Accessibility links

Орталық Азия елдеріне қиын тиген жыл


Бішкек базарында шырша сатып тұрған адам. Қырғызстан, 21 желтоқсан 2015 жыл.
Бішкек базарында шырша сатып тұрған адам. Қырғызстан, 21 желтоқсан 2015 жыл.

2015 жыл Орталық Азия елдері үшін қиын жыл болды. Экономикасы күрт құлдырағаны байқалған аймақ елдерінде қауіпсіздікке қатысты проблемалар да көбейді. Ал 2016 жылы аймақты не күтеді?

Орталық Азия елдері бойынша кейбір сарапшылары «турасын айтқанда, қауіпсіздікке қатысты қатер тым асыра көрсетіледі әрі Орталық Азия елдері үкіметтері оны ішкі «қарсыластарын» тұқыртып алудың желеуі ретінде пайдаланады» деп санайды.

Сонымен Орталық Азия аймағындағы 2015 жылғы ахуалды уақытша регресс деп санау керек пе әлде олар жағдайдың мүлде нашарлай бастағанын білдіретін алғашқы белгілер деп атауға бола ма?

Бұл сұрақтарға жауап беру үшін Азаттықтың Түркімен қызметі дөңгелек үстел өткізіп, сарапшылар аймақта бір жыл ішінде болған оқиғалар мен олардың келешекке әсеріне қатысты болжамдарды талқылады. Пікірталасты Азаттықтың Түркімен қызметінің директоры Мұхаммад Тахир жүргізді.

2015 ЖЫЛДЫҢ «ЖАРҚЫН» СӘТІ

2015 жылы Орталық Азия елдерінің көбінде жоғары билік органдарына сайлау өтті.

1 наурызда Тәжікстанда саяси плюрализмнің түбіне жеткен парламент сайлауы өтті. Азаттықтың Тәжік қызметінің директоры Соджида Джафарова 18 жыл ішінде оппозициялық партия мүшелері парламентке алғаш рет өтпей қалғанын айтады. Оның үстіне, сот оппозициялық партиялардың бірі «Тәжікстан ислам өркендеу партиясының» қызметіне тыйым салып, көп ұзамай партияны экстремистік ұйым деп жариялады.

Қырғызстанда қазанның 4-і күні өткен парламент сайлауы 2015 жылдың ең айтулы сәттерінің біріне айналды.

– Бұл парламенттік демократия мен жас парламенттік жүйенің Орталық Азия елдері ішінде әзірше жалғыз Қырғызстанда ғана орнағанын көрсететін саяси көрініс болды, – дейді Азаттықтың Қырғыз қызметінің директоры Венера Жұматаева.

Бұл сайлау да кемшіліксіз өткен жоқ, ал жаңа депутаттар сайлаушылардың зор үмітін ақтауға қабілетті екенін әлі дәлелдеуі тиіс, бірақ сайлау тұсындағы үгіт-насихат науқаны қазіргі Орталық Азия тарихындағы ең үздік процесс болған сияқты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудағы жеңісінен кейін. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудағы жеңісінен кейін. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Бұдан бөлек, 2015 жылдың 29 наурызында Өзбекстанда президент сайлауы, ал 26 сәуірде Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті.

Билік басында тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов ресми дерекке сәйкес, сайлаушылардың 90 пайыздан көп дауысын алған.

Орталық Азия елдері экономикасының ауыр сырқатқа шалдыққанын көрсететін белгілер қазірден байқала бастаған, ал кейбір жайсыз факторлардың аймақтағы ахуалға жанама әсері ғана бар.

АҚША АУДАРЫМДАРЫ АЗАЙДЫ

Аймақтағы кейбір мемлекеттер еңбек мигранттарының шетелден, көбінесе Ресейден аударатын ақшасына көп тәуелді. Әлем нарығында мұнай мен газ бағасының арзандауына байланысты құлдыраған Ресей рублінің девальвациясы мен Кремльдің Украинаның шығысындағы қақтығыстарда атқарған рөлі үшін Батыс елдерінің Ресейге қарсы салған санкцияларынан Орталық Азия елдерінен Ресейге барып жұмыс істейтін миллиондаған еңбек мигранттары зардап шекті.

Ресейде жұмыс істеп жүрген өзбек азаматтары.
Ресейде жұмыс істеп жүрген өзбек азаматтары.

Талай жылдардан бері миллиондаған өзбекстандық Ресейде тапқан ақшасын еліне жіберіп отыратын. Мысалы, 2013 жылы олар 6 миллиард 600 миллионға жуық доллар аударған. Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Сирожиддин Толибовтың сөзінше, 2015 жылы «Ресей мен өзге шет елдерден аударылған ақша көлемі 40 пайызға азайған». Бұдан бөлек қазір кейбір еңбек мигранттары «жұмыссыздық көбейген» Өзбекстанға орала бастаған.

Ақша аударымдарына ең тәуелді әлем елдерінің бірі Қырғызстан да осындай қиындыққа ұшырады. Бүкіл Орталық Азия елдері сияқты Қырғызстанның ұлттық валютасы – сом да көп құнсызданды.

– Баға 30 пайыздан да көп шарықтап, шамамен 50 пайызға қымбаттады, – дейді Венера Жұматаева.

Оның айтуынша, қымбатшылықтың кесірінен қазір Қырғызстандағы құрылыс компанияларының жартысы банкроттыққа ұшыраудың аз алдында тұр. Елдің ауыл шаруашылығы саласында проблемалар анық сезіле бастаған.

Жыл басында Қазақстанда бір доллардың бағасы 180 теңге болған, ал жыл аяғында бұл көрсеткіш 330 долларға дейін жетті. Қазақстан валютасы көбінесе елдің негізгі экспорттық тауары – мұнайдың арзандауы және ең ірі екі сауда әріптесі Ресей мен Қытай экономикасындағы қиындықтарға байланысты құнсызданды.

Табиғи газ бағасының арзандауы Түркіменстанды да осыған ұқсас проблемаларға душар етті, талай жылдан бері алғаш рет газ саласы қызметкерлерін қысқарту және Лебап облысындағы жұмысшылардың ереуілі жайлы хабарлар тарады.

ҚАУІПСІЗДІК ПРОБЛЕМАЛАРЫ

Экономикадағы қиындықтарға Орталық Азияның Ауғанстанмен оңтүстік шекарасындағы проблемалар қосылды. 2014 жылдың аяғында шетелдің қарулы күштері елдегі негізі әскери контингентін әкетуді аяқтағаннан кейін бұрын біршама тыныш болған солтүстік провинцияларда қақтығыстар болды. Тәжікстан шекарасына таяу орналасқан Құндыз провинциясы қыркүйектің аяғында біраз уақыт талибтер мен шетел содырларының қолында болды. Елдің батысындағы шайқастардың дүмпуі соңғы айлары Түркіменстан шекарасына дейін жетті.

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қосылған қазақстандықтардың балалары" делінген видеодан көрініс.
"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қосылған қазақстандықтардың балалары" делінген видеодан көрініс.

Бұл проблемаларға «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымынан төнетін қатердің күшеюі қосылды. Орталық Азияның жүздеген тұрғыны террористік ұйымға қосылу үшін Сирия мен Иракқа аттанды. Көбі – Ресейде үгітке ерген еңбек мигранттары. Бірақ Тәжікстан ІІМ-не қарасты арнайы жасақ командирі сияқты ИМ қатарына қосылған кейбір адамдар Орталық Азияда тұратын жерінен кеткен.

2015 жыл бойы Ресейдің ресми тұлғалары аймақ үкіметтеріне ИМ ұйымынан Орталық Азияға қауіп төнуі мүмкін екенін талай ескерткен, бірақ олар болжамы шын қатер болып шықты. Режимнің діни және элиталық тұқымынан шыққан ішкі қарсыластарын тұқыртып алуға мүмкіндік беретін заң жобалары мен шараларды енгізу үшін Орталық Азия елдері үкіметтеріне аздаған сылтаудың өзі жетіп жатыр.

Брюс Панниердің мақаласын аударған - Алиса Вальсамаки.

XS
SM
MD
LG