Accessibility links

Айт намазынан кейінгі жанжал. Төменгі Орокта не болды?


Төменгі Орок ауылындағы милиция қызметкерлері мен тұрғындар. Шу облысы, Қырғызстан, 5 маусым 2019 жыл.
Төменгі Орок ауылындағы милиция қызметкерлері мен тұрғындар. Шу облысы, Қырғызстан, 5 маусым 2019 жыл.

Қырғызстандағы Төменгі Орок ауылында Ораза айт намазынан кейін жасөспірімдер арасында шыққан жанжалдың соңы тәртіпсіздікке ұласты. Ресми мәлімет бойынша, оннан астам үйге зиян келген. Билік оқиғадан ұлтаралық сипат іздеуге еш негіз жоқ дейді.

ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ТӨБЕЛЕС

Қырғызстанның Шу облысы Сокулук ауданындағы Төменгі Орок ауылында жағдай қазір тынышталған. Сәрсенбі күні болған төбелестен кейін, Шу облыстық ішкі істер басқармасының дерегінше, 30 шақты тұрғын милицияға жеткізілген.

Алдын ала мәлімет бойынша, маусымның 5-і күні таңертең жергілікті мешітте оқылған Ораза айт намазынан кейін аяқ астынан төбелес шыққан.

"Өзара шекісіп қалған жасөспірімдердің біреуі зардап шегіп, ауруханаға түскен, оның денсаулық жағдайы тұрақты" деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметіне Шу облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз өкілі Нәзира Имангазиева.

Төбелес болған жерге келген милиция өкілдері күдікті екі жасөспірімді ұстап, ішкі істер бөлімшесінің уақытша қамау изоляторына қамаған. Бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, тергеу амалдары басталған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің Төменгі Ороктағы оқиға жайлы видеосы:

АУЫЛ НЕГЕ ДҮРЛІКТІ?

Шу облыстық ішкі істер басқармасының хабарлауынша, төбелестен кейін Төменгі Орок ауылында зардап шеккен жасөспірімнің туыстары жиналған.

Ресми ақпарат бойынша, тәртіпсіздік кезінде ауылдағы 15 үйдің терезесін сындырып, бір үйдің шөбін өртеген. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше автокөлік пен өзге де мүлік бүлінген.

Төменгі Орок ауылында тұрған милиция қызметкерлері. Қырғызстан, 5 маусым 2019 жыл.
Төменгі Орок ауылында тұрған милиция қызметкерлері. Қырғызстан, 5 маусым 2019 жыл.

Төменгі Орок ауылындағы жағдайды реттеуге Шу облыстық ішкі істер басқармасы және аудандық милиция бөлімшелерінің жеке құрамы түгелдей жұмылдырылған. Ауылға Қырғызстан ішкі істер министрі Кашкар Жунушалиев бастаған министрлік қызметкерлері мен қырғыз үкіметінің Шу облысындағы өкілі барған.

Ішкі істер министрлігі жасөспірімдер арасындағы жанжал тұрмыстық дау-дамайдан шыққан деп хабарлады. Милиция оқиғадан ұлтаралық сипат іздеуге еш негіз жоқ дейді.

Төменгі Орок ауылы Бішкектен оңтүстік-батысқа қарай оншақты шақырым жерде орналасқан. Ауылдағы 340 отбасының негізгі бөлігін қырғыздар мен месхет түріктер құрайды.

Қазір милиция қызметкерлері мен облыстық әкімдік өкілдері ауыл тұрғындары арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.


Қырғызстанда осыдан тоғыз жыл бұрын болған қайғылы оқиғалар салып кеткен жан жарасы әлі жазылған жоқ. 2010 жылы маусымда Ош және Жалал-Абад облыстарында тұратын қырғыздар мен этникалық өзбектер арасындағы жанжалдың соңы үлкен қантөгіске ұласқан болатын. Ресми мәлімет бойынша, қайғылы оқиғалар барысында кемінде 442 адам қаза тауып, үш мыңға жуық адам зардап шеккен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG