Accessibility links

Орталық Азияны үлкен өзгеріс күтіп тұр ма?


Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев (сол жақ шетте) пен Ресей президенті Владимир Путин (сол жақтан екінші) Ислам Каримовтің суретіне гүл қойып келе жатыр. Оң жақ шетте тұрған - Ислам Каримовтың қызы Лола Каримова-Тилляева мен жесірі Татьяна Каримова. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.
Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев (сол жақ шетте) пен Ресей президенті Владимир Путин (сол жақтан екінші) Ислам Каримовтің суретіне гүл қойып келе жатыр. Оң жақ шетте тұрған - Ислам Каримовтың қызы Лола Каримова-Тилляева мен жесірі Татьяна Каримова. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Орталық Азия сарапшылары «аймақтағы басшының ауысуы шынайы өзгеріске ұласпайды» деген ортақ тұжырымға келді. Бірақ қазіргі трендтерге қарасақ, өзгерістер біз күткендегіден жылдам болатынын аңғарамыз.

Өзгеріске деген бұлқыныс әсіресе Өзбекстанда күшейе түсетін сияқты. Себебі мұнда бірнеше күш қазіргі статус-квоға қарсы әрекет етіп жатыр. Олардың кейбірі әлі біраз уақыт биліктің қол астына да кірмейді.

Бір нәрсе айқын: ұзақ уақытқа рецессияға кеткен Ресей экономикасы Өзбекстандағы жұмыссыздық мәселесін шешуге септесе алатындай қауқарда емес. 2 миллионға жуық өзбек азаматы Ресейде жұмыс істеп жүр, олардың елге жіберген ақшасы өзбек экономикасын ұстап тұр. Жұмыс орындары жабылып, халықтың табысы азайған сайын өзбек үкіметі қаржы тапшылығын көбірек сезіне бастайды. Өткен жылдың өзінде-ақ үкімет тіпті полицейлердің жалақысын төлей алмай қиналған. Бұлардың үкіметке адалдығы өте маңызды екені түсінікті. Жыл сайын жарты миллионға жуық жасөспірім мектеп бітіріп жатыр, оларға да жұмыс керек.

Қауіп төндіретін екінші бір фактор – Өзбекстан ауыл шаруашылығындағы әлеуетін жоғалтып жатыр. Халқының жартысы ауылдық жерде тұратын, үштен бірі фермаларда жұмыс істейтін аграрлық экономика үшін бұл – үлкен мәселе. 1991-2001 жылдар аралығында күтімсіз қалған суармалы жердің 14-15 пайызы тозып кетті. Жер өңдеу, оны күтіп-баптау әдістеріне көп өзгеріс ене қоймағандықтан бұл үрдіс әлі де жалғасады, жағдай тіпті бұдан да әрі ушығуы мүмкін. Оның үстіне құрғақшылық жиілеп, өзендердің суы азайып келеді, мұздықтар жылына 5 гигатонна мұзын жоғалтып жатыр. Салыстырып қараңыз, Германия бір жылда 3,5 гигатонна ауыз су пайдаланады.

Өзбек базарларының бірі.
Өзбек базарларының бірі.

Тағы бір басты ерекшелік – азаматтық қоғамның еңсесі тіктеліп, нәтижелі жұмыс істей бастауы. Мақтаны күштеп жинатуға қарсылық науқаны сәтті болды, қазір Өзбекстанның басшылары мәжбүрлеп жұмысқа жегуге наразы жұрттың талабына көз жұма алмайды. Қазақстанда болған наразылық жиындарының арқасында халыққа ұнамаған жер реформасы бағдарламасы тоқтатылды. Тіпті Түркіменстанда да халықтың қарсылығынан соң басшылардың кейбір келеңсіз шешімдерін орындауға тосқауыл қойылды.

Кей кездері тіпті бірін-бірі жеделдетіп жүріп жатқан экономикалық, демографиялық және экологиялық өзгерістерге қарап Өзбекстанның үлкен өзгеріске қарай бет алып бара жатқанын түсінуге болады. Ал мұнда болған бұлқыныстар Орталық Азиядағы басқа елдерді де қамтиды.

Жақында сарапшылар өзбек жастарының президенттің қазасына шынымен қайғырып жатқанын, яғни олардың бұл режимді қолдайтындарын жазды.

Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтің сүйегін апара жатқан көлікті күтіп тұрған адамдар. Ташкент, 3 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтің сүйегін апара жатқан көлікті күтіп тұрған адамдар. Ташкент, 3 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Алайда Египеттің тәжірибесін еске алсақ, бұл қолдау алдамшы болып шығуы ғажап емес. Онда да халықтың басым бөлігі (75 пайызы) – 25-ке толмаған жастар, әрі олар туғалы бері Хосни Мүбарактан басқа басшыны көрмеген. Олар ұлы көсемнің алдарқатқан саясатына аңғалдықпен иланды. Бірақ біраз бөлігі бұл режимнің жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге қауқары жоқ екенін түсінді де, бәрібір Тахрир алаңына жиналды. Билік басындағылар бұл мәселеден хабардар болды, сонда да ондаған жылдар бойы оны шешуге асықпады. Соның кесірінен проблема ұлғайған үстіне ұлғая берді. Содан да олардың билігі шатқаяқтап тұрды, өкімет жастар бұлқынып шыққанға дейін ғана жағдайды қатаң бақылауда ұстай алды.

Өзбекстан басқа диктаторлық елдердің аграрлық саладағы жетістіктерінен үлгі ала алады.

Бірақ әлі де уақыт бар, жаңа басшылар өктемдікпен басқара алмайтын үлкен күштің мұң-мұқтажын түсінсе, прагматикалық жолды таңдау мүмкіндігі бар. Мәселен, Өзбекстан басқа диктаторлық елдердің аграрлық саладағы жетістіктерінен үлгі ала алады. 1980 жылдары Вьетнам мен Қытай фермерлерге біраз мүмкіндік беру арқылы қиын мәселелерді жедел шешкен. Соның нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, жұрттың табысы ұлғайды, бұл саяси тұрақтылыққа ұласты. «Саяси тұрақтылық» деген терминді Орталық Азия өкіметтері де жақсы көреді.

Прагматизм болмаса, өзгерістер қалыпты жағдайда жүрмеуі мүмкін. Бірақ біреулер ойлағандай қантөгіс болуы да міндетті емес. Режим мен оның қарсыластары қолданатын әдістердің алуан түрі бар екенін өмірдің өзі көрсетті.

Басқа елдердің, әсіресе 1989 жылғы Шығыс Еуропада болған революциялар мұндай бұлқыныстарды қақтығыссыз өткізуге болатынын, соның арқасында халықтың да, билеуші элитаның да жағдайын жақсартуға жол ашылатынын көрсетіп берді. Тіпті сәтті өтпеген (Араб көктемі) немесе дегеніне жету үшін қан майданнан өткен (Украинадағы Майдан) өзгерістердің өзі сабақ бола алады, басқалар солардың қателіктерін қайталамауға тырысады.

Ал әзірге адам құқықтарын қорғаушылар, азаматтық қоғам белсенділері және тәуелсіз журналистер алдыңғы буынның даналығына сүйене алады. 1982 жылы Совет Одағындағы диссиденттер қозғалысы талқандалды, олардың болашағы бұлыңғыр боп көрінді. Сонда Горькийде қапаста жатқан Андрей Сахаров: «Бағымызға қарай, болашақты болжау қиын, демек ол айқын емес», деп хат жазған еді. Арада алты жыл өткенде берген сұхбатында ол: «Болашақ айқын емес әрі оны болжап білу қиын. Болашақты барлығымыз өзара әрекеттесе отырып кезең-кезеңімен жасаймыз» деді.

Бұл жазбаның авторы блогер Т. Камилевтің көзқарасы Азаттықтың ұстанымымен бірдей болуы шарт емес.

XS
SM
MD
LG