Мамырдың 10-ында The Diplomat басылымы Қазақстандағы әлеуметтік желілерде плагиат күдігі мен дауын тудырған "Рухани жаңғыру" бағдарламасының белгісі туралы: "Құстарды көшіріп салу: Қазақстан үкіметі тағы плагиат дауына қалды" (Copied Free Birds: Plagiarism Allegations Hit Kazakhstan's Government Again) деген мақала жариялады.
ЖАҢА ПЛАГИАТ ДАУЫ
"Даудың себебі былтыр бекітілген "Рухани жаңғыру" атты қоғамды модернизациялауға арналған мемлекет бағдарламасының құс бейнелі белгісінде жатыр. Логотиптің концепциясы, түрі мен түсі франциялық L’Aigle de Patmos театр ұжымы 2009 жылы қолданған белгіге күмәнді түрде ұқсас болып шыққан" деп жазады онлайн басылым. The Diplomat Қазақстанның ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаевтың бұл айыптауды жоққа шығарғанын, "плагиат емес сияқты, тексереміз" дегенін хабарлайды.
Азия мен Тынық Мұхит аймағы туралы жазатын халықаралық басылым Қазақстанда плагиат дауы жиі туатынын, тіпті жергілікті БАҚ Астанадағы "Бәйтерек" ескерткішінің өзі түпнұсқа болмауы мүмкін деп күмән келтіргеніне назар аудартады. Біраз шу-шұрқан тудырған Ұлттық банк банкнотындағы шағала суретін де еске алады. Жыл басында швейцариялық фотограф Марсель Буркхард ұлттық банк шығарған 500 теңге банкнотта түсірген суретінің қолданылғанын айтып, банк тарапынан сертификат талап еткен еді. Кейін оған канадалық фотограф Кейт Тестер қосылып, банкноттағы шағаланың бірі өзі түсірген суреттен алынғанын айтқан.
Онлайн басылым плагиат құбылысының Қазақстанда әлеуметтік желіде жиі ашу-ыза тудыратынын, сондай бір дауға Ержан Рашев атты блогердің ілінгенін жазады. Рашевті өзге белгілі авторлардың жазбаларын көшіріп алады деп айыптаған бірнеше қолданушы кешірім өтінуін талап еткен. The Diplomat блогердің: "Өмір мен оқиғаларға қатысты балама көзқарас ұсынам. Мені танымал қылған даудың бірі плагиат болды" деген сөзін келтіреді. Басылымның жазуына, мұндай маркетинг тәсілі белгілі блогердің кейбір фолловерлерінің көңілін қалдырған. The Diplomat-қа олардың бірі: "Бұл оның (Ержан Рашевтің - ред.) өз аудиториясын сатып кеткендей сезіледі. Оған сеніп едік... Өйткені елде еркін баспасөздің аздығынан сенетін басқа ештеңе жоқ" деген.
БАЙҚОҢЫР МЕН АЗАМАТТЫҚ БАСҚАРУ
Eurasianet.org сайты мамырдың 30-ында "Қазақстан: Ресей Байқоңырдағы базасынан кете ме?" (Kazakhstan: Russian military to leave Baikonur base?) деген мақала жариялады. "Қазақстанда жоғары лауазымды шенеунік үкіметтің қазір Ресейге жалға берілген Байқоңыр ғарыш айлағындағы [ресейлік] әскер ұстау мерзімін тоқтату туралы бірнеше шешім қарастырып жатқанын растады" деп жазады Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия туралы хабар таратушы тәуелсіз америкалық вебсайт.
Сәрсенбі күні Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш индустриясы министрі Мәскеудің Қазақстаннан жалға алып отырған Байқоңыр ғарыш айлағынан әскерилерін шығаруды ойластырып жатқаны туралы ақпаратты растаған. Сәл ертерек ресейлік ақпарат құралдары Мәскеудің Байқоңырдағы ғарыш бағдарламасы әскери емес, азаматтық басқаруға өтетінін хабарлаған.
"Бұл статусты өзгертудің маңыздылығы мынада - Ресейдің қазіргі әскериге жуық ғарыш операциялары бұл индустрияны құпиямен тұмшап тұрған" деп жазады Eurasianet.org сайты. Халықаралық ақпарат құралы Атамқұловтың азаматтық статус ғарыш айлағына жекеменшік сектордан инвестор тартуға, мыңдаған спутник ұшыруға сеп болады деген пікірін келтірген.
Вебсайт Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өткен аптада Байқоңырды АҚШ-тағы Канаверал мүйісі сияқты танымал туристік орталыққа айналдыруға шақырғанын атап өтеді. Мақала соңында Совет Одағы құлаған соң Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жылына 100 миллион АҚШ долларына жалға беріп отырғаны, 2004 жылы бұл келісімнің 2050 жылға дейін ұзартылғаны жазылған.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТАТИМЕН СОТТАСУЫ
Мамырдың Reuters ақпарат агенттігі "Қазақстан Бельгия сотының 21,5 млрд АҚШ доллары активін босатқанын айтты" (Kazakhstan says Belgian court lifts $21.5 billion asset freeze) деген ақпарат шығарды.
"Орталық азиялық елге қарсы қолданылған ең ірі актив бұғаттау шешімі былтыр Анатоль Стати Қазақстан үкіметінің үстінен 530 миллион АҚШ долларына тең [өтемақы туралы] шағым түсірген соң шыққан. Министрлік енд бұл шектеу шағымда көрсетілген сомадай болып кішірейгенін мәлімдеді" деп жазады Reuters.
Ақпарат агенттігі кезінде Стати мен ұлы Габриэльдің Қазақстанға салған инвенстициялары мен компанияларын Астана арзанға сатуға мәжбүрледі деп шағымданғандарын еске салады. Қазақстан билігі бұл айыптауды жоққа шығарса да, Стати мен оның Ascom Group S.A. және Terra Raf Trans Traiding Ltd атты екі компаниясы халықаралық арбитраж сотында Қазақстан үкіметінен 500 миллион АҚШ долларына тең өтемақы өндіріп алғандарын атап өтеді.
"Қазақстан Статиді өзіне тиімді арбитраж шешіміне заңсыз жолмен қол жеткізді деп [өтемақыны] төлеуден бас тартқан және оның өзін сотқа берген. Статилер бірнеше Еуропа елінің сотына арыз түсіріп, оның соңы былтыр қазақстандық активтерді бұғаттауға соқтырған еді" деп жазады Reuters.
Агенттіктің хабарлауынша, 530 АҚШ миллионына тең өтемақыны да бұғаттан босату туралы Қазақстан үкіметінің арызын ұлыбританиялық сот қазан айында қарай бастайды.
"ӘЛІ ҰЗАҚ ЖОЛ ЖҮРУІ КЕРЕК"
Ұлыбританиялық "Файнэншл Таймз" газеті маусымның 1-інде Оксфорд университетінің тарихшысы, "Жібек жолдары: Әлемнің жаңа тарихы" кітабының авторы Питер Франкопанның жолжазбасын жариялады. Франкопан: "Орталық Азия халықтары үш мың жыл бұрын-ақ қалай өмір сүруді білген" деп көне түркі дәуіріндегі қорымдардан шыққан алтын әшекейлер мен бұйымдарды атап өтеді. "Далаға ғашық" тарихшы Астананың "модерн сәулет стилін" сипаттайды. "Бәйтерек" монументінің төбесіндегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алақан қалыбына қолын қойып, ішінен тілек айтатын жаңа ырым да назарынан тыс қалмаған. Автор: "Осы орталық азиялық мемлекеттің басшысы болғым келеді деп тілек ойласаңыз, жуыр уақытта орындала қалады деп күтпей-ақ қойыңыз" деп постсоветтік кеңістікте ең ұзақ билік құрып отырған президентті мысқылдап өтеді.
Expo ғимараттарын аралап көрген тарихшы былтыр Астанада өткен халықаралық көрмені ұйымдастыру мен павильон құрылысына Қазақстан билігі жұмсаған 5 млрд АҚШ доллары туралы Батыс басылымдарының сынап жазғанын еске алады. "Жаңа кедей" болғанша, "жаңа бай" болған жақсырақ та шығар" деп жазады ол.
"Баспасөз бостандығынан бастап, адам құқықтарына дейінгі аралықта жағдайды жақсарту үшін Қазақстанның әлі ұзақ жол жүруі керек. Бірақ елдегі біраз адам айтатындай, көп нәрсе тамаша болып кетпесе де, Совет Одағы құлағалы бері әжептәуір алға жылжыған" деп ой түйеді Франкопан.
ПІКІРЛЕР