Accessibility links

АҚШ-та Гүлнара Каримованың есепшоты күдікке ілінді


Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова.
Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова.

АҚШ юстиция министрлігі Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың отбасына тиесілі компанияның есепшотындағы 300 миллион долларды бұғаттауға сотқа арыз берді деп хабарлайды "Интерфакс" агенттігі.

Елдің телекоммуникация нарығындағы келісімдерді тексерген тергеушілер ресейлік МТС және "Вымпелком" байланыс опараторлары нарыққа ену үшін Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримоваға пара берді деп күдіктенеді.

АҚШ юстиция министрлігі ресейлік компанияларды АҚШ биржаларындағы саудасына (МТС - NYSE, "Вымпелком" - NASDAQ қор биржасында) байланысты тексерген. МТС пен "Вымпелком" Өзбекстан президентінің отбасы мүшелеріне қатысы бар компанияларға пара беру үшін жалған кеңес беру пен өтірік компанияларды пайдаланған дейді тергеушілер. Ол компаниялардың күмән тудырған қаржылары Bank of New York Mellon банкінің және Ирландия, Люксембург пен Бельгиядағы банктердің есепшоттарында жатыр.

"Өзбек ісімен" Нидерланд ("Вымпелком" компаниясының штаб-пәтері Амстердамда орналасқан), Швеция мен Швейцарияның тергеушілері, АҚШ-тың құнды қағаздар мен биржа комиссиясы да айналысып жатыр. Швед билігі тексеруінен соң скандинавиялық TeliaSonera компаниясының бас директоры Ларс Нюберг пен бірнеше топ-менеджері жұмыстан кеткен.

Бұған дейін Гүлнара Каримованың Өзбекстан нарығына еніп, қолдауға ие болғысы келген бірнеше компаниядан кемінде 1 миллиард доллар көлемінде пара алғаны айтылған еді. Ұйымдасқан қылмысты тексеру орталығының дерегінше,"Вымпелком", Alfa Telecom, МТС және тағы бірнеше компания Каримованың есепшотына кемінде 980 миллион доллар аударған.

Баяндама авторларының есебінше, Гүлнара Каримоваға TeliaSonera - 381 миллион доллар, "Вымпелком" мен оған қарасты "Альфа-Телеком" - 176 миллион доллар, МТС 350 миллиондай доллар төлеген. Каримова тағы 90 миллиондай долларды Өзбекстанда оптикалық талшық сымдарын тартумен айналысатын екі компаниядан алған.

"АҚШ үкіметінің ішінара байланысы бар қаржыларға қатысты әрекетінен хабардармыз. Тексеру жөнінде билік орындарымен толық әріптес боламыз. Оның барысын айта алмаймыз" деді "Вымпелком" өкілі Артем Минаев "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында.

Өзбекстандағы әрекетін бір жылдан бері АҚШ юстиция министрлігі тексеріп жатқан МТС компаниясы есепшотты бұғаттау жайлы дерекке түсіндірме бермеді.

Өзбекстан прокуратурасы да Гүлнара Каримоваға 53 миллион долларды заңсыз иемденді деген айып таққан. Ал Каримова қазір өзінің үйқамақта отырғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG