Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – Қырғызстандағы ең ірі имидж жоба. Биылғы көшпенділер ойынына Қырғызстан 4,5 миллион долларға жуық қаржы жұмсаған. Жылдың бюджеті 2 миллиард долларды құрайтын Қырғызстан үшін бұл – көп шығын. Бірақ елдің имиджі үшін Бішкек ақшаны аямады.
Көшпенділер ойынынан бөлек Қырғызстан 2018 жылы жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын атап өтпек. Бішкек 2018 жылы республикалық деңгейде жүздеген салтанатты жиындар, фестивальдар, мерейтойлар ұйымдастырған.
– Бір жылда 105 салтанатты жиын өткізіппіз! Егер осы шараларды бір жылға бөлсек, әрбір үшінші күн Қырғызстанда той. Бұл шаралардың 90 пайызы ел біле бермейтін адамдардың құрметіне ұйымдастырылған. Сондықтан мемлекет мерекелердің санын қысқарту керек. Бюджетте ақша аз, - деді депутат Ақылбек Жаманқұлов.
Депутаттың есебінше, Қырғызстан жыл сайын түрлі шараға үш миллион доллар жұмсайды.
– Бұл қаржыға балабақшаларды, мектептерді жөндейік, таза су тартайық. Бұл шараларды қаланың тойына арнайық. Қазір той тойлайтын уақыт емес. Бес жылдан кейін несиелерді қалай жабатынымызды ойлау керек, - дейді депутат.
Бірақ кейбір қырғызстандықтар депутаттың пікірімен келіспейді. Олардың ойынша, қалалар мен белгілі тұлғалардың мерейтойын атап өту – Қырғызстанның тарихи мұрасы. Ел ішінде "мерекелік шаралар жастарды тәрбиелеуге көмектеседі, ұмытылып бара жатқан тұлғалардың есімін жаңғыртады" деген де пікір бар. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Аида Кубатованың пайымдауынша, мерекелік шараларға қаржы дұрыс жұмсалмайды.
– Кейде билікке қоғамға белгілі емес тұлғалардың туысқандары мерейтой өткізуді сұрап, өтініш жасайды. Бірақ кейде сол туысқандардың өтінішімен белгісіз адамдардың да мерейтойы ұйымдастырылып жатады. Мен бұған қарсымын, - дейді ол.
Экономист Искендер Шершеев мемлекеттік салтанатты шараларды бизнесмендер немесе демеушілер ұйымдастыруы керек деп санайды.
- Қоғамда қалталы азаматтар бар салтанатты шараларды ұйымдастырса болады. Еуропада мерекелер мен фестивальдерді қауымдастықтар ұйымдастырады. Осы еуропалық жүйеге көшу керек. Ал мемлекеттік шығындар ақылға сиятындай болуы тиіс. Сонда ғана билікті "іске жауапты" деп айта аламыз, экономиканы дамыта аламыз, - дейді ол.
Қырғызстан билігі депутаттың ұсынысына құлақ асып, келер жылы салтанатты шаралар 80 пайызға қысқаратынын жеткізді.
ПІКІРЛЕР