ТРАМПТЫҢ ШЕШІМІНЕ НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?
АҚШ президенті Дональд Трамп 8 қыркүйекте "Талибан" өкілдерімен және Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен Вашингтонда өтуі тиіс құпия кездесуді болдырмай тастады. Ауғанстан президентінің әкімшілігі Азаттықтың Ауған қызметіне Ғанидің Вашингтонға ұшпағанын растады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Пампеоның сөзінше, Трамптың кездесуден бас тартуына 5 қыркүйекте Кабулда болған жарылыс себеп болған. Ауғанстан астанасындағы шабуылдан 12 адам қаза тапқан. Олардың арасында америкалық сарбаз да бар. Бұл шабуылды "Талибан" қозғалысы мойнына алған.
7 қыркүйекте Трамп Twitter парақшасында АҚШ-"Талибан" келіссөзіне қол қоймайтынын ишарамен білдірді.
"Бейбіт келіссөз кезінде жарылыс жасап, 12 кінәсіз адамды өлтірсе, демек олардың келісім жасасуға ниеті жоқ" деп жазды Трамп Twitter парақшасында.
Трапмтың жазуынша, тәліптер келіссөз жүргізудің орнына жағдайды ушықтырып жатыр.
"ТАЛИБАН" МЕН АУҒАНСТАН БИЛІГІНІҢ ЖАУАБЫ
Трапмтың жазбасынан кейін "Талибан" мәлімдеме жасап, "бұл шешімнен ең көп зардап шегетін АҚШ-тың өзі болмақ. Вашингтонның беделіне де нұқсан келеді" деді. Тәліптер Ауғанстан билігімен 23 қыркүйекке кездесу белгілеп қойғандарын мәлімдеді. Бірақ кездесудің белгіленгенін ресми Кабул жоққа шығарды. Тәліптер "АҚШ райынан қайтып, келіссөзді қайта жалғастырар" деп үміттенеді.
"Бір жарылысқа бола келіссөзден шығып кету АҚШ-тың әлсіздігі мен тәжірибесіздігін көрсетеді" деді "Талибан" өкілі Забихулла Муджахид.
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани келіссөздің тоқырауына "Талибанды" айыптады. Ғанидің кеңсесі "тәліптер шабуылдар мен жарылыстарды тоқтатқанда ғана келіссөз үстеліне отыруға болады" деп санайды.
28 қыркүйекте Ауғанстанда президент сайлауы өтпек. Ғани де кандидаттар арасында бар. Бірақ "Талибан" ауған халқын дауыс беруге бармауға шақырды. Ауғанстанның біраз бөлігін бақылауда ұстап отырған тәліптер айдың аяғында өтетін сайлауды заңсыз деп санайды.
Ал 2020 жылғы президент сайлауына түсуді жоспарлайтын Трамп Ауғанстанда 18 жылдан бері созылған соғысқа нүкте қойып, АҚШ әскерін елге қайтарғысы келеді.
ДОХАДАҒЫ КЕЛІССӨЗ ҚАЛАЙ АЯҚТАЛЫП ЕДІ?
АҚШ делегациясы мен "Талибанның" Катар астанасы Дохада өткен келіссөзі 9 раундқа созылды. Келіссөзге сай, тәліптер Ауғанстанда бақылауда ұстап отырған аймақтарында террористерді паналатпауға, АҚШ пен оның одақтастарына шабуылдамауға келіскен.
Ал АҚШ Ауғанстандағы 5400 әскери маманын әкететінін айтқан. Қазір Ауғанстанда АҚШ-тың 14 мың сарбазы бар. Вашингтон Ауғанстан билігі мен Талибан арасындағы бейбіт келіссөздер сәтті жүрсе, әскерін толық шығаруды жоспарлаған.
Келіссөзде АҚШ мүддесін қорғаған Залмай Халилзад Дохадағы кездесу аяқтала сала Кабулға барып, Ауғанстан билігімен кездескен. Ал Дохадағы кездесуден кейін дайындалған құжатқа Трамп қол қоюы тиіс еді. Бірақ Вашингтон Халилзадты АҚШ-қа шақырып алды. Ал Трамп келіссөзге қол қоймай отыр.
"ТАЛИБАН" ҚАНДАЙ ҰЙЫМ?
1989 жылы Совет одағының әскері Ауғанстаннан шыққан соң 90 жылдары Пәкістанның солтүстігінде "Талибан" қозғалысы құрылды. 1994 жылы күзде "Талибан" Ауғанстанға да келді. 1995 жылы күзде Иранмен шекараласатын Герат провинциясын, 1995 жылы күзде Кабулды алды. 1998 жылға дейін тәліптер Ауғанстан аумағының 90 пайызын бақылауда ұстады.
Ауғанстан мен Пәкістанда пуштундар көп тұратын аймақтарда тәліптер үстемдігін арттырып, ислам және шариғат заңдарын енгізе бастады. Олар өзі бақылаған аймақта адам өлтіргендерді, некесіз қосылғандарды жұрт көзінше өлім жазасына кесті, ұрлық жасағандардың қолын шапты. Ерлерге сақал өсіруді, әйелдерге бетін толық жауып тұратын бурка киюді міндеттеді. Тәліптер музыка, кинотеатрларға тыйым салды. Қыздардың білім алуына қарсы шықты.
Халықаралық ұйымдар "Сауд Арабиясы тәліптерге қаржылай қолдау көрсетті, ал Пәкістан Талибан ұйымының құрылуына жағдай жасады" деп айыптады. Исламабад бұл айыпты жоққа шығарады.
2001 жылы 11 қыркүйекте Усама Бен Ладен мен "Әл Каида" ұйымы Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығына шабуыл жасады. Кейін АҚШ "Талибан қозғалысы Бен Ладен мен "Әл Каида" ұйымына қолдау көрсетті" деп айыптап, Ауғанстанға басып кірді. Артынша тәліптерді биліктен құлатты. Осыдан соң "Талибан" содырлар ұйымына айналып, Ауғанстан мен Пәкістанда жүздеген теракт ұйымдастырды. 2001 жылдан бері тәліптер Ауғанстан және АҚШ әскерилерімен қақтығысып келеді.
2003 жылы БҰҰ "Талибанды" террорлық ұйым деп жариялады. "Талибан" Қазақстанда да террорлық ұйымдар тізіміне енгізілген.
Видео: Ауған әйелдерінің еркіндікке ұмтылысы
ПІКІРЛЕР