Accessibility links

Ресей "Украина тыңшысын" қалай соттады?


ФСБ көлігі
ФСБ көлігі

Ресейлік ФСБ қызметкерлері "жарылғыш зат жасаған" Глеб Шаблийді ұстап, "кінәсін мойындатқан". Оны "Украина барлау қызметінде жұмыс істеді" деген айыппен соттады.

2016 жылы қарашаның 16-сы күні "кеме және қайық жасаумен" айналысатын Севастопольдегі "Эра" компаниясының кеңсесіне қара киім мен бетперде киген қарулы адамдар кіріп келді. Олар күзетшілерді етпетінен жығып, ұялы телефондарын алып, бірнеше сағатқа каптеркаға қамады.

Индустриальный көшесіндегі ғимарат маңында екі автобус тұрды. ФСБ (Федералды қауіпсіздік қызметі) өкілдері осы көлікпен келген. Қанша ФСБ қызметкері келгенін ешкім білмейді.

Жедел топ Глеб Шаблий есімді азаматты іздеп жүрген. Оның қолына кісен салып, көзін байлап, алып кетеді. Мекенжайы белгісіз ғимаратта аяғын скотчпен байлап, басынан ұрып, "мойындау" сөздерін айтуды талап етеді.

"Болған жағдай туралы біреуге айтсаң, өміріңмен қоштаса бер. Отбасың бар екенін ұмытпа, оларды қорғай алмайсың" деп қорқытқан. Күш құрылымы қызметкерлерінің бірі мақта тампонмен Шаблийдің алақанын сулайды.

Глеб Шаблий
Глеб Шаблий

Кейін ФСБ сараптамасы қолдан жасалған бомбадан Шаблийдің ДНҚ-сын тапқан. Шаблий "бомбаны өзім жасадым" деп "мойындамайынша" ұрып-соғады.

Шаблий "Украина қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының тапсырмасын орындадым" деп айтуға "мәжбүр болған". Бес күннен кейін бұл видеожазба "Россия-1" телеарнасынан көрсетілді.

Телеарна Қырым мен Севастопольдегі ФСБ басқарма қызметкерлері Украина барлау қызметінің екі өкілін ұстағанын хабарлайды. Шаблийден бөлек Алексей Стогнийді де ұстайды. Оны тергеп жатқан сәтті де телеарнадан көрсетеді. Стогний "Севастопольде Қара теңіз флоты туралы құпия деректер жинаумен айналысқанын және Қырымдағы ресейлік офицерлердің жеке деректерін жинағанын" айтады.

Телеарнаның видеосюжетінде екеуінің Қырымда қағаз жүзінде бизнеспен айналысқандары баяндалады. "Россия-1" дерегінше, Стогнийдің кеңсе тауарлары дүкені болған. Ал Шаблий "Эра" компаниясында жұмыс істеген. Келесі күні Севастопольдегі сот екеуін екі айға қамайды.

Стогнийді қарашаның 14-інен 15-іне қараған түні ұстайды. Әйелі Оксананың айтуынша, ерін Киевке қызының туған күніне бара жатқан кезде "Каланчак" өткізу бекетінде тоқтатқан. Ол айыбын мойындап, тергеумен келісімге келеді. Симферопольдің Киев аудандық соты жабық режимде өткен отырыста Стогнийді үш жарым жылға соттап, Керчь қаласындағы колонияға жібереді.

Алексей Стогний
Алексей Стогний

Ұрып-соққан кезде берген түсініктемесінен бөлек Шаблий сотта айыбын мойындамады. Жарылғыш затты өзін ұстаған кезде ФСБ қызметкерлері алып келгенін айтты. Оның айтуынша, сараптама анықтаған ДНҚ таңбасын ФСБ өкілдері күшпен алған.

Сотта "Эра" күзетшілері ФСБ қызметкерлерінің өте дөрекі болғанын айтқан, бірақ олардың сөзі сот хаттамасына жазылмады.

Оқиға кешкі сағат сегізде басталған, шамамен 40 минутқа созылған. Сағат 20:41-де ғана жедел топ ғимаратты тінту актісін жасаған. Актіде көрсетілген, тінтуді растауы тиіс куәгерлер оқиғаның болған күнін де айта алмады. Шаблий "сотта сөйлеген куәгерлердің барлығын тінту кезінде көрмеген".

Іс құжаттары бойынша, Қырым мен Севастопольде Шаблийді ұстап, тергеу жүргізіп, кеңсесі мен пәтерін тінтіген. Табылған заттарға сараптама жасаған ФСБ қызметкерлері сотта оған қарсы түсініктеме берген.

Шаблийді ұсталған сәтте хаттаманы жедел топ қызметкері Артур Шамбазор толтырған. Шаблий сотта өзін ұрып-соғып, көзін байлап, қолына кісен салғанын, аяғын скотчпен байлағанын айтты. Хаттамада ол туралы бір сөз жазылмаған, бірақ Шамбазовтың қолы қойылған.

Шамбазовтың есімі Қырымдағы бұрынғы және қазіргі тұтқындарға қатысты жиі аталады. 2015 жылы Киевтегі Майдан кезінде "Беркут" бөлімшесі жауынгеріне жеңіл зақым келтіргені үшін ұсталған Қырым тұрғыны Александр Костенко Шамбазовтың азаптағанын, қолын сындырғанын айтқан еді. Қазір Костенко қолын қозғай алмайды.

Жарылғыш затқа биологиялық сараптама жүргізіп, одан Шаблийдің ДНҚ-сын іздеген ФСБ сарапшысы Елена Мальчиковадан жауап алуға сот рұқсат етпеді.

Шаблийді ұстап, "айыбын мойындатқан" соң Бақшасарайдағы оқшаулау абақтысына жібереді. "Севастопольдегі уақытша қамау абақтысында жөндеу жұмыстары жүргізіледі" дегенді желеу етеді. Шын мәнінде, "тәуелсіз адвокаттар Шаблийді тауып алады" деп қауіптенген. Бұған дейін де "Қырым диверсанттары" ісі бойынша айыпталғандардың бәрін Бақшасарайға жіберген.

Глеб Шаблий ісі бойынша сот ісі жабық режимде өтті. Отырысқа туыстарын да, журналистерді де жібермеді. Шаблийді "жарылғыш затты дайындап, сақтаған" деп айыптады. "Шаблийді ұрған" ФСБ қызметкерлерінің ісі тексерілмеді.

Шаблий қылмыс жасамай-ақ айыпты болып отыр. Қазір Ресейде "украиналық тыңшылармен" күресу дәстүрге айналды. Бұл – Ресей-Украина шиелесіне байланысты жүріп жатқан саяси науқанның бір ұшы.

2017 жылы қазанның 23-і күні сот Шаблийді бес жылға түрмеге қамау туралы шешім шығарып, 120 мың рубль айыппұл салды. Кейін апелляция соты айыппұлды алып тастады. Айыбын өтеу үшін 2018 жылы маусымда Уфадағы №1 колонияға жіберді. Үш айдан соң оны прокурор түсірген кассациялық шағымды қарауға арналған сот отырысына қатысу үшін Уфадағы тергеу изоляторына алып келді. Заттары мен дәрісі колонияда қалды. Ал өзін Омбыға аттандырды.

"Шаблийдің заттары мен дәрісін артынан жібермеді. Бір айдан астам уақыт бойы дәрісін ішпеді, медициналық көмек көрсетілмеді. Көп салмақ тастады, енді өміріне қауіп төніп тұр. Ауа-райы суып кетті, оның қыстық киімдері жоқ. Қазіргі жағдайы ауыр. Колонияға жіберсе, өміріне қауіп төнеді" деп жазды Новосибирскідегі Украина консулы Олег Финогеновке көмек сұрап хат жолдаған адвокат Оксана Железняк.

"Шаблий қылмыс жасамай-ақ айыпты болып отыр. Қазір Ресейде "украиналық тыңшылармен" күресу дәстүрге айналды. Бұл – Ресей-Украина шиелесіне байланысты жүріп жатқан саяси науқанның бір ұшы. Глеб Шаблийді босатып, оны қылмыстық қудалауға қатысы барларды жазалауды сұраймыз" деп жазылған "Мемориал" құқық қорғау ұйымының хабарламасында.

"Мемориал" Шаблийді саяси тұтқын ретінде тануды талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG