Джо Байден Калифорнияның атынан сайланған сенатор Камала Харристі өзінің вице-президенті болуға үміткер ретінде бірден таңдаған жоқ. Харрис басында Демократиялық партия атынан президенттікке түсу үшін Байденмен бәсекеге түсті. Кейін Байденнің азшылық топ өкілі саналатын оқушыларды ақ нәсілді балаларға арналған мектепке автобуспен апаруға қатысты позициясын қатаң сынады. Бұл – 2020 жылғы пікірталастың ең көп талқыланған тақырыбына айналды.
Байден 1970-жылдары, Делавэрден сенатор болып сайланар алдында, үкіметтің мемлекеттік мектептерде әртүрлі нәсілге жататын оқушыларды бірге оқыту үшін балаларды автобуспен тасымалдауға қарсы шығып, мұны "ақылға сыймайтын концепция" деп атаған.
2019 жылы маусымда өткен пікірталас кезінде Харрис Байденге "Калифорнияда мемлекеттік мектептің екінші сыныбында оқитын кішкентай қыз күн сайын осындай автобусқа мінетін. Сол кішкентай қыз мен едім" деді.
Бірнеше ай бойы серіктес іздеген Байден Харристі вице-президенттікке үміткер етіп таңдады. Ол бұл қызметке әйелді алғысы келетінін айтты. Осылайша Харрис президент сайлауындағы бірінші қара нәсілді әйел болды.
Калифорнияның бұрынғы бас прокуроры, 56 жастағы Камала Харристі Демократиялық партияның Байденді жақтайтын бейтарап қанатына адал саясаткерлердің көбі қолдады. Бірақ Харристің қылмыс пен есірткі мәселелеріне қатысты кей жұмысының нәтижесі либералды және бейтарап көзқарасты ұстанатын адамдардың ашу-ызасын туғызды.
Бәлкім Харистің этникалық тегі де оған пайдасын тигізген болар. Миннесотада қара нәсілді қарусыз ер адамның полиция қолынан қаза табу оқиғасынан кейін елде наразылық күшейіп, расизм 2020 жылғы сайлау алды науқанның негізгі тақырыбына айналды.
Вице-президент қызметі Харриске 2024 жылы Демократиялық партия атынан президент сайлауына қатысуға мүмкіндік береді. Бұл үшін осы айда 78 жасқа толатын Байден екінші мерзімге сайланудан бас тартуы керек. Байден қазірдің өзінде сайланған жасы бойынша АҚШ тарихындағы ең қарт президент саналады.
ИММИГРАНТТАРДЫҢ ҚЫЗЫ
Камала Деви Харрис 1964 жылы 20 қазанда, АҚШ-тағы нәсіларалық толқулар болып жатқан тұста, Калифорния штаты Окленд қаласындағы жоғары білімді отбасында туған.
Харристің анасы Шьямала Гопалан Үндістаннан АҚШ-қа бірнеше жыл бұрын Берклидегі Калифорния университетінде оқуға келген биолог болған.
Әкесі Дональд Харрис 1961 жылы Берклидегі Калифорния университетінде экономика саласы бойынша білім алу үшін Ямайкадан көшіп келген. Ол кейін АҚШ-тың тағы бір белгілі университеті Стэнфордтың профессоры болды.
Харристің ата-анасы саяси белсенділіктің ортасы саналатын Берклиде азаматтық құқық үшін күресіп жүрген кезде танысқан. Олар ажыраспай тұрып, отбасындағы екінші қыз Майя дүниеге келген. Харрис бала кезінде Калифорнияның ақ нәсілділер тұратын ауданындағы мектепке автобуспен қатынаған. Кейінірек анасы және сіңлісімен бірге Канаданың Квебек қаласына көшкен.
Харрис АҚШ-қа астанада орналасқан Говард университетінде оқу үшін оралған. Бұл — бұрын қара нәсілділерге арналған оқу орны болған тарихи білім ордасы. Харрис бұл университеттен саясаттану және экономика салалары бойынша білім алып шыққан. 1989 жылы Калифорния университетін құқық мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Харрис Калифорниядағы заңгерлер арасында тез танылып үлгерді. 2003 жылы сайлауда жеңіске жетіп, Сан-Франциско округінің прокуроры болды. Бір жылдан кейін полиция қызметкерін өлтірді деп айыпталған қылмыстық топ мүшесіне өлім жазасын сұраудан бас тартқаны үшін құқық қорғау органдарының сынына қалды.
2004-2011 жылдар аралығында жеті жыл бойы Сан-Франциско округінің прокуроры болған Харрис есірткіге байланысты ауыр қылмыстар мен құқық бұзушылықтар бойынша айыптау үкімін көбейтіп, қылмысқа қарсы қатаң күрес жүргізді.
Оның қылмысқа қарсы күресте жеткен жетістіктері 2010 жылғы сайлаудағы жеңісіне әсер етті. Ол Калифорнияның бас прокуроры қызметіне кірісіп, бес мыңға жуық адвокатты бақылауына алды.
Харристің қарсыластарының бірі, Демократиялық партия атынан сайланған депутат Тулси Габбард Харристің өзі марихуана қолданатынын мойындағанын, соған қарамастан есірткінің осы түрін пайдаланған көп адамды түрмеге жапқанын айтып, айыптаған.
Содан бері Калифорнияда рекреациялық (медициналық емес, қарапайым) марихуана заңдастырылғаны. Харрис сол кезде қылмыстық құқық саласында ұлттық реформа жүргізу туралы үндеудің негізгі элементіне айналған каннабисті декриминализациялау идеясын қолдады.
ҚАРСЫЛАСТАР
Харрис елдегі халық саны көп штаттардың бірінде алты жыл бойы бас прокурор болып, 2013 және 2014 жылдары реформа жүргізу туралы талаптарға ұласқан нәсілдік жанжалдарға куә болды. Бұл наразылықта полиция қару қолданған.
Харрис Калифорнияның құқық қорғау органы қызметкерлеріне нәсілшілдік тақырыбында тренинг жүргізуді ұсынды. Бірақ полицияны күш қолдануға итермелеген себеп болғанын растауға не жоққа шығаруға көмектесетін денеге ілінетін камераларды пайдалану ұсынысын қолдамады.
Полицияның қару қолданғанын прокуратура тексеруі міндетті деген заң жобасына Харрис қарсы шығып, прогрессистердің сынына қалды.
2020 жылы мамырда Миннесотада болған атыстан кейін Харрис құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі қайшылықты тақырып бойынша позициясында тепе-теңдік сақтауға тырысып, елде қоғамдық қауіпсіздік мәселесін "қайта қарау" керегін мәлімдеді. Бірақ Демократиялық партияның прогрессивті өкілдерінің полицияны қаржыландырудан бас тарту туралы ұсыныстарына қосылған жоқ.
ӨТКІР СҰРАҚТАР
Харрис АҚШ сенатына 2016 жылы қарашада сайланған. Ол АҚШ тарихында конгрестің жоғарғы палатасынан орын алған екінші қара нәсілді әйел атанды.
Ол сенатта президент Дональд Трамп кабинетінің мүшелері бас прокурор Джефф Сешнс пен Ульям Барға, Жоғарғы сот кандидаты Бретт Каваноға өткір сұрақтар қойып, көзге түскен.
Республикашылдар тәуелсіз және бейтарап көзқарастағы жақтастарды өз жағына тарту үшін Харристі Демократиялық партияның "радикалды" мүшесі деп айыптауға тырысты.
Республикашылдар ешқандай дәлелсіз Байденнің жұмыс істеу қабілетіне қатысты күмән келтіріп, Ақ үйдегі бүкіл процесті президент емес, Харрис басқарады деп мәлімдеді.
Дегенмен 2024 жылы Байден екінші мерзімге сайланбайтын болса, Харрис Демократиялық партия атынан үміткер ретінде президент сайлауына қатысуы мүмкін.
1950-жылдардан бері бес вице-президент өз партиясы атынан президент сайлауына қатысқан. Олардың қатарында Ричард Никсон, Уолтер Мондейл, Джордж Буш, Эл Гор мен Джо Байден бар.
Никсон, Буш пен Байден президент сайлауында жеңіске жеткен.
Харрис 2014 жылы ойын-сауық саласындағы заңгер Дуглас Эмхоффқа тұрмысқа шыққан. Екеуінің бір ұл, бір қызы бар.
ПІКІРЛЕР