Жапония жағалауында тұрған лайнерде 5 ақпанда бір адамнан коронавирус табылып, круиз карантинге жабылған. Кеме ішінде 50 елден 3700 адам болған. Қазір круизде 218 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.
«Қазақстан азаматтарының жағдайы бір қалыпты. Зертханалық анализдері тексеріліп жатыр» деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Диас Ахметшәріп Нұр-Сұлтандағы брифингте.
Жапония билігінің дерегінше, круиз кемесі Йокогамадан 20 қаңтарда шығып, ақпанның басында портқа оралған. Лайнерде вирус жұқтырған Қытай азаматы болған және ол Гонконгтен түсіп қалған. Вирус сол адамнан тараған деген дерек бар. Кемедегі карантин 19 ақпанда аяқталуы тиіс. Алайда лайнер ішінде Covid-19 (ДДСҰ-ның коронавирусқа қойған ресми атауы) жұқтырғандар саны күн сайын өсіп келеді.
ҚЫТАЙДА ВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР КҮРТ АРТТЫ
13 ақпанда Қытайдың Хубэй провинциясында бір күннің ішінде коронавирустан 243 адам қаза тауып, 14840 адам вирус жұқтырған. Бұл – вирус тарағалы ең көп адам шығыны тіркелген күн.
13 ақпандағы дерек бойынша, жалпы Қытайда коронавирустан 1355 адам көз жұмды. Жұқтырғандар саны 60 мыңға жуықтады. Ал жалпы әлемде 30-дан астам елде 565 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Филиппин мен Гонконгте бір-бір адам қаза болды.
Пекин 12 ақпаннан бастап коронавирус жұқтырғандарды жаңа әдіспен санай бастаған. Бұған дейін коронавирус жұқтырғандарды зертханалық анализдер арқылы анықтаған. Қазір Қытай адамдардың өкпесінің ренгтені арқылы да коронавирусты анықтап жатыр.
Қытайдың Коммунистік партиясы коронавируспен күрес жүргізе алмады деп тағы да бірнеше шенеунікті орнынан алды. Қытайдың мемлекеттік арналары коронавирус шыққан Ухань қаласындағы компартия басшысы Ма Гоцян «мәселені дереу шеше алмады» деп жұмыстан қуылғанын хабарлады.
Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде де жағдай ушығып барады. Сингапурде вирус жұқтырғандар саны елуге, Таиландта отызға жетті.
Вьетнам астанасы Ханой қаласының шетінде оннан астам адамнан коронавирус табылған соң бүтін бір аудан карантинге жабылды.
Орталық Азия елдерінде коронавирус жұқтырғандар жоқ. Қазақстан ақпанның басынан бастап, Қытайға баратын транспорттың барлық түрін шектеп, қытайлықтарға виза беруді тоқтатқан. Ақпанның басында Қазақстан Уханьда оқып жатқан 80 студентін кері қайтарған. Кейін Қытайда жүрген Қазақстанның 8 азаматы Ресей мен Өзбекстанның ұшақтарымен осы елге келген. 11 ақпанда Қазақстан Қытайдан 217 азаматын, 13 ақпанда 211 азаматын эвакуациялады.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір Қытайдан келген 20 қазақстандық температура және тұмаумен ауруханада жатыр.
Вирус 2019 жылдың соңында Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. 22 қаңтар күні «Медициналық вирусология» журналында зерттеу жариялаған ғалымдар «вирустың жыланнан тарағанын» жазды. Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.
30 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирусқа байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаған. Ұйым қазір коронавирусқа қарсы вакцина ойлап табу үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР