Accessibility links

Грузиядағы президент сайлауына кімдер түседі?


Грузиядағы Президент сарайы.
Грузиядағы Президент сарайы.

Грузиядағы он партиясы қазанда өтетін президенттік сайлауға бірге қатысу туралы шешім қабылдады. Олар өз ортасынан бір кандидат ұсынбақ. Парламенттік оппозиция да өз үміткерін анықтап жатыр.

Қазір бұл елде "президент Георгий Маргвелашвили қайтадан сайлауға түсе ме? Биліктегі "Грузия арманы" партиясы кімді ұсынады?" деген сұрақтар көпшілікті мазалайды. Сайлау тарихи оқиға болмақ, себебі Грузияда президентті соңғы рет халық тікелей дауыс беру арқылы сайлайды.

Оппозициялық он партия алдағы президенттік сайлауға бір кандидат ұсынып, биліктегі "Грузия арманы" партиясынан үстем болуды көздейді. Бұл он партияның ішінен тек "Ұлттық қозғалыстың" парламентте орны бар. Шілденің 16-сы күні партия жетекшілері "Күш-бірлікте" деген меморандумға қол қойды. Арасындағы "Жаңа Грузия" партиясының жетекшісі Георгий Вашадзе: "Араздық пен бір-бірімізді кекеп-мұқатудан гөрі бірлік пен ортақ мақсат Грузияны жаңа белеске көтереді. Бүгіннен бастап билікке келетін жаңа команда дайындаймыз. Біреуді билікке әкелу үшін емес, елімізді табысты, көшбасшы мемлекетке айналдыру үшін жұмыс істейміз. Грузияның әр азаматы өмірден өзіне лайықты орнын табуы керек. Мықты мемлекет – мықты азамат деген идея төңірегінде бірігеміз" деді.

Жақын күндері оппозиционерлер президенттікке түсетін жалғыз кандидаттарын атамақ. Алдын-ала дерек бойынша, ол бұрынғы сыртқы істер министрі Григол Вашадзе болмақ. Вашадзе он жыл бұрын Тамыз соғысы кезінде сыртқы саясат мекемесін басқарған еді. Сол уақытта оппозиция өкілдері Григол Вашадзенің екі азаматтығы барын, Ресей паспортының иесі екенін айтып, шу көтерген еді.

Григол Вашадзе
Григол Вашадзе

Қазір Вашадзе бұрынғы билік партиясы "Ұлттық қозғалысты" басқарады. Парламентте орны бар "Арман" партиясының өкілдері де бұл оқиғаға бей-жай қарамады. Бұл партияның депутаты Леван Гогичаишвили парламенттен мәлімдеме жасады.

"Өздері Ресейден төнетін қауіп туралы жиі айтып, артынан бұрынғы Ресей азаматын президенттікке кандидат етіп ұсынғандары өте күлкілі. Ол Ресей номенклатурасының өкілі бола тұра біздің сыртқы істерімізбен айналысты. Бұлар ұзақ уақыт елімізді сату үшін қолдарынан келгенін істеді. Қазір олардың ісіне шыдап отырмыз. Дегенмен, біз оларға музей экспонаты тәрізді қараймыз" деді Гогичаишвили.

Дегенмен "Грузин арманы" партиясы өз кандидатын ұсынуға асықпай отыр. Ықтимал кандидаттар арасынан әділет министрі Тея Цулукиани аталды. Жақында бұрынғы сыртқы істер министрі, қазіргі парламент депутаты Саломе Зурабишвили сайлауға түсуі мүмкін деген сыбыс шықты. "Арман" партиясының өкілдері "кандидатымыз президент болуға лайық адам" және "міндетті түрде жеңіске жетеді" деп сенеді.

Саломе Зурабишвили
Саломе Зурабишвили

Қазіргі президент Георгий Марглевашвилидің тағдыры белгісіз. Мемлекет басшысын жақтырмайтын биліктегі партия өздеріне ұнамаған шешімнің бәрін президенттің амбициясымен байланыстырып келді.

Бұрынғы спикер, қазіргі "Құрылыс қозғалысы" оппозициялық партиясының басшысы Давид Усупашвили жақында президентке ашық хат жазып, оны жаңа сайлауда кандидат етіп ұсыну үшін ынтымақтасуға шақырған. Георгий Маргвелашвили ашық хатқа жазбаша жауап бермеді. Кейін Давид Усупашвилиге "президентке қоңырау шаламын" деп уәде берген.

Георгий Маргвелашвили
Георгий Маргвелашвили

Кейбір оппозиция басшылары, президенттік сайлауға "үнемі қатысушылар" тағы да кандидатурасын ұсынбақ. Олардың арасында негізгі лейборист Шалва Нателашвили бар. Ол былтыр желтоқсанда: "Сайлауға тоғыз ай қалғанда бүкіл әлем алдында Грузия президенті болу үшін күресетінімді мәлімдеймін. Мен біз жоғалтқан демократияны, заңдылық пен әділеттікті, теңдікті қайтарамын" деген.

Шалва Нателашвили
Шалва Нателашвили

"Демократиялық қозғалыс" партиясының жетекшісі Нино Бурджанадзе былтыр "Грузияда өзіне тең келетін кандидат жоқтығын" айтқан еді.

Бірақ саясаттанушы Вахтанг Дзабирадзе олардың мүмкіндігіне күмән келтіреді. Шілденің 16-сы күні біріккен он партия 2016 жылғы парламенттік сайлауда бір пайыздан кем дауыс жинаған еді.

"Қазір олардың электораты көбейді деп ойламаймын. Бірақ олар бірігу арқылы уақыты мен бюджеттен қаржыландыруды көбірек алады. Ал оппозиция "Арман" партиясына қарсы тұруы бірігуі керек немесе президент Маргвелашвилидің төңірегінде күш біріктіруі қажет. Бірақ олай болуы екіталай" дейді саясаттанушы.

Нино Бурджанадзе
Нино Бурджанадзе

Бұл сайлау Грузия үшін тарихи оқиға болмақ. 2020 жылдан бастап Грузия толықтай парламенттік басқаруға көшеді. Ал президентті сайлауда жеңген партия таңдайды.

Мзия Паресишвилидің мақаласы орыс тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG