2015 жылы шілденің 31-інде Куала-Лумпурда (Малайзия) 2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізетін қала белгілі болады. Қысқы ойындарды қабылдауға Алматы (Қазақстан) мен Пекин (Қытай) үміткер.
Қаңтардың 24-і мен ақпанның 4-і аралығында Гранада (Испания) мен Осрбльеде (Словакияда) қысқы универсиада өтеді. Ал жазғы универсиаданы шілденің 3-і мен 14-і аралығында Кванджу (Оңтүстік Корея) қабылдайды.
2015 жылы футболдан Азия, Америка, Африка чемпионаттары ұйымдастырылады. Азия кубогы Австралияда (қаңтардың 9-ы мен 31-і арасында), Африка кубогы Экваторлық Гвинеяда (қаңтардың 1-сі мен ақпанның 8-і аралығында), Оңтүстік Америка кубогы Чилиде (маусымның 11-і мен шілденің 4-і арасында), Солтүстік Америка чемпионаты АҚШ пен Канадада (шілденің 7-сі мен 26-сы арасында) өтеді.
Маусымның 12-сі мен 28-і аралығында алғаш рет Еуропа ойындары өтеді. Бакудегі ойындарға тек Еуропа елдері қатысады.
Маусымның 6-сы мен шілденің 5-і аралығында Канадада әйелдер футболынан әлем чемпионаты ұйымдастырылады.
ҚЫСҚЫ СПОРТ ҮМІТКЕРЛЕРІ
Фристайлдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, қазақстандық Юлия Галышева қаңтардың 15-і мен 25-і аралығында Крейшбергтегі (Австрия) ересектер арасындағы әлем біріншілігіне қатысады.
Ақпанның 18-і мен наурыздың 1-і арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Алексей Полторанин бастаған Қазақстан шаңғы құрамасы Швецияда өтетін әлем чемпионатына барады.
Ақпанның 28-і мен наурыздың 1-і арасында Астанада конькимен жүгіруден әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Шорт-трекшілер наурыздың 13-15 күндері Мәскеудегі әлемдік сында жүлдеге таласады.
Қазақстандық жас спортшы Элизабет Тұрсынбаева наурыздың 2-8 күндері Таллинде (Эстония) өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына барады.
Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 23-29 наурызда болатын Шанхайдағы (Қытай) әлем чемпионатына қатысады.
Наурыздың 3-і мен 15-і арасында Финляндияда биатлоннан әлем чемпионаты өтеді.
ЖАЗҒЫ СПОРТ ЖАРЫСЫНА БАРАТЫНДАР
2015 жыл жазғы спортта Рио-де-Жанейродағы олимпиадаға іріктеу жылы болмақ. Биылғы әлем және құрлық чемпионаттарында олимпиада жолдамалары бөліске түседі.
Қазақстан жанкүйерлері үшін дзюдодан 24-30 тамызда Астанада өтетін әлем чемпионаты, күзде Дохадағы (Катар) бокстан әлем біріншілігі маңызды. Қазақстандық дзюдошы Максим Раков 2009 жылы Роттердамда (Голландия) өткен әлем чемпионатында алтын алған. Содан бері Қазақстан дзю-додан әлемдік сында алтын ала алмай келеді.
2013 жылғы Алматыдағы әлемдік жарыста төрт алтын алған қазақ боксшылары Дохадағы әлем чемпионатына фаворит ретінде барады.
20-29 қарашада Хьюстонда (АҚШ) өтетін ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан атлеттері Рио-де-Жанейро жолдамасына таласады.
Күрес түрлерінен 2014 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында Қазақстан бірде-бір медаль ала алмады. Енді қазақ балуандары 2015 жылы 7-15 қыркүйекте Лас-Вегастағы (АҚШ) әлем чемпионатында жүлдемен қатар олимпиада лицензиясын алу үшін де күреседі.
Шілденің 24-і мен тамыздың 8-і аралығында Қазанда (Татарстан) су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Бұл сынға Қазақстаннан Азия ойындарының үш дүркін чемпионы Дмитрий Баландин де барады.
22-30 тамызда әлемнің жеңіл атлеттері Пекинге (Қытай) жиналып, әлем чемпионатына қатысады.
Қазақстан велоспортшылары 19-27 қыркүйекте Ричмондтағы (АҚШ) әлем чемпионатына барады.
2015 жылы таэквондодан әлемдік жарыс Ресейдің Челябинск қаласында (12-18 мамыр) семсерлесуден әлем біріншілігі Мәскеуде (13-19 шілде) өтеді.
Күзде спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты Глазгода (Шотландия), көркем гимнастикадан әлем біріншілігі Штутгардта (Германия) ұйымдастырылады.
АЗИЯ ЧЕМПИОНАТТАРЫ
10-14 ақпанда Таиландта велоспорттан, сәуірде Сингапурде дзюдодан, шілдеде Непалда ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді.
Мамырдың 6-сы мен 10-ы аралығында Дохада (Катар) күрес түрлерінен,әлем чемпионаты ұйымдастырылады.
Қазақстан боксшылары 2-11 маусымда Бангкокта (Таиланд) өтетін Азия чемпионатына қатысады.
Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы 20-28 мамырда Пекиндегі (Қытай) Азия чемпионатына барады.
Маусымның 1-і мен 5-і аралығында Кобеде жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтеді.