Олимпиада ойындары мен қажылықтан бастап, футбол чемпионаты мен әскери шерулерге дейін әлемдегі маңызды шаралардың көбі коронавирус кесірінен кейінге қалды немесе мүлде өтпейтін болды. Азаттық 2020 жылы өтпей қалған шараларды шолып шықты.
2020 жылдың басында Ресей құрамасы допинг дауына байланысты Олимпиада ойындарынан шеттетілді. Осыдан кейін Ресейге футболдан Еуропа чемпионаты ойындарын өткізуге рұқсат берілуі тиіс жоқ па деген сұрақтар пайда болды.
Бірақ жазғы Олимпиада ойындары мен Еуропа чемпионатына дейін коронавирус пандемиясы басталып, Ресей айналасындағы бұл спорт дауының екпіні басылғандай болды. Пандемия аталған екі жарыста бақ сынайтын спортшыларды ғана емес, бүкіл әлем азаматтарын халық көп жиналатын шараларға қатысу мүмкіндігінен айырып, үйде отыруға мәжбүрледі.
Әлем елдері вирустың таралуын тоқтату мақсатында адамдар арасында әлеуметтік қашықтық сақтау ережесін енгізіп, әдетке айналған күнделік шаралардың өзіне үлкен өзгерістер енді.
Жұмыста, мінберде, жағажайда, мектепте немесе құлшылық үйлерінде болсын, көп адамға Қытайдың жаңа жыл қарсаңындағы коронавирустың өршуі туралы мәлімдемесі берекесі кеткен жылдың хабаршысындай болды.
ҰЖЫМДЫҚ ИНФЕКЦИЯ
Адамзат пайда болғалы, адамдар топқа бірігу арқылы ортақ мақсат тапқандай сезімде болады. Әлеуметтанушы Эмиль Дюркгейм бір ғасыр бұрын бұл құбылысқа "топтасып жиналу адамдарға бір ортаға тиесілі екенін сезінуге мүмкіндік беретін қасиетті рәсім сияқты көрінуі мүмкін" деп баға берген.
Өкінішке қарай, басқа адамдарға жақындау вирустың жиналған топ арасында ғана емес, оның сыртындағы басқа азаматтарға да тарауына жол береді.
2016 жылы Шотландиядағы Данди университетінің психологы Ник Хопкинс пен Сент-Эндрюс университетінің маманы Стивен Райхер халық жаппай қатысатын жиындар медицинасы сияқты жаңа ғылымды талқылау кезінде "Адамдар әртүрлі мемлекеттен келіп, топқа араласып, инфекция таратып, өзіне жұққан вирусты үйіне алып кетуі мүмкін" деген.
Ауа арқылы тарайтын коронавирус ауруы өршіген тұста ел үкіметтері, денсаулық сақтау саласының шенеуніктері және ұйымдастырушылар маңызына қарамастан көп адам жиналатын шараларды кейінге қалдырды.
ПАНДЕМИЯ САЛДАРЫ
11 наурызда бүкіл әлемде коронавирус ауруы диагнозы қойылған адамдар саны 115 мыңнан асқан кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың тарау деңгейі мен оған қарсы әрекетсіздікке қатысты алаңдаушылық білдіріп, пандемия басталғанын хабарлады.
Дәл сол күні АҚШ-тың ұлттық баскетбол қауымдастығы (әртүрлі мемлекеттерден ойыншылар алатын әлемдегі ең үздік кәсіби баскетбол құрамасы) бір ойыншыдан коронавирус табылуына байланысты барлық ойынды тоқтататынын мәлімдеді. Ертеңіне халықаралық таланттардың басын қосқан АҚШ-тың ұлттық хоккей лигасы да ойындарды тоқтату туралы шешімге келді.
14 наурызда әлемдегі үздік футбол лигаларының бірі ағылшын премьер-лигасының жұмысы уақытша тоқтады. 17 наурызда Ресей футбол одағы елдегі барлық жарыстарға тыйым салды.
Осыдан кейін олимпиада алауы эстафетасы өткеніне қарамастан, әлемдегі ең үлкен жарыстың да жоспары бұзылды. Наурыздың соңында Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындары спортшылардың, қатысушылар мен халықаралық қауымдастық өкілдерінің денсаулығына қатер төндірмес үшін 12 айға кейінге шегерілді.
1 сәуірге қарай коронавирус алты құрлық пен 171 мемлекетке тарап, инфекция жұққан адам саны миллионнан асты. Коронавирустан 50 мың адам көз жұмып, АҚШ вирус жұққандар саны жөнінен Қытайдан озып кетті.
Пандемия исламның бес шартының бірін орындауға да әсер етіп, дәл осы айда Сауд Арабиясы мұсылмандарды қажылыққа бару жоспарынан уақытша бас тартуға шақырды.
Маусымға қарай вирустың Таяу Шығыстағы ең ірі ошағына айналған ел Мекке мен Медине қаласына жасалатын жыл сайынғы қажылық сапарына халықаралық туристерді қабылдамайтынын мәлімдеді. Осыдан шілде айындағы қажылыққа әдеттегідей 2 миллион адам емес, мыңға тарта мұсылман ғана қатысты.
ҮЙДЕН АРТЫҚ ЖЕР ЖОҚ
2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты қоғамның әртүрлі саласындағы қаншама шара кейінге қалды.
Испанияның солтүстігіндегі Сан-Фермин фестиваліндегі бұқалардан қашу дәстүрі мен Германиядағы Octoberfest фестивалі жылдағы әдетінен жаңылып, өтпей қалды.
Австралияда өтуі тиіс болған 2020 жылғы крикеттен әлем чемпионаты келесі жылдың күзінде Үндістанда өтетін болды.
Иран мен Орталық Азия елдерінде тойланатын наурыз мерекесі де карантинге байланысты шектеулерге тап болды.
Қазақстан Әйелдердің халықаралық күні мерекесін атап өту шараларын тоқтатып қойды.
Rolling Stones, Элтон Джон және Джастин Бибердің халықаралық турнелерімен қатар Евровидение жарысы да өтпей қалды. Халықаралық саяхаттар қанша рет кейінге қалған рейстер, қаңырап бос қалған жағажайлар және өлі тыныштық орнаған қала орталықтарымен есте қалды.
Халық көп қатысатын марафондар да ұйымдастырылған жоқ.
Гей-парадтар да басқа күнге немесе басқа жылға қалды. Әскери шерулер де жаңа тәртіпке бағынды. Қазақстан жеңіс күні тойлаудан бас тартты, Ресей кейінге қалдырып, шілде айында бір-ақ өткізді. Болгарияның қарулы күштерінің күні де пандемияның құрбанына айналды…
ЖҮЗЕГЕ АСПАЙ ҚАЛҒАН ЖОСПАРЛАР
Екінші дүниежүзілік соғыстан бері бірінші рет бірқатар маңызды әлемдік шаралар өтпей қалды. Олардың қатарында British Open гольф чемпионаты, Уимблдон теннис турнирі, Париж авиашоуы (бұл шара 2021 жылдың басында да өтпейтін болды) бар.
Биыл дипломатияға мүмкіндік аз болды. Пандемия Ауғанстан бойынша бейбіт келіссөздерге кедергі келтірді. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Балқан елдеріне сапарынан бас тартып , Болгарияның президенті Румен Радев Эстониядағы инвестициялық форумға бармай қалды.
Ресейде экономика саласындағы ең ірі шара – Санкт-Петербургтегі халықаралық экономикалық форум ресейліктер мен шетел азаматтарының денсаулығын қауіп төндірмес үшін өтпейтін болды.
ӘЛЕУМЕТТІК БАЙЛАНЫС
Пандемияның адам психикасына ұзақмерзімді әсері туралы өте көп болжам айтылып, бұл деректер коронавирус жұққан науқастар саны артқан сайын өзгеріп отырды. Бірақ адам өмірі мен тәжірибесіне байланысты шығындар қазірдің өзінде айқын сезілетін дәрежеге жетті.
Бүкіләлемдік инфекция 81,5 миллион адамға жұғып, 1,8 миллион азамат вирустан көз жұмды. Қоғам топтасып тойлау мүмкіндігінен айырылып, ортақ мақсатын жоғалтқандай күй кешті.
"Бұл шаралар құндылығы, мүддесі мен мақсаты ортақ адамдарға әлеуметтік байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл шаралардың бір бөлігін онлайн форматта өткізуге болады деп ойлаймын. Бірақ адамдардың топтасып жиналу қажеттілігінің орнын толтыру қиын болады" дейді Нью-Йорк университетінің психология және нейроғылым доценті Джей Ван Бавел.
Коронавирус әлем сахнасына жаңа шыққан сәуір айында Ван Бавел қоғамдық денсаулық сақтау саласының сарапшылары мен эпидемиологтардың кеңесі негізінде адамның мінез-құлқын жаңа жағдайға бейімдеу мақсатында 35 адамның қатысуымен көлемді зерттеу дайындаған.
30 сәуірде nature.com сайтында жарияланған зерттеу нәтижесінде қорқыныш, қиындықты еңсеру, әлеуметтік және мәдени факторлардың мінез-құлыққа әсері, саяси поляризация сияқты бірлескен іс-қимыл жолындағы кедергілер және пандемияға қатысты басқа да тақырыптар қамтылған.
ҚЫСҚЫ МЕРЕКЕЛЕР
Жыл соңында бірнеше мемлекетте коронавирусқа қарсы екпе дайындалып жатқаны туралы хабар көптің көңіліне үміт ұялатты. Бірақ әлем қараңғылық пен оқшаулау жылын артқа қалдыруға асығып отырғанда, дамушы елдер екпеге қол жеткізу үшін кезекке тұруы мүмкін деген алаңдаушылық күшейді.
Бірқатар шаралар әлеуметтік қашықтық сақтау үшін шағын топтарда өтіп жатқанымен, әлі де көңіл көтеретін уақыт келген жоқ.
Ұзаққа созылған карантин жылының аяғына қарай әлемнің көп қаласында Рождество мен Жаңа жылды тойлауға қатысты шектеулер енгізіліп, Мәскеу мен Будапешт сияқты қалалар бұл мерекелерден мүлде бас тартып отыр.
ПІКІРЛЕР