29 қаңтарда кешке АҚШ астанасы Вашингтонда CRJ700 жолаушы ұшағы тікұшаққа соғылып, Рейган атындағы әуежайға жақын жердегі өзенге құлады. Бұл жөнінде "Америка дауысы" сайты жазды.
Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмысы жүріп жатыр.
American Airlines әуе компаниясындағы дереккөзге сүйенген Reuters ұшақтың жолаушылар тізімінде 60 адам болғанын жазды. Ізінше компания төрт экипаж мүшесі де болғанын айтты. Зардап шеккендер туралы ақпарат толықтырылып жатыр. Reuters-тің жазуынша, тікұшақ бортында үш әскери қызметкер болған. Олар туралы ақпарат әзірге жарияланбады.
Судан 19 мәйіт шығарылған. Әзірге, тірі қалғандар табылмады деп жазды BBC сайты.
АҚШ азаматтық авиациясы федералдық басқармасының хабарлауынша, сәрсенбі күні кешкі сағат 9 шамасында PSA Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы қонуға бет алғанда Sikorsky H-60 тікұшағымен соқтығысқан.
Ұшақ American Airlines рейсін атқарған және Уичита (Канзас) қаласынан Вашингтонға ұшқан.
Бақылау камерасынан алынған видеода Рональд Рейген атындағы әуежайға қонуға бет алып, төмен ұшып келе жатқан ұшақ Потомак жағасында өзге бір әуе кемесімен соқтығысып, ізінше жарылыс болғаны көрінеді.
Америкалық мәнерлеп сырғанаушы Люк Ванг ұшақ бортында фигуристер мен жаттықтырушылар болғанын жазды: бірнеше күн бұрын Уичитода мәнерлеп сырғанау бойынша чемпионат аяқталған. Фигурист Лэйн Спенсер ұшаққа отырмай тұрып, сториз жариялаған. Оның жазылушылары көңіл айтып жатыр.
Уичито әуежайында ұшаққа жіберілмеген мәнерлеп сырғанаушы Джон Маравиллге сүйенген РИА "Новости" жазуынша, ұшақ бортында 14 фигурист және бірнеше бапкер болған. Арасында 1994 жылы мәнерлеп сырғанау бойынша әлем чемпиондары Евгения Шишкова және Вадим Наумов болған, олар кейінгі жылдары АҚШ-та жаттықтырушы болған деп жазды ТАСС. Олардың ұлдары Максим Наумов Америка құрамасына кірген.
АҚШ мәнерлеп сырғанау бойынша федерациясы апатқа ұшыраған ұшақта фигуристер, олардың ата-аналары мен жаттықтырушылары болғанын растады.
Пентагон қысқа хабарламасында ұшақпен соқтығысқан тікұшақтың әскери тікұшақ болғанын растады, бірақ бортында қанша адам болғанын айтпады.
Рональд Рейган атындағы әуежай Ақ үй мен Капитолийдің оңтүстігінен шамамен төрт шақырым жерде орналасқан.
АҚШ президенті Дональд Трамп қысқа мәлімдеме таратып, ұшақ апаты мен құтқару операциясы жөнінде ақпарат алып отырғанын хабарлады.
Бұл 2009 жылдан бергі АҚШ-та болған ірі ұшақ апаты. Сол жылы Ньюарктан келе жатқан Bombardier Q400 ұшағы Буффало әуежайына қонар кезде ғимаратқа соғылып, 49 адам қаза болған.
- 43 жыл бұрын 1982 жылы Air Florida әуекомпаниясының "Боинг-737" ұшағы Вашингтон орталығындағы көпірге соғылып, Потомак өзеніне құлаған. Ұшақ Вашингтон әуежайынан ұшқан, кейін әуежайға президент Рональд Рейганның есімі берілді. Ұшақ апатынан 78 адам қаза болды, бұға қоса сол мезетте көпірден көлікпен өтіп бара жатқан үш адам опат болды.
ПІКІРЛЕР