Accessibility links

Қашқын премьерге ұқсайтын Даниил Урицкий кім?


"Беларусь ұлттық биотехнология корпорациясы" басшысы Даниил Урицкий (ортада). Tut.by сайты 2018 жылы шілденің 27-інде жариялаған сурет.
"Беларусь ұлттық биотехнология корпорациясы" басшысы Даниил Урицкий (ортада). Tut.by сайты 2018 жылы шілденің 27-інде жариялаған сурет.

Беларусь жаңалық сайттары осы елдегі ұлттық корпорация басшысының суретін жариялады. Суреттегі адамды Қырғызстанда сырттай сотталған, 2010 жылғы сәуір революциясынан кейін шетелге қашып кеткен бұрынғы премьер-министр Данияр Үсеновке ұқсатады.

Жұма күні Tut.by жаңалықтар сайты "Беларусь ұлттық биотехнология корпорациясы" (БНБК) жабық акционерлік қоғамының зауыттар кешені құрылысын бастау шарасынан түсірілген суреттерді жариялады. Сайттағы ақпаратта әлгі компанияның басшысы Даниил Урицкий деп таныстырылған адамның суретін көргендер оны Қырғызстанның экс-премьері, 2010 жылғы сәуір революциясы кезінде шетелге қашып кеткен Данияр Үсеновке ұқсатады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

"БНБК басшысының биографиясы белгісіз болып отыр. Қырғызстандағылар Беларусь елінде бизнес жүргізіп жүрген Даниил Урицкий – Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсенов деп мәлімдейді. Шараны ұйымдастырушылар директордың журналистерге комментарий бермейтінін хабарлады. Компания қызметкерлері болса жетекшілерін Даниил Тимурович Урицкий деп қана білетінін айтады", - деп жазды суретті жариялаған Tut.by сайты.

Беларустік naviny.by жаңалықтар сайты болса "Беларусь бизнесмені ме, әлде Қырғызстанның қашқын премьері ме? Даниил Урицкий деген кім" ("Белорусский бизнесмен или беглый премьер Кыргызстана? Кто такой Даниил Урицкий") деген тақырыппен мақала жариялаған. Басылым тілшісі ол адаммен сөйлесуге тырысқан. "Сіз шынымен де Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрісіз бе?" деген журналистің сұрағына әлгі адам: "Оны қырғыздардан сұраңдар" деп қысқа қайырған.

Tut.by сайты 2018 жылы шілденің 27-інде жариялаған суреттегі сол жақтан үшінші тұрған адам – Даниил Урицкий.
Tut.by сайты 2018 жылы шілденің 27-інде жариялаған суреттегі сол жақтан үшінші тұрған адам – Даниил Урицкий.

Қырғызстанның бұрынғы үкімет басшысы Данияр Үсеновтің Беларусь елінде Даниил Урицкий деген атпен тұрып жатқаны туралы ақпаратты алғаш рет Беларусь басылымдары 2017 жылғы желтоқсанда таратқан болатын.

Бұл хабардан соң іле-шала Қырғызстандағы "Айкөл Ала-Тоо" қоғамдық бірлестігінің өкілдері өткен жылы желтоқсанның 14-і күні Беларусь мемлекетінің Бішкектегі елшілігі алдына шеруге шығып, Минскіден Данияр Үсенов – Даниил Урицкийді Қырғызстанға экстрадициялауды талап еткен.

Минскіден Данияр Үсенов - Даниил Урицкийді беруді талап еткен белсенділер Беларусь елшілігі алдында акция өткізіп тұр.Бішкек, 14 желтоқсан 2017 жыл.
Минскіден Данияр Үсенов - Даниил Урицкийді беруді талап еткен белсенділер Беларусь елшілігі алдында акция өткізіп тұр.Бішкек, 14 желтоқсан 2017 жыл.

Бұған дейін Қырғызстан Мемлекеттік тіркеу қызметінің баспасөз хатшысы Мелис Ержігітов Қырғызстан азаматтығынан бас тартқандардың арасында Данияр Үсенов есімді адам жоқ деп хабарлаған.

Данияр Үсенов 2009 жылы Қырғызстанның премьер-министрі болып тағайындалған. Қырғызстанда 2010 жылы сәуірде наразылық шеруіне шыққан жұртқа үкіметтің күш қолданып, ондаған адамның қаза табуы биліктің ауысуына алып келген: президент Құрманбек Бакиев пен үкімет жетекшісі Данияр Үсенов және басқалар шетелге қашып кеткен. Сол кезден бері Үсеновтің суреті көпшілікке жарияланған емес.

Экс-президент Құрманбек Бакиев қазір Беларусь елінде тұрып жатыр.

Оқи отырыңыз: "Құрманбек, тірімісің? Масадан қорықпасаң Беларуське кел!"

Қырғызстан сотының сырттай шығарған үкімі бойынша Құрманбек Бакиевке - 30 жыл түрме жазасы тағайындалып, Данияр Үсенов өмір бойы бас еркіндігінен айырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG