АМЕРИКАМЕН АЙҚАС
Әлемдегі ең үлкен екі экономиканың иесі АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазір ушығып тұр. Екі ел арасындағы сауда және технология соғысынан бөлек, Вашингтон Пекинді "коронавирустың тарауын жасырды, әлем елдерін дер кезінде құлағдар етпеді", "Шыңжаңдағы мұсылмандарды лагерьлерге қамады", "Гонконгтің ішкі ісіне араласты" деп айыптап жатыр. Қытай да қол қусырып отырған жоқ. Пекин "Вашингтонның ішкі ісімізге араласуына жол бермейміз" деп бірнеше рет мәлімдеді.
ГОНКОНГТІ ЗАҢМЕН МАТАУ ӘРЕКЕТІ
Мамырдың 28-і күні Қытай парламенті Гонконг қауіпсіздігі туралы заң жобасын мақұлдап, Компартияның қарауына жіберді. Ұсынылған заңға сай, Гонконг "ұлттық қауіпсіздігін күшейтуі тиіс. Ал егер қажет болса Қытайдың орталық билігінің қауіпсіздік органдары Гонконгте агенттік құрып, сол жақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді". Бұл заң жобасына АҚШ пен Батыс елдері қарсы шығып, Қытайды сынға алды. 2047 жылға дейін "Бір ел – екі жүйе" қағидаты қалыптасқан Гонконг жұрты мен Пекиннің ресми билігі арасындағы жағдай былтырдан бері нашарлап кетті.
Пекин алдымен Гонконгте күдікті деп танылған адамды Қытайға беру туралы заң қабылдағысы келген. Бірақ бұл заң Гонконг жұртын тіксінтіп, көшеге шығарды. Елде бірнеше айға созылған наразылықтан соң Пекин саясатын қолдайтын Гонконг билігі заңнан бас тартуға мәжбүр болды. Қазір Пекин Гонконгте Қытай әнұранын құрметтемегендерді қылмыстық жауапқа тартуды көздейтін заң жобасында ұсынды. Гонконг заң шығару органы заң жобасын талқылап жатыр. Бүл заңға да Гонконг белсенділері мен демократияны қолдаушылар түбегейлі қарсы. Гонконгте ішкі Қытайға қарағанда еркіндік көп. Онда жұрттың пікірін ашық білдіру және жиналу еркіндігі бар, баспасөзде және интернетте мемлекеттік цензура жоқ, сот үкіметтен тәуелсіз. Сондықтан Пекиннің Гонконгке қатысты әрбір әрекеті "ішкі іске араласу" деп қабылданып, жергілікті халықтың үлкен қарсылығына тап болып келеді. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон "егер Пекин бұл заңды қабылдаса, Гонконгтің миллион тұрғынына азаматтық беретінін" айтты.
КОРОНАВИРУС ДАУЫ
Бірнеше ел, соның ішінде АҚШ пен Австралия коронавирустың тарауына Қытайды айыптайды. Вашингтон "Қытай 2019 жылдың соңында Ухань қаласында коронавирус тарай бастағанда әлемге уақытында дабыл қақпай, жасырды" деп санайды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп "вирус жайлы ақпаратты жасырды" деп Қытайды бірнеше рет айыптаған және оған ДДСҰ көмектесті деген. АҚШ билігі вирус "Ухань қаласындағы лабораториядан тарауы мүмкін" дегенді де айтқан. Бірақ АҚШ-тың ресми барлау қоғамы қандай да бір нақты дәлел ұсынған жоқ. Қытай бұл айыптауды үзілді-кесілді теріске шығарған. Пекин Австралияның айыптауын "саяси шабуыл" деп санайды.
ШЫҢЖАҢ ЛАГЕРЬЛЕРІ
2017 жылдан бастап Батыс елдері, БҰҰ, АҚШ және адам құқығын қорғау ұйымдары Қытайды Шыңжаң өлкесіндегі бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды саяси лагерьге қамап жатыр деп айыптап келеді. Пекин басында лагерьлер барын жоққа шығарып, кейін саяси тәрбиелеу орталықтары жайлы ақпарат көбейіп кеткен соң Қытай мұндай орталықтар барын мойындауға мәжбүр болды. Лагерьлердіі "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған. Биыл АҚШ сенаты мен конгресі Шыңжаңдағы қысымға қатысы бар Қытай шенеуніктеріне санкция салатын заңды мақұлдап, Трампқа жолдады. Президент заңды мақұлдауы я вето қоюы мүмкін.
Вашингтон бұған дейін де Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасаған Қытай компанияларына, шенеуніктеріне бірнеше рет санкциямен шектеу қойған. Мәселен, 2019 жылы қазанда АҚШ сауда министрлігі "Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтарға және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға қатысы бар" Қытайдың 28 компаниясы мен фирмасына санкция салды. Министрлік "санкция салынған компаниялар Қытайдың ұйғырларға, қазақтарға және басқа да діни азшылық топтарға қарсы репрессия науқанына, жаппай ұстауға және оларды жаңа технологиялармен аңдуға атсалысқан" деген. АҚШ санкция салған компаниялар арасында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, адам жүзін анықтау құрылғыларын дайындайтын Sense Time және Megvii Technology компаниялары бар. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйекте Пекинге барған сапарында Hikvision компаниясының штаб-пәтерін аралап, бұл компанияның бейнебақылау камераларын мақтаған. Жақында, мамырдың 23-і күні АҚШ Шыңжаңда "ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман топтарға қысым жасағаны үшін" Қытайдың ондаған компаниясы мен ұйымына да санкция салды.
ҮНДІСТАНМЕН ЖЕРГЕ ТАЛАС
Гималай тауының маңындағы Ладакх аймағын бөлісе алмай келеді. Екі елдің шекарасында 1962 жылы қақтығыс болып, жер дауы әлі жалғасып жатыр. Қытай да, Үндістан да шекара маңында әскерін орнатып қойған. Қытай Үндістанның біраз аумағын өзіне алғысы келеді. Ал Дели Пекин Үндістанға тиесілі 38 мың шаршы километр жерді заңсыз ұстап отыр деп айыптайды. Биыл мамырда Пекин мен Дели екі ел шекарасындағы жер дауын бейбіт жолмен шешуге келісті.
ТАЙВАНЬ МЕН ПЕКИН АРАЗДЫҒЫ
Қытай демократиялық жолмен басқарылатын Тайваньды өз территориясы деп санайды. Сондықтан Пекин бұл аймаққа да "Бір ел – екі жүйе" принципін ұсынып келеді және кейінгі уақытта Тайваньға дипломатиялық және әскери қысымды күшейтті. Пекин Тайваньда да өз заңдарын орнатқысы келеді. Қаңтарда сайланған Тайвань президенті Цай Иньвэнь халық өз болашағын өзі шешеді деп мәлімдеді. Инвэнь - Тайваньның Қытайдан тәуелсіздік алғанын қалайтын саясаткер. Қытай Тайвань аралын өз қарамағына алғысы келеді. 2019 жылы қаңтарда Қытай басшысы Си Цзиньпин "Тайвань Қытайдың құрамына кіруі тиіс және солай болады. Қытай қытаймен соғыспайды. Бейбіт бірігу үшін барымызды саламыз. Себебі бейбіт бірігу екі тарап үшін, ұлт үшін өте маңызды. Бірақ қарсылық болса әскери күш қолдануды жоққа шығармаймыз" деген.
1949 жылы компартия мен ұлттық партия арасындағы азаматтық соғыста жеңілген Чан Кайши (ұлттық партия жетекшісі) Тайвань аралына қашып кеткен. Осыдан кейін Қытай мен провинция арал арасындағы қарым-қатынас үзілген. Тек 1980 жылдары үкіметтік емес ұйымдар Қытай мен Тайвань арасындағы қатынасты жандандыру жұмыстарын қолға алды.
HUAWEI ЖЫРЫ
АҚШ әлемдегі одақтастарын қытайлық Huawei телекоммуникация компаниясының құрал-жабдықтарын пайдалануды доғаруға шақырған. Вашингтон бұл компания Қытай билігінің мүддесіне жасырын тыңшылық жасаумен айналысады деп күдіктенеді. 2018 жылы америкалық барлау қызметі Huawei корпорациясы Қытай үкіметімен байланыста деген күдік білдірген. Вашингтон бұл компания америкалықтардың интеллектуалдық меншігін ұрлаумен айналысады деп санайды. Huawei бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарады.
КАНАДАМЕН АРАЗДЫҚ
2018 жылы Канада Huawei басшысы Мэн Ваньчжоуды ұстаған соң Пекин мен Оттава арасы суып кетті. Кейін Қытай екі канадалықты тұтқындаған. АҚШ билігі Мэн Ваньчжоу Вашингтонның Иранға салған сауда санкциясын бұзып, сауда-саттық жасамақшы болған деп күдіктенеді. Оған америкалық бірнеше мемлекеттік мекемені алдау мақсатында қитұрқылық жасаған деген 13 айып тағылған. Мэн Ваньчжоу өзін экстрадициялау туралы шешімге апелляциялық шағым түсіргенімен, биыл мамырда ол сотта жеңілді.
ЕО ҚЫТАЙҒА ҚАТЫСТЫ САЯСАТЫН КҮШЕЙТПЕК
Мамырдың 29-ы күні Еуропа одағының сыртқы істер министрлері Қытайға қатысты саясатты күшейтуге келісті. ЕО елдері Қытай Гонконгтегі Қауіпсіздік заңын қабылдауға тырысып жатқан тұста осы келісімге қол қойды. Брюссель Қытайдың Гонконгтегі әрекетіне "алаңдаушылық білдіріп", ЕО Пекинмен қарым-қатынас бойынша жаңа стратегиялық құжат дайындамақ. Еуропа елдері Қытайды коронавирус тараған тұста "жалған ақпарат таратты" деп те айыптайды.
ПІКІРЛЕР