Accessibility links

Мәскеу мен Минск арасындағы кикілжіңге не себеп?


Владимир Путин (сол жақта) мен Александр Лукашенко өздері қатысқан әуесқой хоккей матчындағы үзіліс кезінде. Сочи, 15 ақпан 2019 жыл.
Владимир Путин (сол жақта) мен Александр Лукашенко өздері қатысқан әуесқой хоккей матчындағы үзіліс кезінде. Сочи, 15 ақпан 2019 жыл.

Мәскеу мен Минск арасындағы экономикалық және саяси кикілжің ушыға түсті. Ресей Беларусьтен келген алманы жерге көміп жатыр. Беларусь мұнай компаниясы 2019 жылдың соңына дейін Ресей мұнайына балама табуды көздейді. Беларусь сыртқы істер министрлігі "бауырлас екі халықтың достық қарым-қатынасына сызат түсірді" деп Ресейдің Минскідегі елшісі Михаил Бабичті кінәлайды.

Беларусь мұнай компаниясы директорының орынбасары Сергей Гриб жыл соңына дейін елге Балтық мемлекеттері мен Украина арқылы мұнай жеткізуді жолға қоюды қарастырып жатқандарын хабарлады.

- Әлемде біздің кәсіпорындарда өңдеуге болатын мұнайдың 18 сорты бар. Қазір мұнай жеткізудің үш жолын қарастырып отырмыз. Бірінші жолмен Балтық елдерінің теңіз порттары, екіншісі – Одесса және Одесса-Броды мұнай құбыры арқылы елдің оңтүстігіндегі Мозырский мұнай өңдеу зауытына мұнай жеткізу жоспары бар, – дейді Гриб.

Бұл мәлімдеме соңғы онжылдықта Ресей мен Беларусь арасындағы энергетикалық қатынаста алғаш рет болған бірқатар сенсациялық оқиғалардан кейін жасалды. Сәуірдің 21-і күні ресми Минск мұнай өнімдері экспортын уақытша шектеу туралы шешім шығарды. Беларусь бұл шешімді елдегі мұнай өңдеу зауыттарының Ресейден келген сапасыз мұнай (құрамындағы хлорид мөлшері жиырма еседен асады) кесірінен жартылай жұмысын тоқтатуымен түсіндірді.

Ресейге Беларусьтен әкелінген және "тыйым салынған" деп танылған алма.
Ресейге Беларусьтен әкелінген және "тыйым салынған" деп танылған алма.

Ресей сапасыз мұнай тасымалын мойындады. Өтемақы жөніндегі келіссөздер сәуірдің 23-іне белгіленген еді. Беларусь шығын көлемі бірнеше жүз миллион доллар болады деп болжайды. Жуырда Ресей Минскінің экологиялық қауіпсіздік шарасына байланысты мұнай транзиті тарифін 23,1 пайызға өсіру туралы ұсынысын қабылдамаған.

Мұнай қатынастарының шиеленісуіне азық-түлік саласындағы кикілжің де әсер еткен. Осыған дейін Ресей Беларусьтен келетін азық-түлік өнімдеріне жаңа шектеулер енгізген. Смоленск облысында көрші мемлекеттен жеткізілген жеміс пен көкөністі жойған. Ресей бұл өнімдердің «санкция салынған елдерден» келгенін айтады. Россельхознадзор мекемесінің дерегінше, Смоленск полигонында 105 тонна өсімдік өнімі: 94 тонна алма, 10 тоннадан астам құлпынай, 800 килограммға жуық алмұрт, 186 келі қызанақ және 103 килограмм пияз жойылған. Жұмысшылар жеміс пен көкөністі майдалап, жерге көмген.

Сәуірдің 11-і күні Беларусь президенті Александр Лукашенко «Беларусь арқылы өтетін мұнай құбырлары мен мұнай өнімдері құбырларын жөндеу керек болса, солай жасаңдар. Ресейге жасаған жақсылығымыз үнемі жамандық болып қайтады. Олардың есіргені соншалық, қолымызды қайыра бастады» деп мәлімдеді.

Экономикалық соғыс – Мәскеу мен Минск арасындағы саяси қайшылықтың бір тұсы ғана. Жуырда iSANS сарапшылар жүйесі Варшавада таныстырған “Интеграцияға мәжбүрлеу: Ресейдің Беларусь тәуелсіздігіне қарсы іс-қимылы” атты баяндама баспасөз бен әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Құжатта Ресейдің гибридтік операциялары Беларуське қандай қауіп төндіретіні мысалдармен түсіндірілген. Жүргізілген зерттеулер Ресей әртүрлі жолмен Беларусьтің қоғамдық және ақпараттық ортасына қысым жасап отырғанын көрсеткен.

- Соңғы айларда бұл қимылдар «гибридті соғыс» сипатын алды. Мемлекеттік, квазижекеменшік және үкіметтік емес ұйымдар Беларусьтің Ресеймен терең ынтымақтастығына бағытталған бастамалар көтереді. Шын мәнінде, бұл интеграция – тәуелсіздіктен бас тартумен тең. Ресей Беларусьті күш қолданбай, осындай жолмен тәуелді еткісі келеді, - дейді баяндаманы әзірлеген беларусь және халықаралық сарапшылар тобы.

Аталған зерттеуде «Ресейлік ықпал мақсатты түрде және жүйелі жүргізіледі. Бұл жұмыс барысын Ресей президенті әкімшілігі қадағалайды. Қаржыландыру бірнеше жүйеге біріккен ресейлік және беларусь акторлардың атынан мемлекеттік және жеке қорлар арқылы жүреді. БАҚ пен интернеттегі пропаганда әртүрлі сараптау, талдау орталықтары мен жастар бірлестіктері арқылы жүзеге асады» делінген.

Ресейдің Минскідегі елшісі Михаил Бабич.
Ресейдің Минскідегі елшісі Михаил Бабич.

Баяндамада қорытындысымен Александр Лукашенко да таныс екені күмән туғызбайды. Наурыздың 19-ы күні ол жыл сайынғы президент жолдауын жариялаған кезде мәтіннен ауытқып, сыни пікір айтты. Аты тікелей аталмаса да, бұл сөздер Ресейдің Беларусьтағы елшісі Михаил Бабичке арналғаны түсінікті болды. "Өлместің күнін кешіп жүрген оппозициямызбен қатар әлеуметтік желіде әртүрлі парақша ашып жатқандар бар. Бұл тұста бізге көршілеріміз де, Беларусьқа жұмыс іздеп келгендер де көмектесіп жатыр. Олардың миын қалыпқа түсіру керек. Елге келсең, жұмысыңды істе. Жұмыс істегісі келмегендерге, бір рет ескерту берілсін, екінші рет елден қуылсын» деді Лукашенко.

Шынында, Беларусь билігі мен Бабич арасындағы пікірсайыс күрделене түскенін байқауға болады. Бабич Лукашенконың жоғарыдағы сөзіне "президент сөзіне негізі жоқ" деп жауап қайырды. Бұған Беларусь сыртқы істер министрлігі ақпаратты басқару және сандық дипломатия басқармасының бастығы Анатолий Глаз "Елші мырза кезінде басқарған ресейлік федералдық округ пен тәуелсіз мемлекетті ажырата алмайтын сияқты. Көп жылдар бойы сыртқы күштер бауырлас халықтардың бірлігіне сызат түсіруге тырысып, онысы нәтижесіз аяқталды. Ондаған жылдар бойы сыртқы күштердің қолынан келмегенді Бабич мырза бірнеше айдың ішінде сәтті жүзеге асырды” деген пікір қосты.

Belarus Security Blog талдау орталығының жетекшісі, Беларусь саясаттанушысы Андрей Поротниковтың сөзінше, «Беларусь–Ресей қатынастары нашар деңгейде», «ресми Минскінің мәлімдемелері бос сөзге толы».

Андрей Поротников.
Андрей Поротников.

- Беларусь-Ресей қатынастары ушығып тұр дей алмаймын. Саудадағы келіспеушіліктер қалыпты жағдай. Мұнай жөнінде мәселенің себебі белгісіз, тараптар техникалық аспектілерді сөз етіп жүр. Қазірше диверсия басталды деп айта алмаймын. "Дружба" – мұнайды бастысқа жеткізетін магистральді құбыр екенін еске салғым келеді. Сондықтан батыс тұтынушылары тарапынан Ресейге өнімнің сапасына қатысты сұрақ туатыны түсінікті. Мұнда техникалық ақау болды деп ойлаймын.

Беларусь-Ресей қатынастары нашар деңгейде. Ресми Минскінің мәлімдемелері күн өткен сайын қатқылданып, дипломатиялық қырын жоғалтып, бос сөзге айнала бастады. Бұл Минскінің ашуға міне бастағанын, Ресеймен қатынастарын түзеуге құлықсыз екенін көрсетеді, – дейді ол.

– Бұрын Минск табанды қарсылық таныта бастағанда, Мәскеу оның ығына жығылғандай болатын. Қазір Кремль Беларусьтің әрбір әрекетіне дәл солай жауап беріп отыр. Мұны Беларусь-Ресей қатынасындағы жаңа жағдай деп қарауға бола ма?

– Жаңа жағдай деп екіжақты байланыстың күрт төмендеуін атауға болады. Бұрын даулы мәселелер жоғары деңгейде талқыланып, шешілетін. Михаил Бабич тағайындалғаннан бастап, ресми Минск Ресеймен арадағы бүкіл коммуникация енді Бабич арқылы жүретінін түсінді. Өйткені Бабич – бірінші кезекте елші емес, Ресей президентінің Беларусьпен сауда-экономикалық әріптестік бойынша арнайы өкілі. Бабичті тағайындау арқылы Ресей Беларуське “сендердің деңгейлерің – осы” деген белгі бергендей болды.

– Елші мәртебесі шамамен министрдің орынбасары қызметіне сәйкес келеді. Демек Беларусь билігімен қатынас деңгейі күрт төмендеді. Минск үшін бұл бұрын кездеспеген жағдай болғандықтан, билік қайтерін білмейді. Сондықтан Минскінің ашуға мінуін оның Ресей билігін түсінбеуімен байланыстыруға болады, – дейді Андрей Поротников.

(Азаттықтың Беларусь қызметінің мақаласынан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG