Accessibility links

"Мексика кері қайтарса да, Колумбия арқылы қайта бардым". Мобилизациядан қашқан Ресей қазағының АҚШ-қа сапары


Ресейдегі мобилизациядан қашып АҚШ-қа жеткен Саратов қазағы Елдар Әліпқалиев Нью-Йорк қаласында тұр.
Ресейдегі мобилизациядан қашып АҚШ-қа жеткен Саратов қазағы Елдар Әліпқалиев Нью-Йорк қаласында тұр.

Былтыр қыркүйекте Ресейде мобилизация жарияланғанда Саратов облысының қазағы Елдар Әліпқалиев алдымен Қазақстанға қашып, кейін АҚШ–қа баратын жол іздеген. Ол АҚШ–қа қиындықпен жеткен. Басында Мексика шекара қызметі оны елге кіргізбей, Канкун қаласынан бірден қайтарып жібереді. Бірақ Елдар кейін Колумбия арқылы Мексикаға тағы ұшып, АҚШ–қа мигранттардың арнайы кезегі арқылы өткен. Ол бұл сапарға 10 мың доллар жұмсағанын айтады. Украинаға соғысқа бармаймын деп Ресейден кетіп, АҚШ–қа жеткен Елдар Азаттыққа шытырманға толы сапары жайлы баяндап берді.

"ҚАЗАҚТАРДЫ СОҒЫСҚА КӨП ӘКЕТІП ЖАТҚАНЫ АЛАҢДАТТЫ"

– Украинадағы соғыс басталған соң ара–тұра қарсылық шараларына шыға бастадым. Оған дейін оппозиционер [Алексей] Навальныйдың штабында болдым. Сондықтан мен оппозиционерді қолдайтын адам ретінде қара тізімде болғандықтан маған қысым да басталды. Ал 2022 жылы қыркүйекте мобилизация басталғанда Ресейден кетем деп ұйғардым. Соғысқа барып біреуді өлтіргім келмеді, өзім де соғыс үшін өлгім жоқ. Волгоград облысымен шекарада екі күн кезекте тұрып, Қазақстанның Орал қаласына бардым. Негізі Орал қаласында туғанмын, бірақ Ресейде өсіп, сол елде тұрақтап қалғанбыз, – деп бастады Елдар әңгімесін.

Саратов облысы Александров Гай ауылында тұрған қазақ жігіт Қазақстан азаматтығын алуды жоспарлағанымен, "бюрократияның көптігінен" бұл жоспары орындалмағанын айтады. Қарашаға дейін Орал қаласынан жұмыс таппай, қайтадан Ресейдегі жұмысына оралған.

– Мобилизация бәсеңдеді деп естіген едім, Ресейге қайта барғанда мобилизация әлі жүріп жатқанын көрдім. Өзім тұрған Александров Гай ауылы Қазақстанмен шекарада орналасқан, халықтың жартысы – қазақтар. Мені ауылдан соғысқа қазақтарды көп әкетіп жатқаны алаңдатты. Нақтырақ айтсам, мобилизация кезінде 20 қазақты әскерге әкетсе, орыстардан екі не үшеуін [әскерге алатын]. Мұны бәрі білді және мен де мұның аз ұлттарды кемсіту екенін түсіндім. Түбі мені де соғысқа әкететінін біліп, Қазақстанға қайта оралдым. Бірақ Қазақстан мені кез келген уақытта Ресейдің сұрауымен экстрадициялап жіберуі мүмкін екенін түсіндім де, басқа жаққа кетуді ойладым. Басында БАӘ мен Түркияға кетсем ойладым. Түркияда қазір девалвация әрі жұмыссыздық қой, сондықтан үшінші мүмкіндікті АҚШ деп қарастырдым, – дейді Елдар.

АҚШ-ҚА ӨТУГЕ БІРІНШІ ТАЛПЫНЫС: "КЕЛГЕН ҰШАҒЫМА ҚАЙТА САЛЫП ЖІБЕРДІ"

Ресей қазағы АҚШ-қа Мексика арқылы жету жағын ойластырып, осы жолды зерттей бастайды. Ол Мексикаға кіріп, ары қарай АҚШ-пен шекарадағы Тихуан қаласына жетіп, одан соң сол жерден Америкаға өтуді көздейді. Кейін, желтоқсанның ортасында Қазақстаннан Стамбулға, одан әрі Мексиканың Канкун қаласына ұшып шығады. Бірақ оның бұл талпынысы сәтсіздікке ұшырайды.

Елдар Әліпқалиев Стамбул қаласында.
Елдар Әліпқалиев Стамбул қаласында.

– Канкунда таныстарым күтіп алу керек еді, бірақ әуежайда 25 адамды іріктеп алып, бір бөлмеге кіргізді. Мексикаға не үшін келгенімізді, қанша ақша барын тексеретін анкета толтырдық. Менде қайтар билет, отель броны, туржоспарларым бәрі болған еді, менен күдіктенбес деп сенімді болдым. Бірақ офицер де, мен де ағылшынша дұрыс сөйлей алмай, түсінісе алмадық. Кейін ол алды да мені тағы да әуежайдың жертөлесіндегі камераға жіберді. 25 адамбыз, көбі – ТМД елдерінен барған украиналықтар, беларустар, әзербайжан, молдован және орыстар болды. Осы кезде мені Мексикаға кіргізбейтінін түсіндім. Камерада бір күн жаттық, қабырғаға "бұл жерден кері қайтарады, консулға хабарласудан пайда жоқ" деп жаздым да, инстаграмымды қалдырдым. Камераға түскендер кейін осы жерден шығып, маған жазар деп ойладым. Ертеңіне мені Стамбулдан келген ұшағыма қайта салып жіберді. АҚШ-қа өтіп қалып қалам дегендер шекарада көрсету үшін қайтар билетті де алады. Бірақ оны қолданбайды. Бізге сол қайтар билетімізді депортацияға қолданамыз деп қол қойдырып алды. Паспортыма "депорт" мөрін басқан жоқ. Кері қайтып бара жатсам да, алған бетімнен қайтпаймын, берілмеймін деп ойладым, – дейді ол.

ЕКІНШІ ТАЛПЫНЫС: КОЛУМБИЯДАН МЕКСИКАҒА

Елдар Стамбулға келген соң АҚШ–қа Колумбия, Панама арқылы өту жоспарын құра бастағанын айтады. Сөзінше, Түркияда жүріп, Стамбул–Барселона–Богота бағытына ұшақ билетін сатып алып, қайта сапарға шығады. Колумбия астанасы Боготада бірнеше күн аялдап, Мексика астанасы Мехикоға баратын ұшаққа отырады. Мехико әуежайындағы офицер Елдарды "еш сұрақ қоймай" елге кіргізеді. Ол Мексикада жүріп, АҚШ–қа өткіземіз деген компаниялардың қызметін пайдаланбақ болады, бірақ одан түк шықпайды. Кейін АҚШ–тың Кеден және шекара қорғау (US Customs and Border Protection) мекемесінің CBP One ұялы қосымшасына тіркеліп, АҚШ шекарасынан мигрант ретінде заңды жолмен өтуді ойластырады.

Елдар Әліпқалиев Мексикада.
Елдар Әліпқалиев Мексикада.

– Қонақ үйде таңғы 4–те тұрамыз. [CBP One мобильді қосымшасына] тіркелеміз. Мехико уақытымен таңғы 7–де [алдағы] күндерге кезек орындары ашылады. Күн сайын біз [орын алуға] қайта–қайта тырысатынбыз. Ақырындап, жанымдағылар бәріміз [орын] ұта бастадық. Мен бесінші күн дегенде 6 ақпанға орын ұттым, – дейді Елдар.

CBP One қосымшасынан шекарадан өтуге рұқсат алған соң ол АҚШ–Мексика шекарасындағы Тихуан қаласына ұшып барған. Сөзінше, Мехикодан Тихуанға аттанған ұшақтағылардың 40 пайызы ТМД елдерінен болған. Оларды ұшақ трапынан мексикалық офицерлер күтіп алған.

– Офицерлер адамдарды траптан ұстап, бірден түрмеге я депортацияға жіберіп жатты. Негізінен офицерлер пара алып, ақша бергендерді босатып жібереді. "Маған бәрібір, көрмегенді көрдім, тағы ұстап, түрмеге апарып, депортация жасап жіберсе шыдамаймын" деп ойладым да, "капюшонымды" киіп, жүгіре жөнелдім. Офицерлер айғайлап артта қалды. Тихуанда бес күн жүрдім, бұл мен көрген ең қауіпті қала шығар. Бір күні түскі сағат 2–3 кезінде таксиде келе жатқанымда арнайы жасақ тоқтатып, таксистің қолын бұрап, террорист ұстағандай ұстады да, мені бір сағаттай тергеді, паспортты, телефонымды қопарды. Кейін CBP One қосымшасындағы құжатты көрсеткен соң ғана босатты, – дейді Ресей қазағы.

"ҚОЛЫМЫЗДА 40 ДОЛЛАР ҒАНА БОЛДЫ"

Биыл 6 ақпанда Елдар Тихуандағы АҚШ – Мексика шекарасына жетіп, кезекпен АҚШ жаққа өтеді. Америкалық офицерлер оның Қазақстанда туып, Ресей азаматы екеніне қатысты біраз сұрақ қойып, кейін АҚШ-қа өткізген.

Елдар Әліпқалиев АҚШ–қа өткен сәт.
Елдар Әліпқалиев АҚШ–қа өткен сәт.

– АҚШ–қа өткенде бәріміздің бақыттан басымыз айналды. Менімен өткен шешен жігіт екеуміздің қолымызда бар болғаны 40 доллар болды, – дейді ол АҚШ–қа өткен сәтін еске алып.

Елдар АҚШ–қа өткен соң Сан–Диего қаласында мигранттарға көмектесетін еврей орталығына барын естіп, әупірімдеп жүріп соған жетеді. Сөзінше, орталықтағылар шешен жігіт екеуіне бір күн аялдауға мұрсат беріп, кейін Нью–Йорк қаласына баруды сұрайды.

– Бізге жауапты адам Нью–Йоркте еді, АҚШ берген миграциялық құжатты көрді де, еврей орталығындағылар "бізде қонатын орын аз, таңертең Нью–Йоркке барыңдар" деді. Басында билетті өздерің алыңдар деген еді. Бізде бар–жоғы 40 доллар барын түсінген соң, 40 долларды алды да, Нью–Йоркке билетті өздері алып берді. Билет беріп жатып, орталықтағылар "қаражаттарың болғанда бізге қайырымдылық ретінде ақша аударарсыңдар" деді. Ақшам болғанда міндетті түрде бұл орталыққа ақша аударамын, себебі біз сияқты адамдарға көп көмектесіп жатыр, – дейді ол.

Ресей қазағы Нью–Йоркке жеткен соң таныстарынан ақша алып, үш күнге 200 долларға хостел тауып, сонда тұрған.

– Нью–Йоркке жеткен соң сары такси жалдадық. Бізді орталыққа әкелгені үшін 150 доллар алды. Кейін таксиде сөмкемді тастап кетіппін, ішінде паспортымыз, құжаттарымыз, миграциялық формамыз болған еді, жоғалттық деп ойлаған едім, кейін таксист сөмкемді әкеп берді. Таксист мұсылман жігіт, Малайзиядан келген сияқты, құжатты әкеліп бергенде "сендер жаңадан келген сияқтысыңдар, қазір қиналып тұрғандарыңды білемін, басында 150 долларды тым көп алып қойдым, тамақ алыңдар" деп 50 долларды қайтарып берді, – дейді Елдар.

Әліпқалиев Нью–Йоркте бір айдай жүріп, бұл қала тым қымбат болған соң Чикагоға қарай кетеді. Қазір ол Чикагода түрлі жұмыстар істеп ақша тауып жүр. Ол АҚШ–қа өту сапарына 10 мың доллар шығын кеткенін айтады.

– CBP құжаты бір жылға беріледі, бір жыл ішінде АҚШ–та жүрген статусымды ауыстыруға тиіспін. Ол үшін босқын мәртебесін сұрауым қажет немесе осында үйленуім керек. Бір жыл ішінде статусымды өзгертпесем АҚШ-тан кетіуім керек. Қазір статусымды өзгертуді ойлап жүрмін, – дейді Ресей қазағы

"ДЖУНГЛИДЕ АДАМДАР ЖОҒАЛЫП КЕТІП ЖАТАДЫ"

Ал Елдар жұрттың көбі АҚШ–қа пайда табуы үшін, жақсы өмір үшін келетінін айтады.

Елдар Нью–Йоркте Украинаны қолдау акциясында тұр.
Елдар Нью–Йоркте Украинаны қолдау акциясында тұр.

– АҚШ–тағы өмір сапасының жақсы екенін көрдім, бостандықты көрдім. Ресейге тек соғыс аяқталса, қазіргі билік ауысса оралуым мүмкін. Тіпті АҚШ–тан кері қайтып жатсам, Ресейге емес Қазақстанға, туған жеріме оралармын, – деді ол.

Швейцариялық Global Initiative ұйымы Украинадағы соғыс басталғалы Мексика арқылы АҚШ–қа өтем деген ресейліктер саны күрт артқанын жазады. Бұл ұйымның дерегінше, Орталық Азиядан, соның ішінде Өзбекстаннан АҚШ–қа Мексика арқылы өтушілер көбейген.

Сарапшылар Орталық Азия мен ТМД–ның басқа елдерінің азаматтарына АҚШ визасын алу қиындаған соң адамдар Мексика арқылы қауіпті жолмен кіруге күш салатынын айтады. "Мексика жолы өте қауіпті" деген Елдар да жұртты АҚШ–қа визамен заңды түрде келуге шақырады.

– [Мехикодағы] қонақ үйде бір қытайды жолықтырдым. Ол 6-7 ай бойы жүріп, жетіпті. Ол жол бойында [джунглиде] достарын жерлеген. Олар джунгли арқылы жол жүрген ғой. Ол жақта адамдар жоғалып кетіп жатады. Қытай жігіттің түрінен ұзақ жаяу жол жүргені байқалатын. Сондықтан [АҚШ–қа келудің] ең тиімді жолы — визамен, студенттік визамен келу, – деп аяқтады әңгімесін кейіпкеріміз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG