Accessibility links

Сириядағы келіні мен немересін қайтара алмай жүрген кейуана


Сириядағы босқындар лагерінде жүрген әйел мен бала. Көрнекі сурет.
Сириядағы босқындар лагерінде жүрген әйел мен бала. Көрнекі сурет.

Тәжікстандағы Исфара қаласының тұрғыны Рахима Халимджанова “келініңіз бен немеренізді Сириядан қайтаруға көмектесем" деп уәде берген Түркия азаматына 6,5 мың доллар аударған. Бірақ Айхан Кемилаоглу есімді делдал ақшаны алып, іс-түссіз жоғалып кеткен.

ДЕЛДАЛҒА АЛДАНУ

Рахима Халиджанованың ұлы Асад Халимджанов әйелін ертіп, 2014 жылы Сирияға кеткен. Екі жылдан кейін ұлы Сириядағы соғыста қайтыс болған. Рахима Халиджановаға бұл хабарды келіні Шабнам естірткен.

"Раккада содырлар жеңілген соң келінім Шабнам күрд әскерінің қолына түскен. Ол қазір кішкентай баласымен әл-Хасака қаласындағы босқындар лагерінде тұрып жатыр. Бұл лагерьді БҰҰ бақылайды" дейді ол.

Асад Халимджанов.
Асад Халимджанов.

Рахима Халиджанованың сөзінше, келіні әл-Хасакадан хабарласып, Айхан Кемилаоглу есімді Түркия азаматына ақша аудару керектігін айтқан.

- Келінім "ақша салмасаңдар мені өлтіреді" деді. Ал Айхан Кемилаоглу ақша берсек, келінім мен немеремді Тәжікстанға қайтаруға көмектесетінін айтыпты. Мен сендім. Оның Түркиядағы банк шотына 6,5 мың доллар аудардым. Кейін ол бізге хабарласып, "ақшаны алмадым" деді. Ал банк ақша көрсетілген есепшотқа түскенін айтты. Айхан Кемилаоглу қазір іс-түссіз жоғалып кетті. Ақшаны қарызға таптым. Бұл біз үшін өте көп ақша, - дейді Исфар тұрғыны.

Рахима Халимджанованың келіні Шабнам Халимджонова Азаттықтың Тәжік қызметіне босқындар лагеріндегі жағдай қиын екенін айтқан. "Тәжікстан билігінен елге қайтаруға көмек сұраймын, жалынамын" деген Шабнам.

МИНИСТРЛІК ӘРЕКЕТІ

Тәжікстан ішкі істер министрлігі қазір Түркия полициясымен Рахима Халимджановадан ақша алған делдалдың кім екенін анықтауға тырысып жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметіне министрліктің баспасөз қызметкері Умарджони Эмомали хабарлаған.

Рахима Халимджановадан "ақша алған" Түркия азаматының төлқұжаты.
Рахима Халимджановадан "ақша алған" Түркия азаматының төлқұжаты.

Министрлік өкілі халыққа кеңес беріп, Сирия мен Иракта қалған жақындарын елге қайтару үшін өз беттерінше әрекет етпеуге шақырды.

Министрліктің есебі бойынша, қазір Идлиб пен әл-Хасака қаласындағы босқындар лагерінде 15-тен астам Тәжікстан азаматы бар. Биыл Бағдад соты "содырлармен бірге тұрған" және "террорлық топқа мүше болған" тоғыз тәжік әйелін 20 жылға соттаған. Оның алдында "терроризм айыбымен" төрт тәжік әйелі өлім жазасына кесілген. Ел билігінің дерегінше, Сирия мен Ирактағы террорлық топтарға мыңнан астам Тәжікстан азаматы қосылған.

Сирия мен Ирактағы соғысқа Қазақстаннан да жүздеген адам аттанған. Елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегі бойынша, Сирияға 800-ге жуық Қазақстан азаматы кеткен. Олардың арасында балалар да бар.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сирия мен Иракта жүрген қазақстандықтар туралы хабардар екенін және оларды елге қайтару мәселесін көтеріп жатқанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG