Accessibility links

Воркута кенішіндегі кезекті апат құрбандары


Северная кеніші кеңсесінің алдында шахтадағы апаттан қаза болған барлық кеншілердің фотосуреттері ілінген жерде тұрған адам.Воркута, Ресей, наурыз, 2016 жыл.
Северная кеніші кеңсесінің алдында шахтадағы апаттан қаза болған барлық кеншілердің фотосуреттері ілінген жерде тұрған адам.Воркута, Ресей, наурыз, 2016 жыл.

Ресейдің қиыр солтүстігінде орналасқан Воркутада кеніштегі метан жарылысы салдарынан 36 адам қаза тапты.

«СЕВЕРНАЯ» ШАХТАСЫНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС

25 ақпан, жұма күні кенші Михаил Момот демалып жатқан еді. Түс ауа дүкеннен үйге қайтқан кезде ол төтенше жағдайлар министрлігі көліктерінің қаланы кесіп өтіп, «Северная» көмір кенішіне қарай асығып кетіп бара жатқанын байқаған.

Бір жайттың болғанын сезген Михаил еш ойланбастан шахтаға қарай тартып отырады. Карьерде жарылыс болғанын сонда жеткенде білген ол құтқарушылармен бірге таңғы сағат 3-ке дейін 800 метр тереңдікте қалған жұмысшыларды жер бетіне шығарысады. Жер астында қалғандардың арасында Михаилдың туған ағасы Константин де бар еді.

Құтқарушылардың жанұшырған жылдам қимылының арқасында 80-ге тарта кенші аман қалды. Төрт кісі қаза тауып, 26 адамнан хабарсыз кетті.

Ресейлік шахтер Михаил Момот. Воркута, 2 наурыз 2016 жыл.
Ресейлік шахтер Михаил Момот. Воркута, 2 наурыз 2016 жыл.

Евгений Гуренко сол сәтте шахтада болатын. Сағат 2:15-те электр жарығы сөніп, жұмысшылар тас қараңғыда қалып қойған. Бұл – «Северная» шахтасындағы қалыпты жағдай, детекторлар метан газының ауадағы көлемі 1,3 пайыздан асқанын сезгенде өрт болмас үшін жарық өшіп, жұмыс тоқтайды. Гуренко жер бетіндегі бастығымен хабарласқанда ол бүкіл шахта бойынша жарық сөнгенін айтады. Жарық түгел өшсе, онда бір үлкен себептің болғаны.

Жердің үстіне шығар жолда Гуренко не болғанын білу үшін төменге түсіп бара жатқан екі бастығын көреді. Ол лифтімен жоғарыға көтеріле бергенде шахтада үлкен жарылыс болады. Соның алдында ғана қарсы ұшырасқан екі бастықтың да жарылыстан қаза болғанын Гуренко кейін біледі.

Құтқарушылар екі күн бойы жоғалған шахтерлерді іздеумен болды. Ешқандай тіршілік белгісі байқалмағанымен, олар әлі тірі болар деген үміт оты өшпеген еді. Дегенмен, шахтадағы жағдай өте қауіпті еді. Ауадағы метан көлемі шекті шамадан асып кетіп, жарылыстар кесірінен шахтаның әр жерінде өрт болып жатты. Шахта басшылары мен Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері құтқару операциясын жүргізудің тым қатерлі екенін ескертті.

28 ақпанда «Северная» шахтасында болған екінші жарылыстан алты құтқарушы қаза тапты. Құтқару жұмыстары тоқтатылды. Бірнеше күн өткен соң жоғалған адамдар өлді деп жарияланып, басшылар өртті сөндіру және үлкен қопарылыстың алдын алу үшін шахтаны суға толтыру керек деген шешімге келді.

Апат кезінде жарылыс ошағында болған 41 жастағы Константин Момотты да қаза тапқандар тізіміне қосты.

ҚАРА ЖАМЫЛҒАН ОТБАСЫЛАР

Константиннің жесір қалған жары – Светлана Момот 16 жастағы Алина және 6 жасар Настя есімді екі қызымен Воркута қаласының шетіндегі екі бөлмелі пәтерде тұрады. Алғашқы некеден туған екі ұлы Украинаның шығысында тұратын ол осыдан бірнеше ай бұрын ғана немерелі болған еді.

Көп жылғаннан көзі қызарып кеткен Светлана марқұм күйеуі туралы талмай әңгіме айтуға бар. «Ол балық аулағанды, саңырауқұлақ тергенді жақсы көруші еді», - дейді Светлана. Бұған қоса күйеуі үйдің біраз бөлігін алып тұрған 300 литрлік аквариумды күтіп-баптауды ұнатқан екен.

– Жұмыстан келген соң теледидар көргеннің орнына осы судың астындағы әлемге телміріп қарап отырушы еді, - дейді Светалана Момот.

«Северная» шахтасындағы жарылыс салдарынан қаза тапқан деп танылған Константин Момоттың отбасындағы суреті. Воркута, 3 наурыз 2016 жыл.
«Северная» шахтасындағы жарылыс салдарынан қаза тапқан деп танылған Константин Момоттың отбасындағы суреті. Воркута, 3 наурыз 2016 жыл.

​«Северная» шахтасында 1993 жылдан бері еңбек еткен Константин Момот зейнетке шығатын 45 жасына төрт жыл жетпей қаза тапты. Зейнетке шыққан соң аязы қатты, шахтасы шаң-тозаң Воркутадан жылы жаққа көшіп, әке-шешесімен бірге Белгород облысынан үй сатып аламын деп жоспарлап жүріпті.

Апат болардан бір апта бұрын Константин шахтадағы метан газының жайын жиі айта бастаған. Оның айтуынша, жұмысшылардың бәрінің аузындағы әңгіме сол болыпты. Сонда олар неге жұмысты жалғастыра берген?

– Бұл – басшылардың ұйғарымы. Ешкім шахтадағы жұмысты тоқтатқысы келмеді, - дейді Светлана.

АПАТ ЖАЙЛЫ РЕСМИ БАЙЛАМ

«Северная» шахтасында метан газының таралуы – бұрыннан бар мәселе. Азаттық тілшісімен сөйлесуге келіскен кеншілер газдың нормасы қалыпты шамадан үнемі асып кетіп отыратын дейді. Басшыларға шағым айтсаң, «ұнамаса жұмыстан шығыңдар» дегенді естисің дейді кеншілер.

Ауада метанның мөлшері 1,3 пайыздан асқанда конвейерлер тоқтауы тиіс. Бірақ, кенші Назым Гаджиев «индикаторлар 2 пайызды көрсеткенде де конвейердің істеп тұрғанын байқағанмын» дейді. Салмағы ауадан жеңіл метан газы көп жиналатын төбеде тұрған детекторлар кейде 99 пайызды көрсетіп тұратын дейді жұмысшылар.

Воркута қаласының шетіндегі шахтерлер зираты. Ресей, наурыз, 2016 жыл.
Воркута қаласының шетіндегі шахтерлер зираты. Ресей, наурыз, 2016 жыл.

«Новая газета» басылымына сұхбатында Александр Проскуряков 11 ақпанда жеке өзінің детекторы метан мөлшерін 5 пайыз деп көрсеткенін айтқан. Оның айтуынша, негізгі детектордағы мөлшер 3,8 пайызға жеткенде конвейер жабылған.

Алайда, Проскуряков Азаттық тілшісіне сұхбат беруден тас тартты.

– Қазір мен тергеу комитетіндемін. Бұдан әрі ешкімге сұхбат бермеймін, себебін өзіңіз түсінерсіз. Кешіріңіз, - деді ол телефонмен әңгіменде.

Кеншілердің айтуынша, тергеу комитеті жарылыс бола сала құжаттардың барлығын алып кеткен. Ресми түрде «әдеттен тыс құбылыс (аномальные явления - ред.) кесірінен болды» деп хабарланды. Дегенмен, тілшімен сөйлескен кеншілердің көбі кен орнында қауіпсіздік талаптары сақталмай келді дейді.

– Әдеттен тыс құбылыс дей ме? Кеніш инженері, директор, секция басшысы, оның орынбасары тергелуі керек. Кен орнында 28 жылдан бері жұмыс істеп келе жатсам да мұндай сөздің не екенін білмеймін, - деді Назым Гаджиев.

ҚАСІРЕТ ҚАЛАСЫ

Қағаз жүзінде Воркутада кеншілер құқықтарын қорғайтын екі кәсіподақ бар. Алайда, бұл туралы әңгіме қозғасаң кеншілер езу тартады да қояды.

– Олардың немен айналысатынын білмеймін, - дейді Михаил Момот.

«Северная» кенішіне су толтырып, оны қайта қалпына келтіру екі жылға созылады екен. Мұнда нанын тауып жүрген мыңнан аса жұмысшыны осы жайт алаңдатып отыр. Компания кеншілердің бәріне басқа кеніштерден жұмыс тауып береміз деп уәде етіпті, бірақ кеншілер бұған күмәнмен қарайды.

ГУЛАГ-та тұтқында болған украиналықтарға тұрғызылған ескерткіш. Воркута маңы, Ресей. 6 наурыз 2016 жыл.
ГУЛАГ-та тұтқында болған украиналықтарға тұрғызылған ескерткіш. Воркута маңы, Ресей. 6 наурыз 2016 жыл.

Арктика белдеуінің солтүстігінде жатқан, 70 мың тұрғыны бар Воркута – адам төзгісіз суық жер. 1932 жылы мұнда сталиндік ГУЛАГ жүйесінің атышулы лагері ашылған. Елсіз, күнсіз, сақылдаған аязымен белгілі аймаққа жіберілген 1500 тұтқыннан тек 54 адам аман қалған.

Әкелерінің кәсібін жалғаған балалары кеншінің ауыр жүгін арқалап келеді.

Қаңтар айында қаланың төбесінде үлкен қызыл жұлдыз жанып тұрды, демек кеніштер былтырғы жылдың жоспарын ойдағыдай орындаған. «Северная» кеніші болат шығаратын «Северсталь» компаниясы тұтынатын көмірдің төрттен бірін өндіреді.

Қазір әлгі қызыл жұлдыз сөніп тұр. «Северная» кеніші кеңсесінің алдында үлкен ағаш крест орнатылған, оның жанында қаза болған барлық кеншілердің фотосуреттері жапсырылған. Крестің түбінде мұз боп қатқан гүл шоқтары жатыр. Дыбыс күшейткіштен Шопеннің музыкасы ойнап тұр.

Ағаш крестке 28 жастағы Виталий Нижельскийдің де суреті ілінген. Қатардағы кенші болып жұмыс істеген ол Ухта мемлекеттік техникалық университетінде кен инженері мамандығын сырттай оқып жүріпті.

– Ол менің мақтанышым, қартайғандағы тірегім еді, - дейді әкесі Сергей. Ол өзі де осы маңдағы Воркута кенішінде 23 жыл жұмыс істепті. Сергей зейнетке шыққан соң көп ұзамай, 2013 жылы онда жарылыс болып, 19 адам көз жұмған.

– Ол жерде болған нәрсе мұнда да қайталанады. Бірақ ол жерде марқұмдардың денелерін шығарып берді. Мұнда ше? Мен кімді жерлеймін? - дейді қайғы басқан әке.

Виталийдің бауыры Денис те онымен бір бригадада жұмыс істеген екен. Төрт жыл бұрын кеніш басшылығымен келіспей қалған оны жұмыстан шығарып жіберіпті. Сол кезде басшыларға қарсы шықпағанда ол да бауырымен бірге қаза тапқан болар еді.

«Қандай жоспарыңыз бар?» деген сұраққа ол «Карьерден жұмыс іздеп жүрмін» деп жауап берді. Воркутаның барлық тұрғындарының жауабы – осы.

(Материал ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG