Accessibility links

Косовоның олимпиада жайлы орындалған арманы


Косово олимпиада құрамасының мүшесі, дзюдошы Майлинда Келменди (сол жақта) ел президенті Атифете Яхьягамен бірге. Приштина, 30 наурыз 2012 жыл.
Косово олимпиада құрамасының мүшесі, дзюдошы Майлинда Келменди (сол жақта) ел президенті Атифете Яхьягамен бірге. Приштина, 30 наурыз 2012 жыл.

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында 5 тамызда 31-жазғы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Әлемдік жарысқа тұңғыш рет Косово да қатысқалы отыр.

Дзюдодан әйелдер арасында әлемнің екі дүркін чемпионы, 25 жастағы Майлинда Келменди Рио олимпиадасының ашылуында Косовоның туын ұстап шығады. Ол Косово атынан дүбірлі жарысқа қатысатын сегіз спортшының бірі. Спортшы өзін ертегіде жүргендей сезінетінін айтады.

– Мен үшін бұл үлкен мәртебе, себебі Косово олимпиадалық ойындарға бірінші рет қатысады, ал елдің туын мен көтеріп шығамын. Бұл менің көптен бергі арманым еді, енді сол орындалып жатыр, - деді CNN арнасына берген сұхбатында Келменди.

Ол 2013 жылы Риода тұңғыш рет әлем чемпионы атағын жеңіп алғанда Косово спорттан алғашқы медальға ие болған еді. Ал бірақ былтыр Ресейде әлем чемпионы атағын сақтап қалу үшін сынға түсіп, финалда олимпиада жүлдегері франциялық Присцилла Ньетоны жеңбес бұрын Келмендиге ресейлік билікпен «күш сынасуға» де тура келген.

Сербияны толық қолдайтын Ресей Косовоның тәуелсіздігін мойындамайды. Сол себепті Келмендидің Косово атынан жарысқа шығу-шықпауы соңғы сәтке дейін белгісіз болды. Қазан қаласындағы әлемдік жарыс алдында келіссөздер өтті. Тек халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер араласқан соң ғана Келменди өз елінің атынан жарысқа қатысуға рұқсат алған.

ХОК МҮШЕСІ

Биыл тамыздың 5-і күні Келменди бүкіл әлем алдында Косовоның туын ұстап шығатын болады. Осы кезге дейін әлемде 110-нан астам мемлекет мойындаған Косово әлі күнге дейін БҰҰ-ның мүшесі емес. Бірақ 2014 жылдың желтоқсанында ХОК Косовоны толыққанды мүшесі етіп қабылдаған.

– Косовоны ХОК-тың мойындауы – ең керемет жаңалық болды. Енді спортшылар мен балалар олимпиада ойындарына қатысып, Косовоның атын шығаруды армандайтын болады, - дейді Майлинда Келменди CNN-ге сұхбатында.

Нысана көздеуден Косово құрамасының мүшесі Урата Рама.
Нысана көздеуден Косово құрамасының мүшесі Урата Рама.

Косовоның халықаралық олимпиада комитетіне мүше болып қабылдануы бұл елдің спортшыларына иықтан үлкен жүк түскендей үлкен жеңілдік әкелді. Осыдан төрт жыл бұрын косоволық мерген Урата Рама Азаттықтың Балқан қызметіне өзінің олимпиадалық арманы жайлы айтқан еді. Ол кезде косоволық спортшылар өздерін басқа спорттық қауымдастықтан оқшау қалғандай сезінетін. Ал қазір Рама бар күш-жігерін тек сайыста нәтижеге қол жеткізуге жұмсайды, мені олимпиадаға қатыстыра ма, жоқ па дегенді ойлап бас қатырмайды.

– Мерген үшін ойыңды жинақтап, сабырды жоғалтпау – ең маңызды нәрсе. Мен алғаш бастаған кезде осындай табысқа қол жеткіземін деп ойлаған жоқпын, өйткені спорттың бұл түрінде жетістікке тез жетпейсің, - дейді Рама Азаттықтың Балқан қызметіне.

Косово халқына бір-екі күн болсын шаттық сыйлап, қуанта алсам, бәлкім олар елдегі сансыз проблемаларды уақытша болсын ұмытар еді деген ой маған қанат береді.

Өзгелер үшін жетістікке жету үшін көп жыл тер төгуге тура келді. Дзюдошы Майлинда Келмендидің жаттықтырушысы Дритон Кука 1990 жылдардың басында Балқандағы соғыс кесірінен армандары күл-талқан болған спортшылардың бірі. Ол 1992 жылғы Барселона олимпиадасына Югославия құрамасы қатарында қатысуға тиіс еді, бірақ Слободан Милошевич режимінің этникалық албандарға жасаған қуғын-сүргініне байланысты Косово (Югославияның автономиялық аймағы мәртебесінен айрылған кезі) өз адамдарын Барселонадағы жарыстан алып тастаған еді. Югослованияның өзін де Босниядағы соғысқа байланысты БҰҰ салған санкция салдарынан Барселона олимпиадасына қатыстырмады. Сол кезде жасы 20-дан енді асқан Дритон Куканың олимпиада татамиіне шығып, жүлдеге талассам деген арманы осылайша іске аспай қалған еді. Бірақ Кука дзюдо күресінен олимпиадаға қатыссам деген арманына енді арада 20 жыл салып бапкер ретінде қол жеткізіп отыр. Келмендимен бірге Риода Косово атынан дзюдо бәсекесіне қатысатын Нора Гякова да Куканың шәкірті.

Енді Косовоның ең басты үміті – олимпиада жүлдесіне қол жеткізу. Дзюдодан әлем жеңімпазы Майлинда Келменди өз командасы олимпиадалық қозғалыстың рухын қалпына келтіруге септесер деп үміттенеді.

– Косово халқына бір-екі күн болсын шаттық сыйлап, қуанта алсам, бәлкім олар елдегі сансыз проблемаларды уақытша болсын ұмытар еді деген ой маған қанат береді, - дейді ол.

(Гордана Кнежевичтің мақаласы ағылшыннан аударылды.)

XS
SM
MD
LG