Accessibility links

Рыпакова Қазақстанның алтынын алтыға жеткізді


Ольга Рыпакова, олимпиада чемпионы. Лондон, 6 тамыз 2012 жыл
Ольга Рыпакова, олимпиада чемпионы. Лондон, 6 тамыз 2012 жыл
Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова үш қарғып секіру сайысында қарсыластарынан қара үзіп, Лондон олимпиадасының чемпионы атанды.

Тамыздың 5-і Лондондағы олимпиадалық стадионда өткен үш қарғып секіру жарысына қатысқан Ольга Рыпакова алтын медаль жеңіп алды.

Қазақстандық жеңіл атлет алты мәрте секіріп, екеуі саналмай қалғанымен, қалған төрт көрсеткішінің екеуі бірдей өзінен кейінгі спортшылардан асып түсті - 14.98 және 14.89 метр. Екінші орын алған колумбиялық спортшының үздік көрсеткіші 14.80, ал үшінші орындағы украиналық атлеттікі 14.79 метр болды.

Бұған дейін Ольга Рыпакова бір мәрте әлем чемпионы және әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанып үлгерген еді.

Қазақстан олимпиадалық құрамасы Рыпакованың жеңісінен кейін жалпы командалық есепте Германия мен Ресей сияқты спорт державаларын басып озып, жетінші орынға көтерілді.

Бұған дейін қазақстандық велоспортшы Александр Винокуров, ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова мен Илья Ильиндер Лондон Олимпиадасында алтын медаль иеленген еді.
XS
SM
MD
LG