл пәрмен кәсіпкерлерге үлкен салмақ болатын түрі бар.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың желтоқсанда өткен жастар форумында ұсынған жобасы бойынша, кәсіпкерлер 18-30 жас аралығындағы кемі бір экономикалық белсенді жасты жұмысқа алуға міндетті.

"ЖАЛАҚЫНЫ ҚАЙДАН ТАУЫП ТӨЛЕЙМІН?"

Шағын және орта бизнес өкілдері Covid пандемиясына байланысты енгізілген шектеулер салдарынан көп шығынға батып отырғанда осындай бастама көтерілді.

Бірақ 34 миллион халқы бар авторитарлық мемлекетте президенттің жарлығын орындамаудың салдары ауыр болуы мүмкін.

Кей кәсіпкер жаңа қызметкер алуға қажеттік те, оларға жалақы төлейтін ресурс та жоғын айтты.

Кәсіпкерлердің көбі – шағын отбасылық бизнесі бар азаматтар. Олар көбіне артық шығын шығармау үшін сырттан ешкімді жұмысқа алмайды.

Автошеберханасы бар Рустам Рузметов президент бастамасын қолдамаса да, мемлекеттік бағдарлама бойынша екі қызметкерді жұмысқа алған. Ол елдің солтүстік-батысында орналасқан Хорезм өңіріндегі бизнесі қосымша қызметкерлерге жалақы төлейтіндей көп табыс таппайтынын айтады. Бірақ ол президенттің талабын орындамаса, биліктің “қара тізіміне” ілінуім мүмкін деп қауіптенеді.

Ташкент облысы Кибрвй ауданының көрінісі.
Ташкент облысы Кибрвй ауданының көрінісі.

Өзінің айтуынша, жергілікті билік оған "Шебердің көмекшісі етсең де екі жасты жұмысқа ал" деген.

"Бизнесім біраз уақыт шығынға батты, сондықтан қосымша екі қызметкерге жалақыны қайдан тауып төлейтінімді білмеймін. Бірақ келіспесем, билік өкілдері бизнесіме қысым көрсетеді. Мысалы, салық қызметкерлерін соңыма салып қоюы мүмкін" дейді ол.

Аты-жөнін жасыруды өтінген бұхаралық кәсіпкер отбасылық кондитерлік цехына жергілікті билік ұсынған бес қызметкерді жұмысқа алғанын айтты.

Оның айтуынша, билік өкілдері жаңа қызметкерлерді жұмысқа аламыз деген "кепілдеме хатқа" кәсіпкерлердің қолын қойғызып алған.

Бұхаралық кәсіпкер бес жаңа қызметкерге жалақы төлеуге жағдайы жоғын айтады.

Оның коронавирус пандемиясына байланысты алты айға жабылған фабрикасы жақында ғана қайта ашылған.

"Билік бұл жоба арқылы онсыз да банкрот болудың алдында тұрған кәсіпкерлерге қосымша салмақ салып отыр. Бұхарадағы мемлекеттік қызмет агенттігінің өкілдері жастарды жұмысқа алсам, біраз жеңілдік берілетінін айтты. Жаңа қызметкерлерге төлейтін ақшам жоғын айтқанымда, шенеуніктер "Кепілдеме хатқа қол қой, қалғанын кейін көреміз" деді. Құжатқа қол қоюдан басқа амалым болмады" дейді кәсіпкер.

Жобаны жүзеге асыруға қатысқан бірнеше өңірлік шенеунік өздеріне барынша көп кепілдеме хат жинау туралы тапсырма берілгенін мойындайды.

"Бұл көзбояуға ұқсайды. Бастысы, мемлекет басшысына көп жасты жұмыспен қамтыдық деген есеп берсе болды" дейді Самарқан облысындағы мемлекеттік қызмет агенттігінің өкілі. Ол басшылықтың қырына ілігуден қорқып, аты-жөнін жарияламауды өтінді.

Азаттықтың Өзбек қызметі Ташкент әкімшілігіне және өңірлердегі мемлекеттік қызмет агенттіктеріне хабарласып, жастарды жұмыспен қамту жобасына қатысты шағымдарға пікір беруді сұрады.

ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАЛАРЫ

"Әр кәсіпкер жастарға қолдау көрсетсін” жобасы – Ташкенттің жұмыссыздықпен күреске арналған көлемді бастамасының бір бөлігі.

Елдегі жұмыссыздық 13 пайыз деген 2020 жылғы ресми деңгейден әлдеқайда жоғары екенін шенеуніктер де мойындайды.

Пандемияға дейін 6 миллионға жуық өзбек мигранты күнкөріс қамымен Ресейге, Қазақстанға және басқа елдерге жұмысқа кететін. Былтыр коронавирус індетіне байланысты шекаралар жабылған соң, олардың көбі шетелге шыға алмай, үйінде отыруға мәжбүр болды.

2020 жылдың соңында үкімет жастарға жұмыс орындарын ашу үшін бизнес-несие мен оқыту бағдарламаларына ондаған миллион доллар қаржы бөлуді жоспарлап отырғанын айтқан.

Жергілікті ақпарат құралдары "Жастар 1+1” жобасының аясында алты күндік семинарлар ашылғанын, оқу курсын бітіргендер 3 мың долларға дейін бизнес-несие алуға өтініш бере алатынын жазған.

Шағын бизнес ашқан азаматтардың 21 400 долларға дейін несие алуға мүмкіндігі бар.

Мирзияев өңір басшыларына жағдайды бақылауда ұстау үшін жарты жыл сайын жастармен кездесу өткізіп тұруды тапсырған.

Қаңтарда Мирзияев жеке шаруалардан ауыл шаруашылық жерінің бір бөлігін жұмыссыз жастарға беруді талап еткен.

Шаруалардың қарсылығына қарамастан, ақпанда егін маусымының алдында жастарға жер бөлу басталған. Бірақ жер алған жастардың бірқатары билік өкілдерінің бірнеше күннен кейін шешімін өзгертіп, егін егуге берілген аумақты қайтарып алғанын айтқан.

Кушработ ауданы жастар ісі бөлімінің басшысы Холбек Кубаев (ортадағы суретте оң жақта) жас фермерге беріліп, артынан қайтарып алынған жерге қатысты еш түсінік бермеді.
Кушработ ауданы жастар ісі бөлімінің басшысы Холбек Кубаев (ортадағы суретте оң жақта) жас фермерге беріліп, артынан қайтарып алынған жерге қатысты еш түсінік бермеді.

Мәселен, Самарқан облысында тұратын 14 жас азамат алған жерін игеріп үлгермей жатып, билік өкілдері қайтарып алғанын айтқан.

Қиқым ауылында тұратын азаматтарға жергілікті телеарналардан көрсетілген салтанатты рәсімде Самарқан облысы Кушработ ауданынан 40 акрдан жер берілген.

24 ақпанда өткен салтанатты рәсімде Кушработ аудандық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Холбек Кубаев “Бұл – жұмыссыз жастарға жер беру процесінің бастамасы” деп мәлімдеген.

Қиқым ауылының тұрғындары мемлекет берген жердің қыр басында орналасқанына, өнімдерді тамшылатып немесе басқа әдіспен ғана суаруға болатынына қарамастан, еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндік туғанына қуанған.

Артезиан құдығын қазамыз деп ойлаған оларға аудан әкімдігі қаржы бөлуге уәде берген.

"Жүзім өсіріп, бұршақ және басқа да өнімдер егеміз деп ойладық" дейді жер алған азаматтардың бірі.

"Ресейге бармайтынымызға қуандық. Бірақ жерді игеруді жоспарлап қойған кезде аудан әкімдігі "жер берілмейді" деді.

Аудан әкімдігі оларға президент жобасы бойынша 25 гектар бөлінген басқа ауданнан ғана жер алуға болатынын айтқан.

Бірақ олардың аты-жөні жер алатын адамдардың тізіміне кірмеген.

Кушработ аудандық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мухтор Кувондиков "үкімет азаматтардың жерін тартып алды" деген ақпаратты жоққа шығарды.

Кушработ аудандық жастар ісі жөніндегі басқармасының өкілі Кубаев бұл оқиға туралы сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Азаттықтың Өзбек қызметінің материалы ықшамдалып аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG