Accessibility links

«Сан қырлы» Каримова енді йогаға құмартты


Өзбекстан президенттің үлкен қызы Гүлнәр Каримова. 9 тамыз 2012 жыл.
Өзбекстан президенттің үлкен қызы Гүлнәр Каримова. 9 тамыз 2012 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнар Каримова бұған дейін дизайнер, зергерлік бұйым өндіруші, әнші, ақын, сценарист, дипломат, БҰҰ-ның Өзбекстандағы уәкілі атанған.

Бірақ соңғы кезде өзін-өзі жарнамалаумен айналысып жүрген Гүлнара Каримова Twitter-дегі парағында (@gulnarakarimova) йоганың артықшылықтары туралы жаза бастады.

Йогадағы «Тұмсығымен жер бауырлаған ит», «Кобра», «Соқа», «Ызалы мысық», т.б. танымал жаттығуларды орындаған Каримова сол қимылдарын суретке түсіріп, жиі жариялайтын болып жүр.

Суретке шолақ шалбар мен қызғылт футболка киіп түскен 40 жастағы Гүлнара Каримованың бұл әрекетін Өзбекстандағы кейбір интернет қолданушылар кекесінмен қабылдады.

Кейбір адамдар оның "адам бойындағы сұңғақтық, ептілік, рухани қасиеттерді арттыратын" йога жаттығумен шұғылданғанын оң қабылдағанмен, көбісі президент қызының тым ашық киінгенін оғаш қылық көріп, Гүлнара Каримованы "мұсылман елдеріне сай емес әдепсіз қимылдар көрсетті" деп айыптады.


Сынаушылардың айтуынша, "Гүлнара Каримова интернетте жағымды образын қалыптастыру арқылы Швейцария мен Швецияда жасаған қаржылық былықтарын, Uzdunrobita мобильдік операторына қатысты жанжалды жуып-шайғысы келеді".

Гүлнара Каримованың әкесі Ислам Каримов режимі кезінде Өзбекстанда адам құқықтарының өрескел бұзылу жағдайлары - өз алдына бөлек мәселе. Бұл елде Гүлнара Каримованың 1989 жылдан бері мемлекетті басқарып келе жатқан 74 жастағы әкесі кеткен кезде президент болуға дайындалып жүргені туралы түрлі қауесет айтылады.

Қазан айында Францияда Каримованың қаржы былықтарына қатысты құжаттар табылып, тергеуге алынғаны хабарланған еді.

Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, Гүлнара Каримованың есеп-шотында шамамен 500 миллион доллар бар. Оның есімі үнемі Швейцариядағы ең бай әйелдердің тізімінде жүреді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG