Accessibility links

2014: аңдаусыз сөз, ерсі қылық пен келеңсіз әрекеттер


Франция президенті Франсуа Олланд пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Франция президенті Франсуа Олланд пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Азаттық әйгілі адамдардың биылғы оғаш қылықтары, ерсі сөздері, ел алдындағы келеңсіз әрекеттері, халықтың әжуасына ұшырауы сияқты жайттарды шолып шықты.

«Гей жоқ қаланың» мэрі Пахомов

Қысқы олимпиада ойындарының қарсаңында ВВС телеарнасына сұхбат берген Сочи қаласының мэрі Анатолий Пахомов бұл қалада бірде-бір гомосексуалист жоқ екенін айтты. «Қысқы ойындарға гейлер келсе келе берсін, бірақ біздің қалада ондайлар мүлде жоқ» деді ол.

Ким Чен Ынға қонаққа барғыш Родман

Америкалық белгілі баскетболшы Деннис Родман Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның шақыруымен Пхеньянға жиі барып тұрады. Сондай бір сапарынан соң ол CNN телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында журналист «Солтүстік Кореяда ұзақ жылға түрмеге жабылған америкалық миссионер Кеннет Бэйдің тағдырына араша түспедіңіз бе?» деп сұрақ қойды. Сонда аты аңызға айналған баскетболшы: «Ол бір қателік жасады, бұған өзі кінәлі» деген сыңайда жауап берді. Бэйдің қандай қателік жібергенін айтпаған Родман кейін «сол кезде мас болған едім, байқамай айтыппын» деп, бұл сөзі үшін кешірім сұрады.

Пхеньян Бэйді 8 қарашада босатты.

«Байқамай сөйлейтін» Байден

АҚШ-тың вице-президенті Джо Байден қыркүйекте сөйлеген бір сөзінде «оңбаған банктер шетелде әскерде жүрген америкалықтарды «Шайлок» құсап тонап жатыр» деген оқыс пікір айтып қалды (Шайлок – Шекспирдің пьесасындағы еврей кейіпкер – ред.). Бұл еврей қауымдастығының ашуын туғызды. Кейін «сөзді орынды қолданбаппын» деп ақталған Байден халықтан кешірім сұрады.

Ол бір сөзінде «БАӘ мен Сауд Арабиясы «әл-Қайда» мен «әл-Нусраны» қолдап, ал Түркия шетелдік содырлардың Сирия аумағына өтуіне жол беріп отыр» деді. Кейін ол БАӘ ханзадасынан, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрінен және Түркияның президентінен кешірім сұрап, пікірін «нақтылай түсті».

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест вице-президенттің аңдамай қателік жібергенін айтады.

«Стратегиясы жоғын» айтқан Обама

АҚШ президенті Барак Обама да мұндай келеңсіз оқиғадан кенде қалған жоқ. Бір сөзінде ол «Сириядағы «Ислам мемлекеті» ұйымымен күресте ешқандай стратегиямыз жоқ» деп жұртты ашуландырса, енді бірде әйгілі әнші Арета Франклин туралы сөйлеп тұрып, суфлердан ағылшынша «respect» («құрмет») деген сөзді ежіктеп оқып күлкіге қалды.

Instagram әлеуметтік желісінде Обаманың АҚШ әскерлерімен кофе құйған стакан ұстап тұрған қолын бұлғап амандасқанын бейнелейтін видео тарап кетті. Республикалық партия өкілдері осы үшін президентті «өз елінің солдаттарын сыйламады» деп айыптады. Ашулы адамдардың пікірлері #LatteSalute хэштегімен интернетте тарап кетті.

«Ыңғайсыз күйде қалған» Кэмерон

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Майкл Блумбергпен оңашада сөйлесіп отырып: «Шотландияда өткен референдумда халық тәуелсіздікті жақтамады» деген ақпаратты Екінші Елизавета патшайымға телефон арқылы айтқанымда ол ыңылдай берді» деп қалды. Премьердің бұл сөзі жұртқа тарап кетіп, Кэмерон «қатты ыңғайсызданып тұрмын, мұндай әңгіме айтылмауы керек еді, ғафу өтінемін» деп кешірім сұрады.

«Еуропа Одағына» өкпелі Нуланд

АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Виктория Нуланд пен АҚШ-тың Украинадағы елшісі Джефри Пиаттың арасында болды делінген тағы бір оңаша әңгіме елге жайылып кетті. Украинадағы дағдарыс өршіп тұрған ақпан айында Нуланд АҚШ-тың атынан осы шиеленісті шешуге қатысып жатқан. Телефонмен әңгіме барысында Нуландтікіне ұқсайтын бір дауыс «Еуропа Одағын ...» дейді. Дәл сол сәтте Еуропа Одағының Украина дағдарысындағы сылбыр қимылы көп сөз болып жатқан еді. АҚШ мемлекеттік департаменті бұл сөзді айтқан Нуланд екенін мойындамағанымен, оның «Еуропа Одағындағы әріптестерімен хабарласып, жарияланып жатқан комментарийлер үшін кешірім сұрағанын» хабарлады.

Януковичпен қол алысқан Кличко

Украиналық белгілі спортшы әрі саясаткер Виталий Кличко елде саяси дағдарыс өршіп тұрған 21 ақпанда басқа оппозиция жетекшілерімен бірге сол кездегі президент Виктор Януковичпен кездесіп, тығырықтан алып шығар келісімге қол қойып, онымен қол алысқан. Сол келісім бойынша тараптар халықты үйіне таратып, Янукович жыл соңына дейін президент болып қала беретін болып келіскен. Майданда тұрған халық бұған қатты ашуланды, 26 жастағы демонстрант Владимир Парасюк «қанішермен қол алысты» деп Кличконы айыптады. Ашулы халықтың қаһарынан қорыққан Янукович сол түні-ақ Киевтен қашып кетті. Ал Кличко Майданға оралып, Януковичтің қолын алғаны үшін халықтан кешірім сұрады.

«Түксиген» Блэр

Ұлыбританияның бұрынғы премьері Тони Блэр де сыннан құр қалған жоқ. Былтырғы рождествоға орай жасалған құттықтау хатта Блэр мен оның зайыбының отбасылық фотосы басылған. Зайыбы мерекеге сай әдемі көйлек киіп күлімсіреп тұр, ал ері тістеніп тұр. Әлеуметтік желілердегі халық оның бұл бейнесін сан-саққа жүгіртіп, «қорқынышты», «құбыжық», «мүлде қисынсыз» деп сынап жатты.

«Жігіт» Путин

Қараша айында Пекинде өткен Азия-Тынық мұхит елдері басшыларының саммиті кезінде Ресей президенті Владимир Путин қасында отырған Қытайдың бірінші ханымы Пэн Лиюанның иығына көрпеше жауып берді. Лиюань оның бұл ілтипатын қабыл алғансып ризашылықпен жымиды да, көрпешені бірден шешіп, арт жағында тұрған көмекшісіне ұстата қойды. Бұл ыңғайсыз жағдай Қытайдың мемлекеттік телеарнасынан тікелей эфирден көрсетілген, кейін Пекин оны көрсетуге тыйым салғанға ұқсайды.

Гитлерді еске салған Путин

Ресей президенті Владимир Путинді Қырымға әскер жіберіп, кейін түбекті аннексиялап алды деп сынаған екі бірдей саясаткер оны Гитлерге теңеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жапа шеккен еврей ақсақалмен жеке кездесу кезінде Ұлыбритания ханзадасы Чарльз «Путин дәл Гитлердің тірлігін жасап жатыр» деген пікір айтты. Лондондағы Ресей елшілігі мұны «сорақы мәлімдеме» деп реніш білдірді.

АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы, 2016 жылғы президент сайлауына қатысудан үміткер Хилари Клинтон бір қайырымдылық шарасында: «Путиннің «Қырымдағы орыстардың құқықтарын қорғау үшін түбекті аннесияладық» дегені «30-жылдары Гитлер айтқан сылтаумен үндес» деді. «Әрине, оларды салыстырып отырған жоқпын, бірақ біз бұрын да қолданылған мұндай тактиканы байқай алуымыз керек деген кеңес беремін» деді Хиллари Клинтон. Путиннің бұған қатысты пікірін сұрағанда ол: «Әйел адаммен дауласпаған дұрыс» деп жауап берді.

Суреті келемежге ұрындырған Олланд

Қаңтар айында Closer журналы Франция президенті Франсуа Олландтың мотороллерге мініп, актриса Джули Гайемен кездесуге келген суретін жариялады. Франция президенті сол үшін бұл журналды сотқа беремін деп ашуланды. Жалғызбасты Олланд ол кезде журналист Валери Трервейлермен бірге тұрып жатыр делінетін. Осы дау-дамай басталған соң көп уақыт өтпей жатып Трервейлер мен Олланд екеуі «ажырасып» кетті.

Closer журналының мұқабасындағы Олланд. 10 қаңтар 2014 жыл.
Closer журналының мұқабасындағы Олланд. 10 қаңтар 2014 жыл.

Француз басшысын ыңғайсыз жағдайға қалдырған тағы бір сурет биыл желтоқсанда Астанада түсірілген. Қазақы шапан мен бөрік киіп тұрған Олландты интернеттегі жұртшылық келемеж қыла бастады. Елисей сарайы бұл суретті таратпау туралы өтініш айтумен шектелді.

Ашылмаған сақина

2014 жылдың ең ірі спорттық шаралары – Қысқы олимпиада ойындары мен футболдан әлем чемпионатының да өз қызықтары болды.

Сочидегі Қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты кезінде олимпиада сақиналарының бірі дер кезінде ашылмай қалды. Мемлекеттік телеарналар қайталаулар кезінде сақиналардың барлығы ашылған дайындық кезіндегі видеоны қойып, кемшілікті білдірмеуге тырысты. Ең сорақысы, "бесінші сақинаның ашылуына жауапты қызметкердің қонақүйдегі бөлмесінде өлтірілгені" туралы әңгіме тарады. Бірақ бұл оқиға шындыққа жанаспайтын еді. Ойынды ұйымдастырушылар Олимпиаданың жабылу салтанаты кезінде бұл оқиғаны ұтымды пайдалана білді.

«Тістеуік» Суарес

Футболдан өткен әлем чемпионаты кезінде Уругвай шабуылшысы Луис Суарес Италия құрамасының қорғаушысы Джорджо Кьеллинидің иығынан тістегені үшін төрт айға футбол ойнау құқығынан айырылды. Суарестің қарсыласын күрек тісімен қырши тістеп жатқан сәті бейнеленген фото биылғы чемпионаттың ең әйгілі суретіне айналды. Уругвай футболшысы ешкімді тістемегенін, Кьеллинидің иығы аузына оқыста тиіп кеткенін айтып ақталды. Суарес осымен үшінші мәрте қарсыласын тістегені үшін айыпты деп танылды.

«Аудармашы» Земан

Чехия президенті Милош Земан – қолапайсыз іс-әрекеттерімен, аңдамай сөйлейтінімен де белгілі адам. Қарашада чех радиосына берген сұхбатында ол Ресейдің Pussy Riot панк-тобы туралы бейәдеп сөз айтты. Земан топтың атын чех тіліне аударғанда да бейпіл сөзді қолданды. Ол: «Топтың атындағы бірінші сөздің ағылшынша не мағына беріп тұрғанын білесіз бе?» деп журналистің өзінен де сұрады. Земанның бұл сөзіне ашуланған Чехия премьер-министрі Богуслав Соботка «ол президенттіктің абырой-беделіне нұқсан келтірді» деп мәлімдеді.

Тағы бір сөзінде Чехия президенті 1989 жылғы көтерілісте «қантөгіс болған жоқ» деп талай жұртты ренжітіп алды. Ақпан айында Страсбургтегі Еуропарламент ғимаратында ағылшын тілінде сөйлеген Земан «Еуропадағы арманы» жайлы оғаш сөз айтып, депутаттарды таңырқатты. Земан «аудармаға көп шығынданбас үшін ағылшын тілінде сөйлеген» екен.

«Сабырлы» Янукович

Ақпан айының соңында Украинадан қашып кетіп, Ресейдің Дондағы Ростов қаласын паналаған экс-президент Виктор Янукович баспасөз мәслихатын өткізді. Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынас туралы сұраққа жауап берген Янукович: «Украина біздің стратегиялық әріптесіміз болған, солай болып қала береді» деді. Украина халқынан кешірім сұрауға оқталған ол кенет көзін жұмып, басын төмен салып, эмоциясын тежегендей кейіп танытып, тісін қышырлатып, қолындағы қаламын сындырып тастады.

Грант Поделконың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG