Accessibility links

Венгрия көп бала туған әйелдерге жеңілдік жасамақ


Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан жолдауы аяқталған соң жүздеген адам наразылыққа шықты. Будапешт, 11 ақпан 2019 жыл.
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан жолдауы аяқталған соң жүздеген адам наразылыққа шықты. Будапешт, 11 ақпан 2019 жыл.

Венгрия үкіметі халық санын көбейту мақсатында бала тууды қаржылай ынталандыруды қолға алмақшы.

Ақпанның 10-ы күні Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан халыққа жолдауы кезінде үкімет екі баласы бар отбасыларға "салықты азайтып, төменгі пайызбен ипотека ұсынуды, автокөлік алуға субсидия беруді жоспарлап отырғанын" айтты.

Орбанның сөзінше, үкімет төрт және одан көп бала туған әйелдерді жеке табыс салығынан босатады.

"40 жасқа толмаған әйел бірінші рет тұрмысқа шықса 10 миллион форинт (36 мың доллар) субсидиялық несие береміз. Несие алған отбасының екінші баласы туғанда қарыздың үштен бір бөлігі кешіріледі. Ал егер үшінші бала дүниеге келсе, несие толығымен кешіріледі" деді Орбан.

Виктор Орбан жолдау жасаған сәт. Будапешт, 11 ақпан 2019 жыл.
Виктор Орбан жолдау жасаған сәт. Будапешт, 11 ақпан 2019 жыл.

Орбан Еуропаға Таяу Шығыс, Азия және Солтүстік Африкадан мигранттардың жаппай келуін сынайтын саясаткер ретінде танымал. Венгрия премьер-министрі Еуропада туу деңгейі төмендеп кеткенін, бірақ мигранттарды қабылдау мәселенің шешімі емес екенін айтқан.

"Бізге статистика керек емес. Бізге венгриялық балалар керек" деген Орбан жыл сайынғы халыққа жолдауында.

Орбан жолдауы аяқталған соң Будапеште жүздеген адам көшеге шығып, үкіметке наразылығын білдірді.

Орталық және Шығыс Еуропада туу деңгейі төмендеп, халық саны азайып барады. Венгрия, Польша, Румыния және Болгариядан миллиондаған адам жоғары табыс көзін іздеп Батыс Еуропа елдеріне кеткен.

Премьер бұл мәлімдемесін өзін қолдайтын Fidesz партиясы Еуропа парламентіне енуге талпынып жатқан тұста жасады. Билік партиясы биыл Венгриядағы жергілікті сайлауларға да қатыспақ. Желтоқсанда елде Орбанның саясатына қарсы шерулер өткен. Сыншылар популист Орбанды Венгриядағы демократияны күйретіп, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын тұншықтырып отыр деп айыптайды. Оны Ресей президенті Владимир Путинге бүйрегі бұрады деп те сөгеді.

Бізге статистика керек емес. Бізге венгриялық балалар керек.

Өткен жылы Венгрия парламент жұмыс берушілерге қызметкерлерінен жылына 400 сағат артық жұмыс істеуін талап етуге мүмкіндік беретін еңбек кодексіне түзетулерді қабылдаған. Осыдан кейін желтоқсанның ортасында Будапеште мыңдаған адам көшеге шығып, еңбек қатынастарын реттейтін жаңа заңдарды «құлдар заңы» деп атап, наразылық танытқан.

Өткен жылы қарашада АҚШ мемлекеттік департаменті Венгрияны қару-жарақ саудасына қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі ресейлікті жауапқа тартқысы келген АҚШ-қа бермей, Ресейге қайтарып жібергені үшін сынаған.

2018 жылы Будапешт қаласында жұмыс істеген Орталық Еуропа университеті негізгі бағдарламаларын Венаға көшірген. Америкалық миллиардер Джордж Сорос құрған бұл университет Венгрияда және басқа елдерде либералды құндылықтарды насхиаттаған. Орбан үкіметі елдегі шетелдік университеттерге талапты күшейткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG