Accessibility links

Шавкат Мирзияевтың жеңіске жеткені хабарланды


Шавкат Мирзияев. Ташкент, 5 желтоқсан 2016 жыл.
Шавкат Мирзияев. Ташкент, 5 желтоқсан 2016 жыл.

Өзбекстанда желтоқсанның 4-і күні өткен президент сайлауында Шавкат Мирзияев 88,6 пайыз дауыс жинаған.

Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хабарлауынша, сайлауға қатысқан халықтық-демократиялық партия үміткері Хотомжон Кетмонов – 3,73 пайыз, «Адолат» социал-демократиялық партия үміткеріНариман Омаров – 3,46 пайыз,«Миллий тикланиш» («Ұлттық жаңғыру»)партияcынан үміткері Сарвар Отамұратов 2,35 пайыз дауыс алған. Дауыс беруге сайлаушы тізіміндегі 20 миллион адамның 17,9 миллионы (87,83 пайызы) қатысқан.

ОСК президент сайлауы «таза және әділ өткенін» хабарлағанымен, кей жерлерде жәшікке бюллетендерді заңсыз тастау оқиғалары кездескен. Азаттықтың Өзбек қызметінің жазуынша, Өзбекстандағы президент сайлауын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ташкенттегі өкілі Петер Тейлер: «Өзбекстандағы президент сайлауы ұзақ уақыттан бері жалғасқан кемшіліктерді реттеу үшін жаппай реформа жүргізу керек екенін көрсетті. Елде қалыптасқан құқықтық жүйе демократиялық сайлау өткізуге қабілетті емес» деген.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Өзбекстандағы президент сайлауы

Желтоқсанның 4-і күні өткен президент сайлауына өзбек оппозициясы қатысқан жоқ. Өзбекстан заңы бойынша, президентке үміткер тек саяси партия атынан түседі. Елде төрт саяси партия бар және олардың бәрі өздерін билікшіл партиямыз деп санайды.

59 жастағы Шавкат Мирзияев қыркүйек айында Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болған соң президент міндет атқарушы болып келді. 2003 жылдан бері премьер-министр қызметін атқарған Мирзияевтың президент міндетін уақытша атқарушысы болуы конституцияға сай жарияланбаған. Өзбекстан конституциясы бойынша, президент міндетін уақытша атқару алдымен парламенттің жоғарғы палатасының спикеріне жүктелуі тиіс болатын. Мирзияев бұған дейін "Ислам Каримов салып берген саяси бағыттан айнымайтынын" мәлімдеген.

Сайлау күні дауыс беруге сайлау учаскесіне отбасымен келген Шавкат Мирзияев ешқандай сөз сөйлемеген. Оның бала-шағасы бұған дейін көпшілік алдына бірге шықпаған.

Өзбекстан заңы бойынша, президент инаугурациясы сайлаудан кейін екі айдан соң өтуі керек. Алайда ресейлік басылымдар Шавкат Мирзияевтың инауграциясы жаңа жылға дейін өтетінін жазып жатыр.

XS
SM
MD
LG