Иран түрмесінде зорлыққа ұшыраған әйелдердің абақтыда көрген қорлығы жайлы көпке тіс жармауына қорқыныш пен басынан өткен жайтты ұят санау себеп болады. Алайда Наргес Мохаммади мен бұрын тұтқында болған басқа да әйелдер 27 мамырда Clubhouse әлеуметтік желісіндегі талқылауда басынан өткен хикаяны баяндап берді. Бұл онлайн жиынға Ираннан қуылған белсенді, бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Шырын Ебади де қатысты.
– Өзімді көлікке лақтырылған қойдай сезіндім, – деді топ мүшелеріне 2019 жылы Тегеран түрмесінен елдің солтүстік-батысындағы Зенджан қаласына қалай ауысқанын әңгімелеп берген Мохаммади.
Оның айтуынша, түрме бастығы оның белден төмен тұсын ұстап, көлікке күштеп кіргізіп, аяғын басып отырып, темекі тұтатып беруді бұйырған.
– Мен мұны физикалық зорлыққа жатқыза алмаймын. Олар тұтқындарды жыныстық сипатына байланысты [қудалайды], – дейді Мохаммади.
30 АЙҒА АБАҚТЫҒА ҚАМАП, 80 ДҮРЕ СОҒУ
Құқық қорғаушы түрмеде басқа әйелдердің де қысым мен жыныстық бопса көргенін естіген. Бір әйел тергеуші тиіскеннен кейін психикалық ауруға душар болған.
– [Жоғарғы сот төрағасы Ибрахим] Раисиден түрме бастығының темекісін тұтатып беруге міндеттімін бе деп сұрағым келеді. "Түрмеңіздің бастығымен бірге шылым шегуім керек пе еді?" – деді ол.
Наргес Мохаммади Иранда қызметіне тыйым салынған, Ебади құрған адам құқықтарын қорғау орталығында баспасөз хатшысы болып істейді.
Иран билігі оны құқық қорғау қызметіне байланысты 10 жылға бостандығынан айырған. Алайда 2020 жылы қазанда денсаулық жағдайына және БҰҰ мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Мохаммадиды босату жайлы талабына байланысты оны мерзімінен бұрын босатқан.
Бірақ түрмеден босағанына бір жыл толмай жатып, билік құқық қорғаушыны Иран дінбасыларына қарсы "пропаганда таратып", "жала жапқаны" және "түрме басшылығына қарсы бас көтергені" үшін 30 айға абақтыға қамап, 80 дүре соғуға үкім шығарған.
Сот үкімін Мохаммади өзінің адам құқықтарының бұзылғаны жөнінде үнсіз қалмай, биліктің озбырлығына көнбей, Иранда 2019 жылғы қарашада өкіметке наразы демонстранттарды биліктің күшпен басып-жаншуына қарсы ереуілге қатысуымен байланыстырады.
"ТҮРМЕ БАСШЫЛЫҒЫ ТҰТҚЫН ЖАС ӘЙЕЛДІ МӘЖБҮРЛЕП ПӘКТІГІН ТЕКСЕРЕДІ"
Мохаммади өзі сияқты танымал адамның өзі осындай жағдайға тап болса, "қоғамға белгісіз тұтқындардың тағдыры туралы не айтуға болады?" деп алаңдайды.
– Мен – 48 жастағы әйелмін. Мені жұрт таниды. Олардың маған істегенін көргенде, қоғамға беймәлім, жалғыз адамдық камерада отырған жас әйелдерге не көрсетеді екен деп ойланумен болдым, – дейді ол.
Мохаммадидің сөзінше, түрме басшылығы көбіне тұтқында отырған жас әйелдерді пәктігін тексеретін сынақтан өтуге мәжбүрлейді.
Кейінгі жылдары бірнеше тұтқын әйел тергеушілерді жыныстық бопса жасап, психологиялық зорлық көрсетті деп айыптаған.
Түрмеге жабылған эколог Нилоуфар Баяни билікке хатында тергеу кезінде 1200 сағат бойы қалай азапталғанын егжей-тегжейлі жазып берген.
Ол қамауда отырғанда тергеушілер өзін "зорлаймыз, өлтіреміз" деп қорқытқанын, жабайы аңдардың даусын салуға және өздерінің жынойнағына қатысуға мәжбүрлегенін айтады.
"ҮНДЕМЕГЕН ҮЙДЕЙ БӘЛЕДЕН ҚҰТЫЛА АЛМАЙДЫ"
Clubhouse қосымшасы ирандықтардың тікелей эфирде әртүрлі мәселені талқылап, өзара пікір алмасуына, ал кейде ресми тұлғаларды сынауына мүмкіндік беретін жаңа платформаға айналды.
Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері Шырын Ебади елден қуылғанға дейін көп жыл бойы Иранда адам құқықтары жөніндегі адвокат болып істеген. Ол 27 мамырда өткен клуб отырысында әйелдерді өзіне зорлық көрсеткен адамдардың іс-әрекетін әшкерелеу керек" деген пікір білдірді.
– Көбі өз абыройын ойлайды немесе әділдікке қол жеткізуге болатынына сенбейді. Сондықтан бұл жайлы ашық айтуға әзір емес… Наргес [Мохаммадидің] қоғамға өз хикаясын жеткізіп, басқаларға үлгі болатындай батыл әрекетке барғанын атап өткен жөн. Үнсіз қалғаннан ештеңе өзгермейді, – деді онлайн жиында сөз алған Ебади.
Бұрын тұтқында болған тағы бірнеше әйел түрме бақылаушыларының қатыгездігі мен қудалауына куә болғанын айтады.
ЖЫНЫСТЫҚ ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТУДІҢ ӘДІС-АЙЛАСЫ
Адам құқықтары жөніндегі белсенді Мәриям Шафипур тергеушілердің бірі "Сені осында ұстап, қалағанымды істей аламын" дегеннен кейін зорлыққа ұшыраймын ба деп қорқып қалғанын айтады.
– Ол денесінің төменгі жағын орындығыма тақап, біртүрлі дыбыс шығара бастады, – деді 2014 жылы құқық қорғау қызметіне байланысты түрмеге жабылған Шафипур.
Педагог әрі ақын Махваш Сабети Иранда қудалауға ұшыраған бахаи діни қауымының ісін басқаруға қатысты айып бойынша он жылын Тегерандағы атышулы Эвин түрмесінде өткізген.
2017 жылы бостандыққа шыққан Сабети түрмеде жыныстық сипатына байланысты көп қорлық көргенін айтады.
– Тергеудің барлық кезеңінде бізге әйелсің деп кемсітіп қарады. Тергеу ісіне көмектесуді сұрағанда бас тарттым. Олар "Сен – әйелсің. Батылың қайдан болсын" деп айтты, – дейді ол.
ЕСКІ ЖАРА
1979 жылғы Иран революциясынан кейін іле-шала түрмеге түскен әйелдердің хикаясы өте ауыр естілді.
Бану Сабери 1982 жылы Исфахан қаласына жақын маңдағы шөл далада үш ер адамнан зорлық көргенін айтты. Әлгі үшеуі өздеріне "ислам заңдарының орындалуын қамтамасыз ету" тапсырылғанын мәлімдеген.
Бану 1986 жылы тұтқындалғаннан кейін тергеушілер оның зорлық көргенін күйеуі (1988 жылы өлім жазасына кесілген) мен отбасына қысым көрсететін құрал ретінде пайдаланған.
– Олар күйеуіме "Әйелің – жезөкше. Ол үйленген кезде пәктігін жоғалтып алғанын жасыру үшін [зорлық көрдім] деген хикаяны ойдан шығарған" деп айтқан, – дейді Сабери.
Сабиридің айтуынша, Иран билігі оны бостандыққа шыққаннан кейін де жиі тергеуге шақырып, жыныстық сипаттағы қорлайтын сөздер айтқан.
Қазір Сабери АҚШ-та тұрады. Ол отыз жыл бұрын Иран түрмесінде көрген психологиялық зорлықтың салдарынан әлі күнге дейін арыла алмағанын айтады.
– Кейінгі кезге дейін жалға үй алғанда шкафтың ішіне үңіліп, "түнде кіріп ұйықтауға бола ма?" деп тексеретінмін. Өзімді қауіпсіз жағдайдамын деп сезіне алмадым, – деді ол көзіне жас алып.
Бұрынғы саяси тұтқын, 1981-1991 жылдары түрмеде қалай отырғаны жайлы мемуар жазған Монире Барадаран тергеуші сабап жатқанда басындағы орамалы түсіп қалғанын еске алды.
Тергеуші "тұтқын әйелдің шашын көріп қоятын болдым" деп айғайға басқан. 1979 жылғы революциядан кейін Иранда күшіне енген шариғат заңына сәйкес, әйелдер бөтен адамның көзінше шашы мен денесін жауып жүруі тиіс.
– Есімнен танып қалдым. Есімді жиған кезде тергеуші: "Арсыз! Шашыңды жап!" деп зекіді, – дейді ол.
"АЗАПТАУҒА КЕЛГЕНДЕ ЕР, ӘЙЕЛ ДЕП БӨЛІП ЖАРМАЙДЫ"
Барадаран түрмеде болған жылдары азаптаған кезде әйелдерге ерлермен бірдей әдіс-тәсіл қолданылғанын, тұтқын әйел жынысына байланысты "қосымша қысым" көргенін айтады.
Кей тұтқын 1980-жылдары Иран түрмесінде зорлық көргенін мәлімдеді.
Сонымен бірге 2009 жылы Иран үкіметі президент сайлауының даулы қорытындысымен келіспей, наразылық білдіріп көшеге шыққан жұртты күшпен басқан кезде қолға түскен әйелдер де қамауда зорлық көргенін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР