Accessibility links

Өзбекстанда тағы бір құқық қорғаушы бостандыққа шықты


Белсенділер Фахриддин Тилляев (оң жақта( пен Азам Тұрғынов.
Белсенділер Фахриддин Тилляев (оң жақта( пен Азам Тұрғынов.

Мамырдың 12-сі күні оппозициялық Өзбекстан халық қозғалысының белсендісі Фахриддин Тилляевті түрмеден мерзімінен ерте босатты. Өзбекстанда және елден тысқары жерлерде еңбек мигранттарының құқығын қорғаумен айналысқан белсенді 2014 жылы "адам саудалады" деген айыппен 11 жылға сотталған еді.

КҮТПЕГЕН БОСТАНДЫҚ

Фахриддин Тилляев түрмеден 12 мамыр күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:30-да шыққан. Ол Өзбекстан Жоғарғы сотының ұйғарымы негізінде түрмеден шартты жазамен мерзімінен ерте босағанын Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісіне телефон арқылы айтты.

– Маған "сені босатты" деді. Сот ұйғарымымен таныстырып, құжаттарға қол қойдырды, сосын сыртқа шығарды, - дейді Фахриддин Тилляев.

2014 жылы 6 наурызда Ташкенттің Шайхонтохур аудандық қылмыстық істер соты Фахриддин Тилляевті 10 жыл және 8 айға түрмеге кескен. Онымен бірге тағы бір өзбек белсендісі Нұриддин Жұманиязов сегіз жыл үш айға сотталған болатын.

Нұриддин Жұманиязов.
Нұриддин Жұманиязов.

Сот екеуін де "адам саудалады" деп айыптаған.

2016 жылы 31 желтоқсанда Нұриддин Жұманиязов түрмеде қайтыс болды. Оның жасы 68-де болатын.

"ТЫРНАҚ АСТЫНА ИНЕ ТЫҒЫП, ТОКПЕН ҚИНАДЫ"

Кейінгі төрт жыл бойы құқық қорғаушы Фахриддин Тилляевтің әріптестері оған тағылған айыптар ойдан шығарылған, істің саяси астары бар деп мәлімдеп келген болатын. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Тилляевтің түрмеде аяусыз азапталғаны туралы хабарлаған.

– Мені сотқа дейін де азаптады. Азаптау түрмеде одан әрмен жалғасты. Әбден қинап, қысым көрсетті. Мысалы, тырнақтарымның астына, башпайларымның арасына ине тықты. Тыр жалаңаш шешіндіріп, қақаған аязда сыртқа шығарды, үстіме мұздай су шашты. Шынжырмен табанымнан ұрды. Мені алты адам азаптады, маған ойларына келгенін істеді. Түрмеде өткізген күндеріме өкінемін. Өйткені еркіндігімнен, бәрінен айрылдым,- дейді түрмеден босаған құқық қорғаушы Азаттыққа.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ КӘСІБИ ҚЫЗМЕТІН ЖАЛҒАСТЫРМАҚ

Сотталғанға дейін Фахриддин Тилляев пен Нұриддин Жұманиязов қарапайым жұмысшылардың тәуелсіз кәсіподағын құрып, еңбек мигранттарының құқығын қорғаумен айналысқан.

Түрмеден шыққан күні Тилляев Азаттық тілшілеріне адамдардың құқығын қорғаумен айналыса беретінін мәлімдеді.

– Өзім құрған ұйым жұмысын жалғастырғым келеді. Жазықсыз сотталған діндарлардың құқығын қорғап, соттарына қатыссам деймін, - дейді Тилляев.

2013 жылғы қыркүйекте Ташкент қаласы Чиланзар аудандық қылмыстық істер соты Фахриддин Тилляевті "ұзақ бұзақылықпен айналысты", "жала жапты" және ойдан шығарылған әрі жалған фактілерге негізделген мақалалар жазып, Интернетте "жариялады" деп айыптап, 15 тәулікке қамаған болатын.

2013 жылғы тамызда мигранттарды қолдау акциясына қатысқаны үшін Тилляевке жеті миллион сум көлемінде айып салған. Соңынан 2014 жылы сотталып кеткен болатын.

Өзбекстанда 2016 жылы президент Ислам Каримов қайтыс болып, орнына Шавкат Мирзияев келгелі бірнеше саяси тұтқын бостандыққа шықты.

XS
SM
MD
LG