Қазір Италия полициясы футболдағы жемқорлық ісі бойынша 50 адамды тізімге алып, тексеру жұмыстарын бастады. Оның ішінде бұрын «Дженоа» командасында ойнаған, бүгінде «Зенит» шабуылшысы Доменико Кришито да бар. Бұл футболшы Италия құрамасымен бірге Еуро-турнирге дайындалып жатқан. Қазір Кришито оқу-жаттығу жиынынан кетіп, Еуропа чемпионатына қатыспайтын болды.
Ал мамырдың 28-і күні «келісілген ойындар өткізді» деген айыппен Италия полициясы 14 адам (кей деректерде 19 адам) тұтқындады. Қамалғандардың арасында «Лацио» командасының капитаны Стефано Маури де бар. Ал үш адам үй-қамаққа алынған. Тұтқындалғандардың барлығына «алаяқтықпен айналысу арқылы қылмыстық іс жасады» деген айып тағылды. Бұған қоса, құқық қорғаушылар 30 адамның үйіне тінту жүргізді. Олардың қатарында «Ювентустың» бас бапкері Антонио Конте де бар. Полицейлер оның пәтерін толық тексеріп шыққан.
«Конте бұл жағдайда өзін кінәсіз санайды. Және өзі бұл іске қатысы жоқтығымды дәлелдеуге дайынмын деп отыр» деді қорғаушы Антонио Де Ренчиса АР агенттігіне берген сұхбатында.
Кришитодан бөлек, «Дженоа» және «Фиорентина» командаларында ойнаған, бүгінде «Падова» құрамындағы Омар Миланетто және Эрнан Креспо, грузиялық Каха Каладзе де күдіктілер қатарында бар. Италия құқық қорғау органдары «Сампдория», «Новара», «Виченци», «Торино» және «Модена» командаларының ойыншыларын да тексеруге көшті.
Қазір күдіктілерді тұтқындау және оларды іздестіру жұмыстарымен Кремон қаласының прокуратурасы да айналысып жатыр.
Ал Италия полицейі Раффале Грасси «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында «2010/11 жылғы маусымда өткен «Лацио» - «Дженоа» және «Лечче» – «Лацио» кездесулері күдік тудырып отыр. Бұл ойындар келісілген болуы мүмкін» деп мәлімдеді.
ANSA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «Лацио»- «Дженоа» ойыны 2011 жылы мамырдың 14-і күні өткен еді. 37 турдың аясындағы матч 4:2 есебімен «Лационың» пайдасына шешілген. Ал 2011 жылғы мамырдың 10-ы Доменико Кришито мен Джузеппе Скулли бастаған «Дженоа» ойыншылары мейрамханада кездесіп, ойын барысын және «Лацио» командасынан «жеңіліп қалу» мәселесін талқылаған.
Италияның спорт заңына сай, Кришитоның кінәсі дәлелденбесе де, ол 6 айға дейін футболдан шеттетілуі мүмкін. Себебі ол ойынның келісілгенін біле тұра полицейлерге хабарламаған.
2011 жылдың маусымында Италияның сыртқы істер министрлігі «келісілген матчтармен күрес» бөлімін құрған еді. Ал 2011 жылдың тамызында «Аталанта» капитаны Кристиано Дони В сериясында «келісілген матчтарға қатысы бар» деген айыппен 3,5 жылға футболдан шеттетілген. Ал «Лацио» және Италия құрамасында ойнаған Джузеппе Синьори де осындай айыппен бес жылға футболдан кеткен еді.