Әзербайжан орталық сайлау комиссиясының дерегінше, парламенттегі 150 орынның 64-ін «Жаңа Әзербайжан» партиясы иеленген. Парламенттің алдыңғы құрамында билеуші партияның 65 мүшесі болған.
Сондай-ақ экзит-пол нәтижесінде 41 тәуелсіз кандидаттың (олардың көбі Жаңа Әзербайжан партиясының саясатын қолдайды) сайлауда жеңіске жеткені белгілі болды. Парламент депутаттарының қатарына жалғыз оппозициялық кандидат – Республикалық альтернативті азаматтық қозғалыс өкілі Еркин Гадирли қосылды.
Әлиевтің «Жаңа Әзербайжан» партиясы ақпанның 10-ы күні таңертең сайлауда жеңіске жеткенін хабарлады. Партияның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде «Экзит-пол нәтижесіне қарап, партиямыз басым дауысқа ие болды деп ойлап отырмыз" делінген.
Бакуде тұратын саяси сарапшы және демократия жақтаушысы Хикмет Хасизаденің пікірінше, жаңа парламентте бірнеше тәуелсіз депутат билеуші партияға қарсылық білдіріп, сынға алса, бұл алдыңғы құраммен салыстырғанда бір өзгеріс барын көрсетеді.
«Бұрынғы парламентте ешкім бас көтеріп, сөйлемейтін. Ол жақта [алдыңғы парламентте] оппозициядан ешкім болмады» дейді Хасизаде.
Ол жаңа парламентте тым болмаса, бес адам еркін сөйлеп, батылдық танытса, мұның өзі жақсы көрсеткіш болатынын айтады. Хасизаде «тәуелсіз кандидат ретінде сайланғандар алда ештеңе істемесе, депутаттар ұятқа қалады» деп санайды.
Кезектен тыс парламент сайлауын 2019 жылдың желтоқсан айында президент Әлиев бекіткен. Кейбір оппозициялық партия баспасөз бен бейбіт жиын өткізу құқығына қойылған шектеулерге қарсылық танытып, сайлауға бойкот жариялады.
Әзербайжан орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлауға дауыс беру құқығына ие азаматтардың 47.81 пайызы, яғни 2,5 миллион адам қатысқан.
2015 жылы өткен парламент сайлауында халықтың 55.7 пайызы дауыс берген.
Сайлауда бірнеше рет дауыс беру, сайлау учаскесіндегі бейнебақылаудың үзілуі, тәуелсіз бақылаушылардың жұмысында кедергілер мен заң бұзушылықтар болғаны хабарланды.
Сыншылар ел оппозициясын күшейтетін шынайы реформалар болуы мүмкін дегенге күмәнмен қарайды. Олар президент пен оның жақтастары «советтік кезеңде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы және саяси бюроның мүшесі болған, жиырма жыл бұрын, қайтыс боларының алдында, қолындағы билігін ұлына тапсырған Әлиевтің әкесінен басталған мұрагерлік дәстүрді жалғастырар» деп күдіктенеді.
Әзербайжандағы «Мусават» оппозициялық партиясының бұрынғы басшысы Иса Гамбар ақпанның 9-сы күні Азаттыққа сайлауға қатысқан дауыс берушілердің белсенділігі төмен болғанын айтты.
Гамбар бұрынғы парламент пен жаңа сайланған заң шығарушы органның арасында «ешқандай айырмашылық болмайды» деп топшылайды.
«Осыған дейін таратылған парламент мүшелерінің басым бөлігі қайтадан депутат болып сайланып жатыр. Мұндай парламент қазіргі саяси дағдарысты тереңдетіп, тұрақсыздықты арттырады" дейді Гамбар.
Әзербайжанда парламент сайлауы қараша айында өтуі керек еді. Бірақ 2019 жылы желтоқсан айында Әлиев парламентті тарату туралы шешім қабылдап, жаңа парламент сайлауын алдыңғы белгіленген мерзімінен тоғыз ай бұрынғы уақытқа ауыстырды.
Әлиевтің «Жаңа Әзербайжан» партиясы президент реформаларын жүзеге асыру үшін заң шығарушы органның құрамын өзгерту керек деп есептейді. Президент реформасының аясында өткен жылдың соңында үкімет пен президент әкімшілігінде істейтін бірқатар жоғары шенеунік қызметінен алды. Мәселен, 62 жастағы экономист Әли Асадов премьер-министр болып тағайындалды.
Сарапшылар «Кезектен тыс парламент сайлауы – Әлиевтің әйелі, қазіргі вице-президент Мехрибан Әлиеваның кейінірек президент болуына жағдай жасаудың амалы» деп бағалайды.
Әзербайжанда парламент билігі шектеулі. Елдегі биліктің басым бөлігі президент қолында шоғырланған.
Әзербайжанда қазіргі президент Әлиевтің жақын серіктесі ұзақ уақыт премьер-министр қызметін атқарып келген. 2008, 2013, және 2018 жылдары президент болып бірнеше рет сайланған Әлиев 2009 жылы бір тұлғаның екі реттен артық президент болуына салынған тыйымды алып тастаған. Кейін 2016 жылы президент мерзімін жеті жылға ұзарту туралы референдум өткізіп, билігін күшейткен.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, 5,3 миллион азамат дауыс беру құқығына ие болған.
САЙЛАУДАҒЫ КАРУСЕЛЬ
Сайлау учаскелері ашылғаннан кейін бірнеше сағаттан соң дауыс берудегі заң бұзушылықтар туралы шағымдар түсе бастады. Кейбір тәуелсіз бақылаушылар бір адамның бірнеше сайлау учаскесінде карусель әдіспен дауыс беріп, сайлау жәшігіне уыстап бюллетень салғанына куә болғанын мәлімдеді.
Сайлауға қатысқан кандидаттардың бірі дауыс берушілерді бірнеше сайлау учаскесіне жеткізіп жүрген жедел-жәрдем көлігін көргенін айтты. Кандидат атынан сайлауда бақылаушы болған азамат өзін ұрып-соғып, сайлау учаскесінен шығарып тастағанын хабарлады.
Басқа бақылаушылардың айтуынша, оларды сайлау учаскелеріне кіргізбеген немесе белгіленген орыннан шықпауды талап еткен. Демократиялық бастамалар институты бақылаушыларға сайлау учаскелеріне кіруге кедергі келтірген белгісіз адамдардың видеосын жариялады.
Тікелей трансляциясы бар мыңдай сайлау учаскесінде камералар бұғатталғаны да айтылды.
Белсенді және блогер Бақтияр Хажиев Азаттыққа «дұрыс тіркелмепсіз» деген себеппен өзіне Бакудегі сайлау учаскесінде дауыс беруге рұқсат бермегенін хабарлады. Бірақ кейінірек сайлау комиссиясының өкілі сайлау учаскесіне кіру президент Әлиев келіп, дауыс бергенге дейін шектелгенін айтты.
Дәл осы кезде ел астанасының солтүстік-шығысында орналасқан Сурахан мен Говсан өңірлерінде жарты сағаттан астам уақытқа жарық сөніп, электр желісінде ақау байқалды.
ЕҚЫҰ бақылаушылары 125 сайлау учаскесінің жартысынан көбінде тіркелген дауыс берушілер саны Сайлау заңына сәйкес келмейтінін айтқан.
ЕҚЫҰ қаңтардың 29-ы күні Бакуде жариялаған сайлауды бақылау жөніндегі есебінде «Орталық сайлау комиссиясының тіркелген дауыс берушілер туралы дерегі мен Статистика комитетінің елдегі кәмелеттік жасқа толып, дауыс беру құқығына ие болған адамдардың саны туралы ақпаратының арасында 2 миллион айырмашылық бар» деп мәлімдеді.
Алдын ала тіркеуден өтпей, сайлау күні Әзірбайжанда тұратынын растайтын құжат ұсынған азаматтарға дауыс беруге рұқсат берілген.
Сайлау органдары қаңтардың 10-на дейін құжат тапсырған 1,637 кандидатты тіркеген.
19 саяси партия 272 үміткер ұсынған. Оның 123-і – Жаңа Әзірбайжан партиясы, 25-і – Мусават партиясы, ал 21-і – UMID (Үміт) оппозициялық партиясының үміткерлері.
Осыған дейін таратылған парламенттің үштен екі бөлігі, яғни 81 депутат қайта сайланғалы жатыр.
Стамбулда тұратын әзірбайжандық саяси сарапшы және Азаттық радиосына мақала жазып тұратын Арзу Гейбуллаева бұл сайлаудың алдыңғы парламент сайлауларына ұқсамайтынын, өйткені осы жолы жаңа саяси блогқа біріккен «жшынайы кандидаттар» тәуелсіз үміткерлер ретінде саяси бәсекеге қатысқанын айтты.
Желтоқсан айында кезектен тыс парламент сайлауы жарияланғаннан кейін құрылған қозғалысқа құқық қорғаушылар, заңгерлер, бақылаушылар, блогерлер, феминистер, жас белсенділер мен саясаткерлер біріккен.
ЕЛДЕГІ ЖҰПЫНЫ ДЕМОКРАТИЯ
Әзербайжанда 1991 жылы тамыз айында Совет одағынан тәуелсіздік алғаннан бері өткен сайлауларды ЕҚЫҰ мен Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының халықаралық бақылаушылары демократиялық стандарттарға сай емес деп бағалаған.
ЕҚЫҰ бақылаушылары Әзербайжандағы сайлау азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заңдарға сәйкес қатаң формада өткізетінін айтады.
Әзербайжандағы тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым көрсетіліп, күшпен жабылған. 2014 жылы Азаттықтың Әзірбайжан қызметінің Бакудегі бюросы да қызметін тоқтатқан.
Парижде орналасқан журналистер құқығын қорғайтын «Шекарасыз тілшілер» ұйымы Әлиев өзін сынаған ақпарат құралдарына қарсы «аяусыз соғыс» ашып, жыныстық бопсалау, ұрып-соғу, қоқан-лоқы көрсету және пара беру сияқты шараларға көнбеген журналистер мен блогерлерді ақылға сыймайтын айыптар бойынша түрмеге жапқанын айтады.
ЕҚЫҰ бақылаушыларының айтуынша, Әзірбайжандағы ақпарат құралдарының басым бөлігі өздеріне сайлау заңнамасында көрсетілген ақпараттық қолдауды тең дәрежеде көрсету бабы бойынша айып тағылмас үшін cайлау науқаны кезінде партиялар, үміткерлер мен саяси мәселелер тақырыбын айналып өтуге тырысқан.
ПІКІРЛЕР