Германия канцлері Олаф Шольц 2 желтоқсанда Киевке сапарын аяқтап, X әлеуметтік желісінде Ресей президенті Владимир Путинге арнап пост жариялады.
"Путинге Киевтен жолдауым:
Біз ұзаққа барамыз. Украинаға қолдауымыз азаймайды. Украина халқын қанша қажет болса, сонша қолдаймыз", – деп жазды Шольц.
Одан алдын Украина президенті Владимир Зеленский Шольцтің жақында Путинге хабарласқанына разы емес екенін білдіріп, Батыстың басқа лидерлерін Ресей президентіне телефон соқпауға үндеді.
Шольцтің Киевке сапарын қорытындылаған баспасөз мәслихатында Зеленский Германия канцлерінің Ресей президентіне телефон шалу жоспары барын білгенін айтты, бірақ оның пікірінше, мұндай қоңыраулар "Украинаны мықты ете түспейді", тек "Путинді мойындау толқынын" бастайды.
Зеленский "кейбір мәселе бойынша" Шольцпен келіспейтін тұстар бар деп айтты.
"Taurus зымырандарын жеткізу мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз", – деді Украина президенті.
Кейін Олаф Шольц Германия Украинаға тағы бір IRIS-T деп аталатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін, Gepard атты өздігінен жүретін зенит қондырғылар мен Sea King деген тікұшақтар береді деп мәлімдеді. Канцлер алысқа ұшатын немістің Taurus зымырандарын жеткізу туралы ләм-мим деген жоқ. Бұған дейін ол Украинаға мұндай қару беруге үзілді-кесілді қарсы болып келген, оның пікірінше, бұл соғысты өршітіп жіберуі мүмкін.
Зеленский "Ресей соғысты тоқтату үшін не істеуі керек?" деген сұраққа: "Бізді өлтіріп жатқанын, ал біз өзімізді қорғап жатқанымызды, жоспарымыз өзгермегенін түсінгені жөн" деп жауап қатты.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Зеленскийдің не айтқанын естімегенін және Ресейде қазір "конструктивті күн тәртібі" екенін айтты.
Қарашада Олаф Шольц 2022 жылғы желтоқсаннан бері алғаш рет Владимир Путинге хабарласқан, Германия канцлері Ресей президентін Украина аумағынан әскерін шығарып, қақтығысты шешудің дипломатиялық жолын табуға шақырған еді. Қарашадағы телефон әңгімесі бір сағаттан астам уақытқа созылды. Ол бойынша пікір білдіргенде Шольц телефон соғып әңгімелесудің пайдасы жоқ деді.
ПІКІРЛЕР