Сәрсенбіде өткен президент сайлауының екінші турында билік басындағы "Грузия арманы" партиясы қолдау білдірген тәуелсіз кандидат Саломе Зурабишвили жеңіп шықты. Грузияның Орталық сайлау комиссиясы бейсенбіде жарияланған түпкілікті нәтижеге сәйкес ол 59,62 пайыз дауыс жинады. Ал Біріккен оппозициялық күштердің кандидаты Григол Вашадзеге сайлаушылардың 40,48 пайызы дауыс берген.
Грузия заңына сәйкес, екінші турда көп дауыс жинаған кандидат президент болып сайланады.
66 жастағы Саломе Зурабишвили Францияда туып өскен, 30 жылға жуық осы елдегі сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен. 2003 жылы Грузияға көшіп келіп, 2004 жылы Грузияның сыртқы істер министрі болған. Кейін оппозицияға өткен.
Саломе Зурабишвили Грузия Мәскеу мен Батыс елдерімен қарым-қатынасында теңгерімді саясат ұстанғаны жөн деп санайды. Грузия мен Ресей арасында 2008 жылы тамызда бес күнге жалғасқан қарулы қақтығыс кезінде Мәскеумен келіссөз жүргізген Зурабишвили президент сайлауының екінші туры қарсаңында Кремльді сынайтын мәлімдемелер жасаған.
Бұл сайлау Грузия үшін тарихи оқиға - президент соңғы рет тікелей бүкілхалықтық дауыс беру арқылы анықталды. 2020 жылдан бастап Грузия толықтай парламенттік басқаруға көшеді. Ал президентті сайлауда жеңген партия таңдайды.
ПОСТ-СОВЕТТІК ПРЕЗИДЕНТ ӘЙЕЛДЕР
Саломе Зурабишвили Грузияны басқаратын алғашқы әйел президент болғанымен, постсоветтік елдерде мұндай лауазымға қол жеткізген төртінші әйел саясаткер.
2009 жылы Литвадағы президент сайлауында ең көп дауыс жинаған Даля Грибаускайте президент болған. Кейін 2014 жылы кезекті президент сайлауына қатысып, жеті кандидаттың арасынан тағы да ең көп дауыс жинап, екінші мерзімге қайта сайланған. 62 жастағы Даля Грибаускайте экономика ғылымдарының кандидаты, әр жылдары елші, қаржы және сыртқы істер министрі болған. Литвада президент бес жылда бір рет сайланады.
Эстонияны 2016 жылдан бері 49 жастағы Керсти Кальюлайд ханым басқарып келеді. Еуропа аудиторлар сотының бұрынғы мүшесі, 46 жастағы Кальюлайдті парламенттегі 101 депутаттың 81-і қолдап дауыс берген.
Кальюлайд Балтық бойы елдерінде НАТО-ның әскери әлеуетін күшейтуді және Украинадағы қақтығысқа байланысты Ресейге салынған санкцияларды күшінде қалдыруды қолдайды. Тіпті Керчьтегі қақтығысты "Еуропадағы соғыс" деп бағалаған.
Совет Одағы құлағалы бері Орталық Азияда да әйел президент болды. Бірақ сайланбаған, тағайындалған. 2010 жылы Қырғызстанда уақытша үкімет орнап, оның жетекшісі болып Роза Отунбаева тағайындалған. Ол елде саяси жағдайдың тұрақталуына елеулі үлес қосып, 2011 жылы Алмазбек Атамбаев сайланып, қызметке келгенше президент қызметін атқарды. 68 жастағы Отунбаева қазір елдің әлеуметтік, саяси және экономикалық жағдайына үлес қосуға көмектесетін жеке қорында қызмет етеді. Азаматтық позициясын ашық танытып, кейде оппозицияны қолдау жиындарында төбе көрсетеді.
ҚАЗАҚСТАНДА ШЕ?
Болашақта Қазақстанды да әйел басқаруы мүмкін екендігіне президент Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін бір мәрте меңзеген. 2016 жылы маусымда Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда қойылған сұраққа Назарбаев: "Әбден мүмкін, оның үстіне, бұған лайық дайындалған әйелдер бар" деп жауап берген еді. Осы кезде қасында отырған Ресей президенті Владимир Путин "ондай әйелдердің кейбірін танитынын" айтып қалған.
Мұндай екіұшты комментарий айтылған кезде жергілікті сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылары соңғы он шақты жыл ішінде түрлі саяси жоғары лауазымды қызмет атқарып үлгерген президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваны еске алып жатады.
Қазақстандық белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев та мұндай мүмкіндіктің бар екенін айтады.
- Әлбетте, бәрі нақты кандидатураның өзіне байланысты болмақ. Қандай да бір саяси жағдай туса, Қазақстанда әйел басшының шығуы - болжамды түрде мүмкін сценарий. Көшпенді қоғамдағы әйелдің рөлі отырықшы қоғамдардан бөлекше еді. Мұнда әйел адам жетекшінің рөлін ойнай алады дейтін тұжырым үшін қашан болсын тарихи негіз табуға болады, - дейді Сәтпаев.
Қазақстанда министр қызметін атқарған және атқарып жүрген, парламент мүшесі болып сайланған әйел саясаткерлердің бір шоғыры қалыптасса да, жергілікті басқару орындарында олар бірінші басшы ретінде әлі көзге түскен емес. Азаттық Қазақстанның тарихында облыс деңгейінде әйел әкім болып көрмегенін жазған еді. Сарапшылар мен белсенділер мұның себебін "теңсіздіктен", "демократияның әлсіздігінен" және "Шығыс менталитетінен" көрген.
Жергілікті атқару саласында да шыңдалған, орталық үкімет пен халықаралық салада да тәжірибе жинаған әйел тұлғалардың жоқтығына Досым Сәтпаев та назар аудартады.
- Әйел ме, еркек пе, маңызды емес, оның адал саясаткер, елінің патриоты болғаны маңыздырақ. Бірақ Қазақстанда қоғамда беделді әрі танымал, элитада белгілі бір қолдауға ие әйел кандидат пайда болып, президент болса, айтарлықтай апат тумайды. Ол кандидаттың кім екеніне байланысты. Бірақ мен қазір ондай кандидат байқап отырған жоқпын, - дейді ол.
Ал сіздің ойыңызша Қазақстанда жуыр уақытта ел басқаратындай шамасы бар әйел саясаткер бар ма? Пікіріңізді Facebook арқылы тіркеліп, төмендегі форумда жазсаңыз болады.
ПІКІРЛЕР