Вашингтон "Ирак пен Сириядағы ислам мемлекеті" (ИШИМ) атты қарулы экстремистік топтың содырларымен соғысатын коалиция құрып жатыр. Жаңа одақтың келбеті айқындала бастады. АҚШ негізінен араб елдерінен одақтас іздейді.
КОАЛИЦИЯДАҒЫ АРАБ ЕЛДЕРІ
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри қыркүйектің 11-і күні Сауд Арабиясының Джидда қаласында «10 араб мемлекеті күреске қосылатынын» мәлімдеді. Олар: Ирак, Египет, Иордания, Ливан мен Парсы шығанағының 6 мемлекеті: Сауд Арабиясы, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері мен Кувейт, Оман және Катар. Сауд Арабиясы экстремист топқа қарсы күресте ерекше рөл атқармақ.
Вашингтон әуеден соққы бермек, жаяу әскерін бұл соғысқа жұмылдырған жоқ. Ал Әр-Рияд Сирияның ішінде соғысатын сириялық ұстамды бүлікшілер тобына арнап оқу-жаттығу шараларын жүргізбек.
АҚШ Ирактағы ИШИМ содырларын да әуеден атқыламақ, ал Ирак күштері (оның ішінде ирак-күрд жауынгерлерінен құралған ұлттық армия мен сүннит араб тайпалары бар) экстремист топпен осы аймақта соғысады. Вашингтон араб елдерінің ИШИМ-ге қарсы күреске қаржылай көмек жасағанын қалайды. Солайша қайырымдылық қорлары мен жеке демеушілердің жиһадшы топтарды қаржыландырып отырмағанын анықтап алу көзделген. ИШИМ содырлары мұнай кен орындарын басып алып, одан қомақты пайда тауып жатыр, сондықтан оларды сол аймақтан ығыстырып шығару өте маңызды.
Дохадағы Брукинг орталығының ғылыми қызметкері Луай әл-Хаттиб «Содырлар тобы қазір өздері бақылап отырған Ирактағы кен орындарынан күн сайын 25 мың баррель мұнай өндіреді, солайша одан күніне 1,2 миллион доллар пайда көреді» деп тұспалдайды. Бұл мұнайды ИШИМ Ирак пен Түркиядағы тұтынушыларға сатады деген хабар бар.
Топ мұнаймен байымай тұрғанда Парсы шығанағындағы демеушілердің қаржысымен күн көрді. Коалиция бұл қаржы көзін қиып тастауды қалайды.
ТҮРКИЯ
Коалициядағы негізгі аймақтық серіктердің бірі – Түркия. Сирияға дүниенің түкпір-түкпірінен келіп жатқан шетелдік соғысушылардың легін тоқтату үшін Түркияның бұл іске қатысуы қажет, бірақ Анкараға содырлардың жинала бергені тиімді болып көрініп келді. Себебі Түркия Сирия президенті Башар әл-Асадтың биліктен кеткенін қалайды.
ИШИМ маусымнан бері әскер жинап, нығайып алды, түрік шекарасын бекіту арқылы осыған тосқауыл қою керек. ЦРУ-дің баспасөз хатшысы қыркүйектің 12-і күні содырлар тобының Сирия мен Ирактағы әскер саны 20 мыңнан 31500 дейін жетті деді. Бұл ЦРУ-дің бұрынғы болжамынан екі-үш есе көп, содырлардың жартысы - шетелдіктер.
Анкара Вашингтонның түрік әуе базасын қолданып, жиһадшыларға шабуылдауына рұқсат етпеді. Маусымда содырлар Мосулде тұтқынға алған 49 түрік азаматы әлі босатылған жоқ. Аймақтағы басқа елдердің ешбірі әуе базасын қолдануға беретіні туралы ашық айтпады, сол себепті АҚШ әуе шабуылы үшін Парсы шығанағындағы ұшақ тасығыш кемелерді қолдана ма, жоқ па - ол жағы белгісіз.
Вашингтон Иранды коалицияға қоспады. Қыркүйектің 12-сі күні Джон Керри Анкарада Иранның одаққа қосылғаны «орынсыз» екенін айтты, себебі Тегеран Асадты қолдайды, ал АҚШ пен оның одақтастары Асадты биліктен кетіруді көздейді. Вашингтон ИШИМ содырларымен соғыста Асад әскерімен одақтас болмайтынын мәлімдеді.
Асадтың одақтасы Ресей «АҚШ Сириядағы содырларды БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің шешімінсіз атқыламауға тиіс» деп ескертті. Ресей сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Александр Лукашевич қыркүйектің 11-і күні «Сирия үкіметінің күштері де оқтан жапа шегуі мүмкін деген қауіп бар» деді.
ОДАҚҚА ҚОСЫЛАТЫН ЕО ЕЛДЕРІ
Бірнеше ЕО мемлекеті жақында коалицияға қосылады деген үміт бар. Қыркүйектің 15-і күні Парижде халықаралық келіссөз өткізген Франция Бағдадқа әскери қолдау көрсететінін мәлімдеген еді. Франция әуе шабуылына қатыспақ. Ұлыбритания да дәл сондай жәрдем ұсынды. Германия әуеден соққы жасамайды, бірақ Ирактағы күрд әскерилеріне қару-жарақ жібереді. Италия да Иракқа қару жібереді.
АҚШ президенті Барак Обама одақты «барынша кеңейтуге» шақырды, бірақ халықаралық коалицияның қаншалықты өсетіні және бұрын АҚШ жетекшілік етіп, коалицияға біріктірген көптеген ұсақ елдерді қамтитыны белгісіз.
1990-91 жылдары Парсы шығанағында соғыс ашқан АҚШ 39 мемлекет кірген коалиция құрған еді. Олар Ирак президенті Саддам Хусейннің әскерін Кувейттен шығаруды көздеген. Ал 2003 жылы Саддамды тақтан тайдыру үшін 30 ел күш қосқан.
(Чарльз Рекнагельдің материалын аударған - Динара Мәзен)