Accessibility links

Боксшы Саида Хасенова


Саида Хасенова (сол жақта) әлем чемпионатында. Қытай. Мамыр, 2012 жыл. (Сурет Саида Хасенованың жеке мұрағатынан алынды).
Саида Хасенова (сол жақта) әлем чемпионатында. Қытай. Мамыр, 2012 жыл. (Сурет Саида Хасенованың жеке мұрағатынан алынды).
Боксшы Саида Хасенова – олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылардың бірі. Ол 60 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түседі.

Саида Хасенова алты рет Қазақстан чемпионатын ұтқан. 2010 жылғы Азия чемпионы. Азия ойындарының қола жүлдегері. Әлем кубогының жүлдегері. Екі рет әлем чемпионатына қатысқан.

Спортшы олимпиада жолдамасын 2012 жылдың мамыр айында Қытайдың Циньхуандао қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіп алды. Бұл жарыста 60 килограмм салмақ дәрежесіне бөлінген 8 жолдамаға 60 боксшы таласқан еді.

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ

25 жастағы боксшы қазір олимпиадаға Алматы қаласында дайындалып жатыр.

- Отбасымда анам, әкем бәрі спортқа жақын. Әкем боксқа, анам шаңғыға қатысқан. Боксқа қатысуыма олар қарсы болмады. 15 жасымнан каратэмен айналыстым. Кейін таи-бокспен де шұғылдандым. 2005 жылы боксқа келіп, Атыраудағы Қазақстан чемпионатына қатысып, күміс жүлде алдым, - деді Саида Хасенова.

Күніне тоғыз сағатын жаттығуға арнайтын спортшы «боксқа ғашықпын» дейді.

– Қытайда олимпиада жолдамасын алғанда қуанып, қатты жыладым. Шыны керек,
Ирландиялық боксшы Кэти Тейлор (оң жақта) және қазақстандық спортшы Саида Хасенова. Қытай, 15 мамыр 2012 жыл.
Ирландиялық боксшы Кэти Тейлор (оң жақта) және қазақстандық спортшы Саида Хасенова. Қытай, 15 мамыр 2012 жыл.
қазіргі күнге дейін осындай жетістікке жеткенімді сезіне алмай жүрмін. Бос уақыт аз. Ал қолым босай қалса, достарыммен киноға барамын. Кейде ата-анамның қасында болғанды қалаймын. Кітап та оқимын. Соңғы рет Ілияс Есенберлиннің шығармаларын оқып шықтым, - деді боксшы.

Ол психологиялық кітаптарды да көп оқиды. «Спортшының психологиясы мықты болмаса, жеңіске жету қиын» дейді.

– Кейде жарысқа шығар алында, үлкен турнирлерде толқуымды баса алмай қаламын. Физикалық жаттығуым мықты болып тұрса да, психологиялық тұрғыдан жеңіліп қалуым мүмкін. Сондықтан өз-өзімді психологиялық кітаптар арқылы тәрбиелеймін, - деді боксшы.

Ағылшын тілін меңгерген, орысша еркін сөйлейтін Саида Хасенова енді француз тілін үйренсем дейді.

Спортшы тамақ пісіргенді де жақсы көреді.

– Құймақтың түр-түрін пісіргенді ұнатамын. Ет пісіріп, палау да басамын. Шетелге жарысқа шықсам, сол елдің тағамдарының рецептерін алып келемін. Барбадос елінде өткен әлем біріншілігіне барып, сол елден екі-үш тағамның рецептін алып келдім, - дейді Саида Хасенова.

«САИДАҒА ҚАЗАҚСТАНДА ҚАРСЫЛАС ЖОҚ»

Спортшыны Лондон олимпиадасына Карим Махмудов дайындап жүр. Бұл бапкер Пекин олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың да жеке жаттықтырушысы болған.

– Саида – қайсар қыз. Қайсарлығымен қатар нәзіктігі бар. Жеңіске жетсе де, жеңіліп қалса да жылайды, – деп күлді бапкер.

Карим Махмудовтың айтуынша, Саида Хасенова – өте еңбекқор спортшы.

– Шәкіртім қорғанысқа келгенде кейде әлсіздік танытып жатады. Қорғанып жүремін дейді де, шабуылдауға мүмкіндігі болмай қалады. Боксшы қорғана жүріп
Боксшы Саида Хасенованың бапкері Карим Махмудов. Алматы, 29 маусым 2012 жыл.
Боксшы Саида Хасенованың бапкері Карим Махмудов. Алматы, 29 маусым 2012 жыл.
шабуылдай білуі керек. Сондықтан Саиданың осы кемшілігін жою үшін біраз жұмыс жасадық, - деді бапкер.

Қазір 60 килограмм салмақта рингке шығатын Саида Хасенова 6 жыл қатарынан Қазақстан чемпионатында барлық қарсыласын жеңіп келеді.

– Қазақстанда Саиданың салмағында оған лайықты қарсылас жоқ. Бұл, әрине, боксшының дайындығына кері әсерін тигізеді. Өз салмағында бәсекелестік мықты болса, боксшы шыңдала түсер еді, - деді боксшының бапкері Карим Махмудов.

Бапкердің айтуынша, Саида Хасенова Лондон олимпиадасына 30 шілде күні аттанады. Ал жарысқа 5 тамыз күні шығады.

– Саида Лондонда бар болғаны төрт кездесу өткізеді. Сол төрт кездесуде жеңіске жетсе, чемпион болады. Бір қарағанда, төрт жекпе-жек аз сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ осы аз кездесудің артында олимпиада алтыны тұр, – деді бапкер.

Саида Хасенованың салмағында олимпиадаға қатысатын боксшылар арасында төрт дүркін әлем чемпионы Кэти Тэйлор (Ирландия), 2012 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері София Очигова (Ресей), Африка чемпионы Рим Жоуни (Тунис), Азия чемпионы Мавзуна Шориева (Тәжікстан) бар.

Боксшы Саида Хасенованың дайындығы:
Боксшы Саида Хасенованың жаттығуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:22 0:00
XS
SM
MD
LG