АҚШ президенті Варшавадағы Красиньский алаңында мыңдаған адамның алдында сөз сөйледі. 1944 жылғы Варшава көтерілісіне қатысушыларға ескерткіш орнатылған алаңға Польша саясаткерлері, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен қарапайым қала тұрғындары жиналды.
Бұл – Трамптың президент болып сайланғаннан кейінгі Шығыс Еуропа елдеріне алғашқы сапары. Ол Польшаға Гамбургте өтетін әрі әлемнің жетекші 20 елінің басшылары жиналатын «Үлкен жиырмалық» (G20) саммиті қарсаңында барды.
«АМЕРИКА ПОЛЬШАНЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ»
Трамп сөзін «Америка Польшаны жақсы көреді» деп бастады. Ол президент Анджей Дудамен әңгімесі кезінде айтқан «кейінгі президенттік сайлауында АҚШ-та тұратын өзге көптеген диаспоралар сияқты поляк диаспорасы (ішінде қарапайым жұмысшылар мен құрылысшылар да көп) да демократтарға емес, маған дауыс берді» деген сөзін тағы айтты.
Бұдан кейін ол поляк халқының ұлы адамдарын (астроном Коперник, композитор Шопен және Рим папасы болған Екінші Иоанна Павел) атап, поляктарды «құдайдың шапағаты түскен» ұлт, сондықтан бұл жағынан олар ұстанатын құндылықтар америкалық құндылықтарға сәйкес» деді. Бұған қоса Трамп әлеуетті Польша – бүкіл Еуропаның маңдайындағы бағы, ол қазірдің өзінде әлемнің жетекші елдері қатарына кіріп келеді» («Үлкен жиырмалық» саммитіне қатыспаса да) деп мәлімдеді. Ол Польшаны «Еуропаның кіндігі» деп атады.
ПОЛЬШАНЫ БӨЛІСКЕ САЛУ
АҚШ президенті «күші басым көрші елдер Польшаға жан-жақтан талай басқыншылық жасаған, бірақ поляк халқы жеңілмей, әрдайым азаттыққа ұмтылды» деді.
Ол «СССР-дің Батысқа қарай жылжуын 1920 жылы дәл осы Польша тоқтатқанын» еске салып, поляк халқына алғыс білдірді.
Трамп Молотов-Риббентроп пактісінен кейін Польшаны бөліске салуды да еске алып, оны «екіжүзділікпен оккупациялау» деп атады. Ол 1939 жылы елдің бір бөлігін нацистік Германия, бір бөлігін коммунистік СССР басып алды, сондықтан Польшаға территориясынан айырылу тіпті ауыр тиді деп мәлімдеді.
2015 жылы Ресей президенті Владимир Путин «Молотов-Риббентроп пактісінің СССР-дің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызы болды, ал оған қол қойылғанына Польша бір жағынан өзі кінәлі» деп мәлімдеген.
Ол кезде Путин «Әлгі пакт біріншіден Совет одағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеді» деп, Ресей мәдениет министрі Мединскийдің осы мәселеге қатысты пікірін қостайтынын мәлімдеген. 2015 жылғы сәуірде Мединский «Совет Одағы мүддесі тұрғысынан алғанда, Молотов-Риббентроп пактісі – сталиндік дипломатияның орасан зор жетістігі» деп атаған.
«Мюнхен келісіміне қол қойылғаннан кейін Польшаның өзі де Чехия территориясының бір бөлігін аннексиялап алуға бағытталған әрекетке барған. Молотов-Риббентроп пактісіне қол қойылғаннан соң және Польшаны бөліске салғаннан кейін оның өзі де Еуропада жүргізуге тырысқан саясатының құрбанына айналды» деп мәлімдеген Путин ол кезде.
«ЖАҒДАЙДЫ ШАЙҚАЛТУШЫ РЕСЕЙ»
Трамп бейсенбі күні таңертең Польша президенті Анджей Дудамен бірлескен баспасөз жиынында Польша АҚШ-тың қолдауымен Ресейдің «ушықтырушы әрекеттеріне» қарсы тұра алады деп мәлімдеген.
Ол Красиньский алаңында сөйлеген сөзінде Ресейді «Донбастағы жанжалды және Сирия мен Ирандағы режимдерді қолдауды тоқтатуға» шақырды.
«Біз Ресейді Украинадағы жағдайды ушықтырып отырған әрекеттерін доғарып, Сирия мен Иран сияқты кез-келген қаскөй режимдерді қолдауды тоқтатуға шақырамыз» деді Трамп.
Бұған қоса ол Ресей билігін халықаралық терроризм сияқты «ортақ жаумен күресуге және өркениетті қорғау жолында жауапты ұлттар қоғамдастығына қосылуға» үндеді.
Дональд Трамп бұл баспасөз мәслихаты кезінде АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің қатысы туралы сауалға да жауап берген. Ол бұл оқиғаға байланысты АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обаманы айыптай сөйлеген.